Accessibility links

Электрондық күнделікке сын күшейді


Kundelik.kz сайтынан алынған скриншот.
Kundelik.kz сайтынан алынған скриншот.

Алматы облысындағы ауылдық мектепте электрондық күнделікті дұрыс толтырмағаны үшін директордың мұғалімдерге ескерту беруі әлеуметтік желіде ұстаздардың талқысына түсті. Мектеп әкімшілігі «ескертудің мұғалімдерге зардабы тимейді» дейді. Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен енгізілген электрондық күнделік жобасын сынаушы көбейіп отыр.

ТОҒЫЗ МҰҒАЛІМГЕ ЕСКЕРТУ ТУРАЛЫ БҰЙРЫҚ

Мұғалімдерге "Kundelik.kz" көмектесті ме?
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:57 0:00

Алматы облысы Жамбыл ауданының Қайназар ауылындағы №2 орта мектептің тоғыз мұғалімі электрондық күнделікті дұрыс толтырмағаны үшін директордан ескерту алған. Facebook әлеуметтік желісінде белсенді мұғалім Айман Сағидуллаева фотокөшірмесін жариялаған бұйрыққа мектеп директоры Салтанат Сулыбекованың атынан қол қойылып, мекеме мөрі басылған. Қарашаның 23-і күні шыққаны көрсетілген «Мұғалімдерге ескерту беру туралы» бұйрықтың нөмері көрсетілмеген. Сағидуллаева бұйрықты қайыра жариялап, ол жолғы жазбасын "Жамбыл ауданының әкімі мен білім бөлімінің басшысы" назарына да арнаған.

«2017-2018 оқу жылындағы «Kundelik.kz» электронный журналын дұрыс жүргізілмеуін басшылыққа ала отырып БҰЙЫРАМЫН» (құжатта осылай жазылған) деп басталатын бұйрықта технология, дене шынықтыру, тарих, физика, математика, бастауыш сынып және өзін-өзі тану пәндерінен сабақ беретін барлығы тоғыз мұғалімнің аты-жөні көрсетілген. Бұйрықтың орындалуына бақылау директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Ш.М.Нусупалиеваға жүктелген.

Азаттық хабарласқан Қайназар ауылындағы №2 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Шолпан Үсіпәлиева әлгіндей бұйрықтың шыққанын растады. Оның сөзінше, биылғы оқу жылында мектеп әкімшілігі мұғалімдерден «Күнделік» электрондық журналына баға қоюды талап ете бастаған.

Ескерту алған тоғыз мұғалім де «таныстық» деп қол қойып, (дұрыс жүргізбегендерімен) келісіп отыр. Бірақ (ескертудің) мұғалімдерге ешбір зияны жоқ.

- Мектепте мұғалімге барлық жағдай жасалған. Кең жолақты интернетке қосылғанбыз. Кей кабинетте [интернет байланысы – ред.] ұстамай қалатыны болмаса, әр кабинетте компьютер бар. Жаңа мектеп болғандықтан, талапты күшейтіп жатырмыз. Тәртіпке жүгіну керек. Ескерту алған тоғыз мұғалім де «таныстық» деп қол қойып, (дұрыс жүргізбегендерімен) келісіп отыр. Бірақ (ескертудің) мұғалімдерге ешбір зияны жоқ, - деді ол.

Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары «мектепте қазір қағаз журнал қолданылмайтындықтан электрондық журналды толтыруды талап етіп жатырмыз» дейді.

Азаттық тілшісі ескерту алған тоғыз ұстаздың екеуімен – өзін-өзі тану пәні мұғалімі Амангүл Сәдуақасова және физика пәнін оқытатын Бақыт Қадылмен сөйлесті. Мұғалімдер оларға «ескерту ешбір зиян тигізбегенін, директор мектепте барлық жағдайды жасап жатқанын» айтумен шектелді.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ СЫН

Қайназар ауылы №2 орта мектебі директорының бұйрығы Facebook әлеуметтік желісін қолданушылар арасында қызу талқыланды. Сын айтушылар электрондық күнделік пен журнал жүргізу барысында байқалған кемшілік-олқылықтарды атаған.

Facebook желісін қолданушы Jandos Zhumabek «Мектептерде интернет жоқ. Компьютерлер экспонат болып тұр. Бұлар жұмыс істеңдер дейді. Пародокс» деп жазған.

Meirzhan Temirbek есімді қолданушының пікртінше, «Әлі басы ашылып дұрыс бекітілмеген, Білім және ғылым министрлігі меншігіне де, үкіметке де, ешкімге бағынбайтын, жеке меншіктің күнделігі үшін, оның толтырылмағаны үшін сөгіс беру барып тұрған сорақылық!».

Қазақстан мектептірінің бірінде сабақ беріп тұрған мұғалім. (Көрнекі сурет)
Қазақстан мектептірінің бірінде сабақ беріп тұрған мұғалім. (Көрнекі сурет)

Тағы бір қолданушы Асем Сулеева өзін электрондық күнделік күн сайын әуре-сарсаңға салатынын айтыпты. Ол «Бізде демалыс жоқ. Күні-түні осы күнделікпен отырамыз. Біз де сөгіс істейміз. Түсініктеме жазасыңдар деп қорқытады. Мектепте жұмыс істегім келмей жүр» деп мұңын шаққан. Сонымен бірге ұстаз «ата-аналардың атынан 30 оқушыға күнделікке күнде кіреміз» деп жазған.

Акгул Жухан атты қолданушы да «күндіз-түні 2 журналмен əуреміз. Рейтинг бойынша қарап əр мұғалім бақыланып отырады. Сөгіс алмасақ та "ковёрға" шақырылып тұрамыз. Ұялы тел.бірліктің бəрін kundelik.kz үшін құрбан етеміз. Осылай қалқам қалін мұғалімнің сұрасаң» деп басындағы жағдаймен бөліскен.

Рамазан Нұрым есімді желі пайдаланушы: «...Ал осының бәрі осы жерде айтылады, Министрмен кездесуде бірі айтылмайды. Алдынан атып шығып "айыр тілде" сайратып қояды мұғалімдерді» деп кейіс білдірген.

Балғын Ерболқызы электрондық күнделік жобасы жұмысты көбейткеніне наразы. «Енді оқушылардың бағасын қойғаннан бөлек, күнтізбелік жоспарын жазып береді екен. Оны қағаз вариантына (мұғалім өз ақшасына сатып алған) принтерден шығарып, оған директор-завучке қол қойдырып, журнал ретінде тігіп қояды екен. Мынау бір масқара ғой» деп жазған ол.

Кей мұғалімдер электрондық күнделік жүргізгені үшін мұғалімдерге қосымша төлем қарастырылуы тиіс деген пікір білдірген.

МИНИСТРЛІК БАСТАМАСЫ

Қазақстан мектептерінде «Kundelik.kz» пилоттық жобасын іске асыру жөніндегі бұйрыққа Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев 2016 жылғы тамыздың 26-сында қол қойған. Бұйрыққа сәйкес, былтырғы оқу жылында жоба 4 мың мектепте қосылуы тиіс болған. Министрліктің Азаттыққа берген ресми жауабына қарағанда, қазір жобаны 4615 мектеп пайдаланады. Жүйеге жалпы саны 2,7 миллион пайдаланушы тіркелген. Олардың ішінде 206 843 мұғалім, 1 657 680 оқушы және 919 964 ата-ана бар деп хабарлады министрлік.

Биыл ақпанда өткен үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев электрондық күнделік жобасының артықшылықтарын атаған.

Қазақстан білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев (сол жақта). Сурет Қазақстан үкіметі сайтынан алынды.
Қазақстан білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев (сол жақта). Сурет Қазақстан үкіметі сайтынан алынды.

«Біз әрбір оқушының әр бағасын, үй тапсырмасын, оқытушының әрбір сабаққа қатысты жоспарын көре аламыз. Оны Білім және ғылым министрлігі, әкімдік, облыстық білім бөлімі, ата-аналар бақылап отырады» деп мәлімдеген министр. Оның сөзінше, жаңа жүйенің арқасында ұстаздарға «қағазбастылық, ақпаратты қос-қостан жазу қажеттігі болмайды. Мұғалімдерге түсетін салмақ едәуір жеңілдейді. Ата-аналар болса балаларының үлгерімін, әрбір бағасын, мектепке келуін, үй тапсырмасын, баланың білім қарқынын онлайн режимде бақылай алады».

«МҰҒАЛІМДЕРДІ САНДАЛТЫП ҚОЙДЫ»

Азаттық сөйлескен кей мұғалімдер Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев «қағазбастылықтан арылтады» деп уәде еткен жаңа жоба ақы төленбейтін жұмысты көбейткенін айтады. Министрлік болса «жобаға қатысты мұғалімдерден ешбір шағым түскен жоқ» деп хабарлады.

Шығыс Қазақстан облысының орталығынан 300 шақырым қашықта орналасқан Ақмектеп орта мектебінде информатика пәнінен сабақ беретін Мейіржан Темірбек «Kundelik.kz» жобасына баға қою туралы талап енгелі жұмыс ауырлап кетті» дейді. Оның сөзінше, қазір мұғалімдер 5-7 сыныптарға бекітілген оқытудың жаңа форматы міндеттейтін уақытша журнал, оған қоса қағаз және электрондық – барлығы үш журналды қатар толтырып жүр.

- Бізде жасы үлкен мұғалімдер көп. Олар электрондық журналды толтырарда «сен білесің ғой» деп жастарға салмақ салады, - дейді Мейіржан.

Оның айтуынша, кейбір әріптестері электрондық журнал толтырып, баға қою үшін интернеті бар өзге ауылдарға қатынауға мәжбүр болған.

- Біздің мектепте интернет бір кабинетте ғана бар. Оның өзі сабақ уақытында істемей қалады. Жылдамдығы түнгі 11-12-лерде бір-ақ көбейеді. Оған дейін кім күтіп отырады? Әуелгіде талап қойылған соң мұғалімдер 20-30 шақырымдағы интернеті бар ауылдарға қатынап жүрді. Кейін, мұғалімдер осылайша сандалып кеткен соң, аудандық білім бөлімі жылдам интернет қосылғанға дейін электрондық күнделікке баға қоюды уақытша тоқтата тұруға рұқсат берді, - дейді мұғалім.

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақмектеп ауылының мұғалімі Мейіржан Темірбек. Сурет оның Facebook парақшасынан алынды.
Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақмектеп ауылының мұғалімі Мейіржан Темірбек. Сурет оның Facebook парақшасынан алынды.

Азаттық тілшісі хабарласқан Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Сайрангүл Жұмаділова «электрондық күнделік жобасы еш жерде тоқтатылған жоқ» деп хабарлады.

- Тоқтатылды деп кім айтты? Білім және ғылым министрінің бұйрығына енген облыстағы мектептің 59 пайызы «Күнделік» жобасына қосылған. Және интернеті жақсы істейтін қала мен аудан мектептері ғана кірген. - деді басқарма басшысының орынбасары.

Ақмектеп орта мектебіндегі жағдайға қатысты Азаттық тілшісінің сауалына жауабында Сайрангүл Жұмаділова ол мекеме «Күнделік» жобасы енгізілуі тиіс тізімде барын» жеткізді.

- Жобаға қосылған мектептер тізімінде болғандықтан ол жерде интернет болмауы мүмкін емес. Жобаға интернеті болған соң қосылып отыр, - деді шенеунік.

...толтырмасақ бәле болар деп бағаны екі журналға да қойып жатырмыз. Интернет бізде информатика кабинетінде ғана бар. Екі-үш күн сайын немесе аптасына бір рет қағаз журналдағы бағаларды электрондық нұсқасына қойып тастаймыз.

Кейін Азаттық тілшісі қайыра хабарласқан Мейіржан Темірбек өзін «мектепте интернет жоғын айтқаны үшін түсініктеме жазуға мәжбүрлегенін» айтты.

Электрондық күнделік жобасы басталғалы жұмыс көбейгенін Азаттық сөйлескен Шымкент қаласындағы бір мектептің директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары (аты-жөнін атағысы келмеді) да растады.

- Қала мектептерінің барлығын электрондық күнделікке баға қоюға міндеттегендіктен, толтырмасақ бәле болар деп бағаны екі журналға да қойып жатырмыз. Интернет бізде информатика кабинетінде ғана бар. Екі-үш күн сайын немесе аптасына бір рет қағаз журналдағы бағаларды электрондық нұсқасына қойып тастаймыз, - дейді ол.

«РЕЙТИНГ ҮШІН КІРЕМІЗ»

Шымкенттегі мектеп мұғалімдерінің бірі электрондық күнделік жобасына ата-аналардың да, ұстаздардың да әлі толық үйрене алмай жатқанын айтады.

- Өзім сабақ беретін сыныптағы балалардың көбінің үйінде интернет жоқ. Сыныптағы отызға жуық баланың тек төрт-бесеуінің үйінде ғана интернет бар. Көбінің отбасында әлеуметтік жағдайы нашар болған соң «интернетке кіріп, балаңыздың бағасын көріңіз» деп айту да қиын, - дейді мұғалім.

Оңтүстік Қазақстан білім басқармасының бас маманы Мөлдір Қилыбаева мұндай проблеманың барымен келіседі. Оның айтуынша, ата-аналардың электронды күнделікке кіру көрсеткішінің төмен болуы жекелеген облыс емес, тұтастай республикаға тән құбылыс.

- Облыстағы 1029 мектептің 710-ы порталға тіркелген. Бірақ оның бәрі белсенді жұмыс істеп жатыр дей алмаймын. Бірінде интернет, бірінде компьютер дегендей – материалдық базасы жеткілікті емес. 2019 жылға дейін барлығы кең жолақты интернетке қосылуы тиіс, - дейді басқарма өкілі.

Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда орта есеппен он оқушыға бір компьютерден тиеді. Сонымен бірге интернет пен компьютер тапшылығын көрмейтін мектептер де бар. Шымкенттегі Назарбаев зияткерлік мектептерінің бірінде 12-сыныпта оқитын Айым (есімі өтініші бойынша өзгертілді – ред.) электрондық күнделікті еркін қолданып жүргендерін айтады.

- Басқа мектептер күнде кіріп жүреді ғой, ал біздің оқыту жүйеміз бойынша, электрондық күнделікке тек тоқсандық баға қойылады. Сол кезде бір рет кіріп көреміз. Мектепте интернет бүкіл кабинетте бар. Ортақ сервер арқылы мектепке толықтай Wi-Fi таратылады, - дейді ол.

Алматы қаласындағы мектептердің бірінде оқитын Нұржанның (аты өзгертілді – ред.) айтуынша, ол электрондық күнделікті жиі қолданбайды.

- Оқушылардың kundelik.kz жобасына кіру көрсеткіші бойынша мектеп аралық рейтинг жасалады. Мектеп оқушылары аз кіріп жатса, бізге «рейтинг төмен, кіріңдер» дейді. Сол кезде ғана кіреміз. Үй жұмыстарын ол жақтан (электрондық күнделіктен – ред.) көрмейміз. Апайлар кейде толық жазбайды, - дейді ол.

Орта мектептің 8-ші және 9-сынып оқушыларының анасы Мәдина Әбдіраимова жоба басталғалы бері электрондық журналға кірмегенін, тек сынып жетекшісі ата-ананың кіру көрсеткіші төмен екенін айтып хабарласқанда «өз атынан балаларының кіріп-шығатынын» айтады.

Биылғы ақпанда Білім және ғылым министрлігі әлеуметтік желідегі ресми парақшасында электрондық күнделік пен журналды сынап көрген мектептер арасында сауалнама жүргізілгені туралы хабарлаған болатын. Оның қорытындысына сәйкес, «сауалнамаға қатысқан 1500-ге жуық адамның 70 пайызы жобаны өз мектептерінде енгізуге қолдау білдіріп, 78 пайызы бұл жоба бұрын-соңды қолданыста болған өзге электрондық күнделіктер мен журналдар арасынан ең ыңғайлысы екенін айтқан» дейді министрлік.

XS
SM
MD
LG