Accessibility links

Гранитный түрмесі тағы бір дүрбелеңге түсті


Гранитный түрмесінің маңы. Ақмаола облысы, 13 тамыз 2010 жыл
Гранитный түрмесінің маңы. Ақмаола облысы, 13 тамыз 2010 жыл

Ақмола облысындағы түзету мекемесінің бірінде бірнеше жазасын өтеуші «колония қызметкеріне қарсылық көрсеткені үшін» айып изоляторына қамалды.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіндегілердің сөзінше, сотталушылар тәртіпке бағынбай, қарсылық көрсеткен. Алайда, құқыққорғаушылар бұған қатысты басқа пікір айтып отыр.

КОЛОНИЯДАҒЫ «ТӨБЕЛЕС»

Қазақстан әділет министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Ақмола облысының Гранитный кентінде орналасқан ЕЦ-166/25 15 мекемесінде сотталған екі азамат колония қызметкеріне қарсылық көрсеткені үшін айып изоляторына 15 тәулікке қамалған.

Бұл туралы дүйсенбі, наурыздың 14-і күні комитеттің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта айтылды. Ресми хабар бойынша жалпы тәртіптегі колониядағы бұл төтенше жағдай наурыздың 10-і күні, колония қызметкерлері мекеме ішін тексеріп жүргенде туған.

«Түнгі сағат 12-де жеке заттар сақтайтын бөлмеде 5 сотталған азамат табылған, олар бұл уақытта ұйықтайтын бөлмеде болуға тиіс. Тексеру кезінде олардың біреуінің қалтасынан ұялы телефон табылды. Аппаратты талап еткен офицерді сотталғандардың біреуі жұдырықпен ұра бастаған. Көмекке келген жасақ сотталғандарды тыныштандыра алды, төбелесте екі жақ та жарақат алған», – дейді Азаттыққа Ақмола облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз хатшысы Ирина Горнова.

АНАНЫҢ УАЙЫМЫ

Айып изоляторында отырған сотталғандардың бірі Антон Мусиев. Азаттыққа түсініктеме берген оның анасы Надежда Ющенко ұлының ауыр халде жатқандығы туралы хабар өткен жұма күні түскендігін айтады.

- Маған оқиғаны өз көзімен көргендер телефонмен хабарлап айтты. Ол жақтан этаппен сотталушылар күн сайын дерлік келіп-кетіп жатады ғой. Олар маған «Толиктің жағдайы өте нашар, сіз колонияға өзіңіз емес, прокурар немесе құқық қорғаушылармен барыңыз, ұлыңызға көмегіңіз қажет» деді, - дейді радиомызға сотталушының анасы Надежда Ющенко.

Ол өткен жұма, наурыздың 11-нен бастап колонияға барып, ұлын көрмек болған. Алайда, ұлының айып изоляторында екендігін айтқан колония басшылығы оларды кездестірмеген. Содан кейін ол Көкшетаудағы прокуратураға барған. Алайда ол жерде де ананың арызына құлақ асқан ешкім болмаған.

Ал сотталушылардың құқығын қорғаушы ретінде танылып жүрген Вадим Курамшиннің айтуынша, сотталғандар расында да телефонмен ұсталған. Алайда ешқандай қарсылық көрсетпеген көрінеді.

- Жазасын өтеушілер тарапынан ешқандай қарсылық болмағандығына қарамастан, колония қызметкерлері сотталушыларды барлығының көзінше итше тепкілеп, ұрып-соққан. Басқаларға сабақ болсын деген ғой, - дейді Вадим Курамшин.

Сотталған Антон Мусиевтың анасы Надежда Ющенко ұлының жағдайы расында да тым нашар болуы мүмкін екенін айтып уайымдайды.

- Олай болмағанда ұлыммен кездестіруші еді, - дейді Надежда Ющенко.

Ал қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің ақпараты бойынша, сотталған бес азаматтың екеуі аға лейтенантқа қарсылық көрсеткен. Айып изоляторына қамалғандардың ісін Ақмола облысы Зеренді аудандық ішкі істер бөлімшесі жүргізеді.
XS
SM
MD
LG