Accessibility links

Бензиннің қымбаттауын түрліше түсіндіру бар


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Антимонополиялық агенттік Қазақстанда бензиннің қымбаттауын әлемде мұнай бағасының өсуімен байланыстырады. Ал Батыстың кейбір елдерінде бензин керісінше арзандады.

Қазақстанда бір литр АИ-92 маркалы бензиннің бағасы қазанның 25-інен бастап 110 теңгеден 115 теңгеге дейін өсті. Ал басқа маркалы бензиннің бағасы өзгерген жоқ. Табиғи монополияларды реттеу агенттігі (антимонополиялық агенттік) мұны әлемде мұнайдың Brent түрінің бағасы мен мұнай өнімдерін темір жолмен тасымалдау тарифтерінің өсуімен байланыстырады.

Автокөлік иелерінің көбі бағаның өсуіне қатысты бұл уәжге сенбейді. Олар мұнай өндіруші басқа елдерде мемлекеттің қаржыландыруы арқасында бензиннің бағасы арзан екенін мысалға келтіреді. Бензин бағасы әлемнің басқа елдеріне қарағанда, мұнай өндіруші және эспорттаушылар ұйымына (ОПЕК) кіретін елдерде арзан.

Ирактағы жанар-жағармай бекеті. 2012 жылдың қазаны. (Көрнекі сурет)
Ирактағы жанар-жағармай бекеті. 2012 жылдың қазаны. (Көрнекі сурет)
Мысалы, Bloomberg агенттігінің рейтингі бойынша, егер АҚШ-та бір литр бензин 0,87 доллар тұрса, Сауд Арабиясы мен Кувейтте 0,12-0,21 доллар, ал Венесуэлада небәрі бір жарым цент шамасында. АИ-92 маркалы бензиннің қазіргі құнын долларға шаққанда 75 центтей болады.

Қазақстан билігінің уәжімен кейбір сарапшылар да келіспейді. OilNews.kz порталының бас редакторы Сергей Смирнов «Бензин бәйгесі» деген мақаласында антимонополиялық агенттіктің мұнай бағасы туралы ойларын «күмілжи айтылған уәжге» теңейді. Оның айтуынша, мұнайдың әлемдегі бағасы жыл басынан бері көтерілген жоқ, тіпті аздап арзандаған. Ал транспорттық тарифтерге қатысты «Егер тарифтер жыл басында өссе, агенттік бұған дейін қайда қараған? Тарифтердің өсуі неліктен бензиннің бір түрінің қымбаттауына ғана әсер етті?» деген сұрақ қояды. Сергей Смирнов бензин бағасының өсуіне әсер еткен нарықтағы монополия мен мұнай өңдеу деңгейінің төмендігі сияқты екі факторды атайды.

Болжау және талдау орталығының кеңесшісі Данияр Бәйкенов те онымен ішінара келіседі:

- Бензин неге қымбаттайды? Елдегі мұнай өңдейтін үш зауыттың біреуі де жобада көрсетілген толық қуатымен жұмыс істемегендіктен, нарықта тапшылық пайда болды. Оның үстіне, ішкі бағаға Ресейдегі жағдайдың да әсері бар, өйткені біздің көп компаниямыз бензинді сол жақтан сатып алады, - дейді ол Азаттық тілшісіне.

Жанар-жағармай бекеті. Қазақстан, 28 қазан 2008 жыл. (Көрнекі сурет)
Жанар-жағармай бекеті. Қазақстан, 28 қазан 2008 жыл. (Көрнекі сурет)
Батыс елдерінің кейбірінде бензин соңғы апталарда керісінше арзандап кетті. Ол жақта да мұны әлемдік нарықта мұнайдың арзандауымен байланыстырады. Мысалы, АҚШ-та жыл басынан бері бензиннің бағасы ең төменгі межеге жетті. Petrol.cz сайты «Чехияда бензин бесінші апта қатарынан арзандап жатыр» деп жазады. Өзінің мұнай қоры жоқ Чехия Еуропаның басқа елдері сияқты мұнай мен газды сырттан әкеледі. Әлемде мұнай бағасы түскен кезде мұнай өңдеуші зауыттарға арзан мұнай көп келеді де, бензинді тұтыну азайып, баға арзандайды. Нақты нарықтық экономика осылай жұмыс істейді. Қазір Чехияда жеңіл көліктердің көбі құятын Natural 95 маркалы бензиннің бір литрі 36 крона тұрады. Долларға шаққанда – 1 доллар 90 цент. Бензиннің бұл маркасының бір литрі осыдан бір жарым ай бұрын 39 крона болған еді. Кейбір тауарлардың бағасы бензинмен бірге арзандайды немесе тұтыну тауарларының бағасының баяу өсуі тоқтайды.

Еуропа елдерінде баға деңгейін азаматтық белсенділер мен ақпарат құралдары да бақылап отырады. Мысалы Чехияда аймақтардағы баға деңгейін онлайн-режимде бақылап, қандай бекеттерде бензин құю арзан екенін көлік жүргізушілерге хабарлап отыратын веб-сайттар бар. Бір-бірімен бәсекелес жанармай бекеттері белгілі уақыт ішінде белгілі бір бензин көлемін сатып алатын тұрақты клиенттеріне түрлі жеңілдіктер ұсынып, оларға спорттық рюкзак, спорт костюмі сияқты қымбат сыйлықтар жасайды.
XS
SM
MD
LG