Accessibility links

Тәуелсіз Қазақстандағы тапсырыспен жасалған алғашқы қастандық


Қарметкомбинаттың бас директоры Александр Свичинскийдің бейіті. Теміртау, 6 қыркүйек 2016 жыл.
Қарметкомбинаттың бас директоры Александр Свичинскийдің бейіті. Теміртау, 6 қыркүйек 2016 жыл.

1992 жылы Қарметкомбинат директоры Александр Свичинскийге жасалған қастандық тәуелсіз Қазақстандағы алғашқы арнайы тапсырыспен кісі өлтіру болды. Қастандықты «тұрмыстық сипаттағы қылмыс» деп түсіндірді, көп ұзамай Қарметкомбинат қожайындары ауыса бастады.

Қарапайым слесарьдан (темір ұстасы) Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы ҚарМеттің бас директорлығына дейін өрлеп, 1992 жылдың күзінде Ресейге кетіп, ол жақта вице-премьер болған Олег Сосковецтің орнына келген Александр Свичинский комбинатты 1991 жылғы сәуірден 1992 жылғы желтоқсанға дейін басқарды. Александр Свичинскийді экономика құлдыраған тұста тәуелсіздік алып, іле-шала жекешелендіру легі басталып кеткен Қазақстандағы ең ірі металлургиялық комбинаттың кіре берісінде өлтіріп кетті. Свичинскийдің қазасынан кейін банкротқа ұшыраған Қармет (қазіргі «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамы) қолдан қолға өтіп, жұмысшылар саны едәуір қысқарды.

Полиция Александр Свичинскийге жасалған қастандықты «тұрмыстық сипаттағы қылмыс» деп санайды.

«ШАРУАҒА МЫҚТЫ АДАМ»

Александр Свичинскийді «шаруаға мықты адам» деп атайтын. Ол жұмыс істеген жылдары Теміртау қаласында ҚарМет қызметкерлері үшін 10-нан аса коттедж бен осы шамада көп пәтерлі үйлер салынды. Қараусыз қалған үйлер де жөнделді. Қысқы бақ, комбинат қызметкерлерінің балаларына арналған балалар мен жасөспірімдер орталығы, гимназия салынды. Саяжай серіктестігі ұйымдастырылды. Комбинатқа қарайтын совхоздардың егістік алқаптарына қарақұмық, бидай егіліп; шошқа, сиыр қоралар салынды, қаз, жылқы өсірілді.

Свичинский шаруаға мықты адам болатын, тіпті жиналыста совхоздардың жайын күнделікті сұрап отыратын, біз қанша сүт сауылғанына дейін жауапты болдық. Кәсіподақ комитеті мүшелері мен әлеуметтік қамсыздандыруға жауапты адамдар оны қолдайтын, ал «технарьлар» әуелі өндіріске көңіл бөлу керек, әркім өз жұмысымен айналысқаны жөн деп санайтын. Соның кесірінен біраз түсінбестік те туған. Ол принципіне берік адам болатын, мұнысы көп адамға ұнамайтын. Оны өштесіп өлтірді. Бірақ ол заманның қандай қиын болғанын ескерсек, ол кісі қызметкерлер мен олардың бала-шағасына көп қарайласты, - дейді бұрынғы цех басшыларының бірі Владимир И. Азаттыққа.

Қарметкомбинат жұмысшыларына арнап Свичинский салдырған үй. Теміртау, 6 қыркүйек 2016 жыл.
Қарметкомбинат жұмысшыларына арнап Свичинский салдырған үй. Теміртау, 6 қыркүйек 2016 жыл.

Елді дағдарыс жайлап, дүкен сөрелері бос қалған тұста ҚарМет қызметкерлері үйіне азық-түлікке толы сөмкемен кететін әрі аш отырған көршілерімен бөлісетін. Теміртауға тапшы тауар іздеп тіпті көрші қалалардың тұрғындары да келетін. 28 жыл кәсіподақ комитеті төрайымы болған Люция Янкина Азаттыққа:

- Комбинатта тіпті нан да пісіретін. Бартер басталған кезде металлға айырбас жайлы келісім-шарты жасалып, комбинатқа бүкіл одақтан (СССР) азық-түлік әкелетін. Оларды өзім де талай түсіріп алып, таратқанмын. Кейін жұртқа мотоцикл, мотоблоктар әкеліп берді. Содан кейін Түркиямен киім-кешек жеткізу туралы шарт жасалды. Бізде үлкен сауда үйі бар болатын, - дейді.

Қолма-қол ақша мүлде қат болған тұста - шамамен 1992 жылы комбинатта зауыт жұмысшылары «свинчинка» деп атап кеткен ҚарМет купондары шығарылды. Олармен комбинат асханаларында, тіпті көпшілік тамақтанатын орындарда есеп айырысуға болатын. «Свинчинкалар» Александр Свичинскийдің қазасынан кейін де біраз уақыт айналымда болған.

АЛҒАШҚЫ АРНАЙЫ ТАПСЫРЫСПЕН КІСІ ӨЛТІРУ

Александр Свичинскийге жасалған атышулы қастандық тәуелсіз Қазақстан тарихында алғашқы арнайы тапсырыспен кісі өлтіру болды. Свичинскийді 1992 жылғы желтоқсанның 28-і күні Теміртауда зауыт басқармасы табалдырығы түбінде өлтіріп кетті. Кісі өлтіруші шолақ мылтықтан оны желкесінен атып, қашып кеткен. Істі тексеруді Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз бақылауына алды. Арнайы тапсырыспен жасалған қастандықты тексеру жұмыстарын қылмыстық іздестіру тобының тәжірибелі офицері Ғабдырақым Меңдешев жүргізді.

"АрселорМиттал Темиртау" цехтарының бірі. Теміртау, 25 сәуір 2013 жыл.
"АрселорМиттал Темиртау" цехтарының бірі. Теміртау, 25 сәуір 2013 жыл.

Ертеректе Voxpopuli.kz сайтына берген сұхбатында Ғабдырақым Меңдешев «Дереккөз бізге комбинат цехы бастықтарының бірінің Суров деген көлік жүргізушісі достарымен мейрамханада отырғанда жаңа директорға наразы екенін айтып, одан өш аламын дегенін хабарлады. Әлгі адам «Қарметтің» бұрынғы директорының сәл ертеректе марқұм Свичинский қызметінен төмендеткен орынбасарына жұмыс істейтіні анықталды. Жүргізушіні ұстадық. Үйінің жертөлесінен шолақ мылтық пен қылмыскерлер қашып кеткен «Запорожец» көлігі табылды. Ұсталған адам үш күннен кейін қастандықтың қалай жасалғанын толық айтып берді. Бастығы оған Свичинскийдің көзін жоюға келісетін адамдарды табуды тапсырған. Суров Теміртауға қосалқы бөлшектер сатуға келген үш литвалықпен қонақүйде танысқан. Әлгі үшеуі белгілі бір сомаға тапсырысты орындауға келіскен» деген еді.

Сот процестері Қазақстан мен Литвада өтті. Қастандыққа тапсырыс беруші және орындаушы деп танылған Борис Тимофеев пен Альгирдас Забюленасату жазасына кесілді. Юозас Микенас пен Михаил Чернов екеуі 10 және 12 жылға сотталды. Көлік жүргізуші Виктор Суров бес жылға түрмеге кесілді. Бірақ «қастандық комбинатты жекешелендіру, қол қойылған келісім-шарттарға байланысты жасалуы мүмкін» деген болжамдар көпке дейін айтылып жүрді.

Ол кісінің орасан зор жоспарлары болды. Ол бүкіл шаруаны қамтығысы келіп жанталасты, бірақ мұнысы біреулерге ұнамады.

- Ол кісінің орасан зор жоспарлары болды. Ол бүкіл шаруаны қамтығысы келіп жанталасты, бірақ мұнысы біреулерге ұнамады. Оның талапшыл, кейде тіпті бірбеткей мінезі біреулерге жақпады, өйткені ол кісіге қаншама шаруа қарап тұрды, ал мұндай кезде жұрттың бәріне жаға алмайсың ғой. Бірақ онымен ымыраға келуге болатын. Ол жаңа формацияның адамы, мықты адам болатын. Қаншама экономикалық тауқыметті, қиындықты еңсерді. Ол кез келген шаруаға батыл кірісіп кетуші еді. Оны Нұрсұлтан Назарбаев көп қолдады, - дейді Люция Янкина.

«ГЕНЕРАЛДЫҢ» ҚАЗАСЫНАН КЕЙІНГІ ҚАРМЕТКОМБИНАТ

Александр Свичинскийге жасалған қастандық туралы хабар ол басқарған кезде 30 мыңға жуық адам жұмыс істеген әрі елдегі ең үздік кәсіпорындардың бірі саналған ҚарМетте көп адамды есеңгіретіп тастады.

- Жұрт әуелі дағдарып қалды, сосын комбинатты бөліске салу басталды, директорлар бірінен кейін бірі ауысып жатты, дағдарыс қысып, комбинат қисапсыз қарызға батты (1995 жылы кәсіпорынның қарызы 300 миллион доллардан асқаны жарияланған. – Авт.). Оның қазасынан алты ай өткенде бартер жүйесі тоқтап, өндіріске ғана көңіл бөлінді, - дейді Люция Янкина.

Теміртаудағы металлургтер ескерткіші. 5 маусым 2015 жыл.
Теміртаудағы металлургтер ескерткіші. 5 маусым 2015 жыл.

Свичинскийдің қазасынан кейінгі үш жылда комбинатта бес басшы ауысты. 1995 жылы тұңғыш қазақстандық ресми миллиардер болуды армандаған алматылық топ-бизнесмен Болат Әбіловтің де ҚарМетті сатып алу жоспары болған. Оның «Бутя» деген фирмасы мен австриялық «Фест-Альпине интертрейдинг» компаниясы бірлескен инвестиция салуды жоспарлап, тендерді ұтып алған және комбинатты басқаруға енді кірісе бергенде, үкімет олардан бас тартты. Тағы бір жанжал шықты, бірақ үкімет ҚарМетті әуелі израильдік «Израэл корпорейшн» қаржы-өнеркәсіп тобы мен оның америкалық әріптестеріне сатуды ұйғарды, ал «әділетсіз жекешелендіруге» қатысты жанжал шыққаннан кейін ҚарМет 1995 жылы үндістандық «Испат» фирмасы иелігіне өтті.

Жұмысшы адамға деген қарым-қатынас та өзгерді. Бұрын қыздардың бәрі металлургке тұрмысқа шыққысы келетін.

- Бізді Миттал алғаннан кейін аздап қимылдап, ептеп ес жия бастадық. Бірақ өндірісті де жүргізіп, жұрттың әлеуметтік жағдайын да жасайтын ондай басшы, ондай адам содан кейін болған жоқ. Жұмысшы адамға деген қарым-қатынас та өзгерді. Бұрын қыздардың бәрі металлургке тұрмысқа шыққысы келетін, - дейді Люция Янкина Азаттыққа.

Кейінгі жылдары комбинат жұмысшыларының саны қысқарып жатыр. 2015 жылы 13 мыңға жуық адам қысқарып, бұл үрдіс 2016 жылы жалғасты. Металлургтер, шахтерлер мен олардың кәсіподақтары жалақы деңгейіне, штатты қысқарту, «еңбекті жалға алу» жүйесіне көшуге қатысты талай рет наразылық танытқан. Астана күні қарсаңында Теміртауға барған ресейлік саясаткер - ҚарМеттің бұрынғы директоры Олег Сосковец те бұл мәселеге қатысты пікірін айтқан болатын. Баспасөзге берген сұхбатында ол «бұл – қожайыны пайда болған көптеген кәсіпорындардың проблемасы» деген еді.

СВИЧИНСКИЙДІ ЕСКЕ СИРЕК АЛАДЫ

Ертеректе қаланың кей тұрғындары Теміртау қаласы тарихында Александр Свичинскийдің есімін мәңгі қалдыру мәселесін қарауды сұраған. Қазір оны сирек еске алады.

- Свичинский ауыл шаруашылығын дамытты. Ол кісі жұмыс істеген жылдары біздің совхозда жүздеген жылқы, сиыр, шошқа болған еді, фермерлік базалар салынды. Жаңа трактор, комбайн, КамАЗ-дар сатып әперді. Ол кісі бізге наубайхана да салып берген. Оны өлтіргеннен кейін КамАЗ-дар жоғала бастады, жылқыдан да түк қалмады, базаларды жауып тастады. Жұртқа әлдебір ескі-құсқы техниканы ғана таратып берді. Ал жаңа техниканың қайда кеткенін білмейміз, - дейді бұрын Осакаров ауданында тұрған зейнеткер Елизавета Кузнецова.

Александр Свичинскийді өлтіргеннен кейін Теміртауда оның анасы, мұғалім болып жұмыс істейтін әйелі және екі ұлы қалған. Олардың қазіргі өмірі туралы отбасымен жақын араласатын жандар ғана біледі. «ҚарМеттің» марқұм «генералының» отбасымен хабарласу мүмкін болмады. Марқұмның жесірі тұратын үйдің кезекшісі «Свичинскийдің отбасын ешкім сұрамағанына көп болып еді» дегенімен, телефон нөміріне хабарласуды сұраған журналист өтінішін оларға жеткізуге келісті. Мақала жарияланған сәтке дейін Александр Свичинскийдің туыстарынан қоңырау түспеді.

XS
SM
MD
LG