Accessibility links

Пойыздағы балық сатушылар


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.
Мәскеу-Бішкек бағытындағы №18 жолаушылар пойызына Ақтөбе станциясынан мінген, жіпке тізілген балықты білектеріне іліп алған бір топ әйел қас қарайғанша вагондарды ерсілі-қарсылы аралап, тыным тапқан жоқ.

Есігі жабық купелердің тұсына келгенде балық сатушылар дауыстарын зорайта түседі.

– Балық! Балық алыңыздар. Ысталған балық! – дейді олар қазақ және орыс тілдерінде.

«БІР САЗАН – МЫҢ ЖАРЫМ ТЕҢГЕ»

Әйелдердің сатып жүргендері – негізінен ақбалық. Ішінара мөңке мен сазан да кезігіп қалды.
Ақтөбе стансасының көрінісі. 12 желтоқсан 2012 жыл Ақтөбе қаласы.
Ақтөбе стансасының көрінісі. 12 желтоқсан 2012 жыл Ақтөбе қаласы.

Жол бойы сыра ішіп отырған қырғыз жігіті «Мынауыңыз қаншадан?» деп сұрап еді, күрек тістерін алтындап тастаған егделеу әйел тұрқы 50 сантиметрдей болатын ысталған сазанға мың жарым теңге сұрады. Сатып алушының қымбатсынып отырғанын аңғарған бойда ол «балықтың жақсысы – осы» деп, сазаннан анағұрлым кіші екі ақбалықты бір мың теңгеге беріп кетті.

– Ресейдегі жұмыс берушім демалыс күндері балық аулап, оны ыстағанды ұнатушы еді. Талай рет қол ұшын да бергенмін. Ол «дұрыс ысталған балықтың реңкі алтын түстес қанық болуы тиіс» деп отыратын. Мына балықтың қабыршағы ала-құла емес, біркелкі екен, – дейді өзін «Таалайбекпін» деп таныстырған жігіт.

Таалайбектің жанындағы жас келіншек мұрнын қол орамалымен басып, тыжырынып отырды.

– Жол үстінде ешқашан ештеңе сатып алмауға тырысамын. Ана балықты кімнің, қандай жағдайда дайындағанын ешкім де білмейді. Жалпы, пойызда кім көрінгеннің сауда жасауына тыйым салу керек, – деді мектеп жасындағы ұлы мен өзінің қолын әлсін-әлсін сабындап жуып отырған жас әйел.

22 САҒАТТЫҚ ЖҰМЫС

Қолы тілім-тілім қараторы қазақ келіншек «пойыздың үстінде жетіскеннен жүргеніміз жоқ» деді. Оның сөзіне қарағанда, білегін шортан тілгілеп тастаған.

– Ысталған шортанның тісі қолыңнан қол қоймайды. Оны алып жүру – ала бейнет. Аралдан алып шыққан он шақты шортаным бар еді. Әрең тауыстым, – деп купелерге қарсы жиналмалы орындықтың біріне жайғасқан сатушы әйел есімі Айжан екенін айтты.

«Діңкем құрып барады» деген Айжан Азаттық тілшісімен әңгімелесуге құлық танытпады.
"Ақтөбе-Алматы" жолаушылар пойызының купесінде ойнап отырған балалар. Ақтөбе, 17 маусым 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
"Ақтөбе-Алматы" жолаушылар пойызының купесінде ойнап отырған балалар. Ақтөбе, 17 маусым 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Ал қимылы ширақ, көзі күліп тұрған апайдың есімі Нәсипа екен. Өзінің айтуынша, Қызылорда облысы Арал қаласындағы ауруханалардың бірінде ұзақ жылдар бойы санитар болып жұмыс істеген.

– 1998 жылы бала санымен зейнет демалысына шықтым. Зейнетақым 30 мың теңгеге де жетпейді. Қара басымды қайтсем де асырар едім. Қолымдағы ұлымның үш баласы бар. Келін-баламның айлығы шайлығына жетпейді. Ал немерелерімнің сұранысы күнбе-күн өсіп келеді. Пайғамбар жасынан асқанда пойыздың үстінде ерсілі-қарсылы сол немерелерім үшін жүрмін, – дейді 64 жастағы Нәсипа Әлібекова.

Нәсипа апайдың Арал мен Ақтөбенің арасындағы барып қайтуы 22 сағаттық жолда жүргеніне көп жыл болыпты.

– Зейнеткерлікке шыққалы бергі негізгі кәсібім – осы. Ал бұрын пойызға жұмыстың арасында шығып жүрдім, – дейді ол.

Ол кісі Аралда жұмыс жағы қиын екенін, әсіресе «екі қолына бір күрек таппай сенделіп жүрген жастарды аяйтынын» айтты.

– Менің екі қызымның бірі мұғалімдік оқуды бітірген еді. Тапқаны "жарты ставкілік" жұмыс болды. «Мектептен ай сайын алатын сол 10 мыңды Арал мен Ақтөбенің арасында бір күн жүріп-ақ табамын» деп, қызым мұғалімдікті тастап кетті. Ол да осы пойызда, – дейді Нәсипа апай.

«БАЛЫҚ – ЫРҒЫЗДІКІ, ЖАРНАМАСЫ – АРАЛДІКІ»

Нәсипа апай мен өзге де балық сатушы әйелдер Ақтөбеге «Ташкент-Харьков» бағытындағы пойызбен жетеді екен. Айтуларынша, қайтар жолда оларға «Мәскеу-Бішкек» бағытындағы №18 пойыз ыңғайлы.
Ырғыз өзенінен ауланған балық. Фотоны Азаттыққа Динара Тәңірбергенова жіберген. (Көрнекі сурет)
Ырғыз өзенінен ауланған балық. Фотоны Азаттыққа Динара Тәңірбергенова жіберген. (Көрнекі сурет)

– Қырғыздар мен өзбектер сауданың жайына қанық. Содан да болар, қырғыз және өзбек пойыздарының жолсеріктері бізге ешқашан қарсылық білдірген емес. Жергілікті пойыздар жайлы айтар болсам, маңғыстаулық жолсеріктер жақсы. Кейде Ақтөбеге жетпей, Қандыағаш стансасынан түсіп қалып, Алматыны бетке алған Маңғыстаудың пойызына отырамыз, – дейді Нәсипа Әлібекова.

Азаттық тілшісінің «Қолыңыздағы балық қымбат емес пе?» деген сауалына Нәсипа апай шамданып қалды.

– Айналайын-ау, теңіз жағалаудан жүздеген шақырымға қашықтап кеткелі Аралда балық жоқ. Ұлым мына балықтың бәрін ескі көлігімен Ақтөбенің Ырғызынан тасиды. Ырғыз Ақтөбеден гөрі Аралға жақын. Күнкөрістің қамын ойлап, сатып алушыларға «Аралдың балығы» дейміз. «Мата даңқымен бөз өтедінің» кері ғой баяғы. Ырғыз бен Аралдың ортасындағы жол шығыны бар, ол балықты балаша баптап, ағаш жаңқасына ыстау керек. Ол аз болса, міне, ас жоқ, су жоқ, ұзақты күн пойыздың үстінде жүрміз. Сөйткен балық неге арзан болуы керек? – дейді Нәсипа Әлібекова.

Қазақ балық шаруашылығы институтының бас директоры Қуаныш Исбековтің айтуынша, Қазақстанда балық өндіру 1990 жылдардағыдан 30 есеге кеміген. Бұны ол 2012 жылы наурызда мәлім етті.

Ал Қазақстанның статистика агенттігі қыркүйек айында таратқан ресми ақпарат бойынша, Қазақстандағы жұмыссыздар - 475 мың 300 адам. Бұл - жұмысқа жарамды халықтың 5,3 пайызы. Есепке алынбаған жасырын жұмыссыздар - халықтың 0,6 пайызы.

2012 жылдың наурызында Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов «2 миллион 700 мың адам өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр» деді (өз бетімен тауар өндіру, сату және қызмет ету арқылы табыс табушыларды айтады - ред.)
Өгіз жегіп, қамыс шабуға кетіп бара жатқан Белқопа ауылының тұрғыны. Ақтөбе облысы, Белқопа ауылы,19 ақпан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Өгіз жегіп, қамыс шабуға кетіп бара жатқан Белқопа ауылының тұрғыны. Ақтөбе облысы, Белқопа ауылы,19 ақпан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

2011 жылы ақпан айында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде өткен мәжілісте сол кездегі Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов: «Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар - 2 миллион 700 мың адам (оның 1 миллион 300 мыңы жеке шаруашылықтарында (қорадағы малы, бақшасы) еңбек етіп жатқаны да айтылды - ред.). Олар жұмыссыздар емес, өзін-өзі қамтығандар. Бұлар көптеген әлеуметтік мәселелерден тыс қалады, зейнетақы жинамайды, алға жылжуға әлеуметтік мүмкіндіктері жоқ» деген еді.

Статистика агенттігі қыркүйек айында «2012 жылы 8 миллион 500 мың адам жұмыс істегенін» хабарлады. Мұның қатарына өзін-өзі қамтыған азаматтар да кіреді. Агенттік ақпараты бойынша, қыркүйек айындағы есеппен Қазақстанда жалақы алатын адам саны - 5 миллион 800 мың.
XS
SM
MD
LG