Accessibility links

Қазақстандағы кедейлер кімдер?


Ақсақал көшеде қайыр сұрап тұр. Алматы.
Ақсақал көшеде қайыр сұрап тұр. Алматы.

Қазақстанның кірісі мен табысы алпауыт елдермен деңгейлес болғанымен, әлеуметтік саясатты әлемнің ең кедей елдері шамасында жүргізіп отыр.


Қазақстан билігі әлеуметтік салаға бөлінетін шығындардың өсімін бұдан былай әлемдік экономиканың ыңғайына қарай реттейміз деп уәде беріп отыр. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының 2011-жылдың желтоқсанында өткен съезінде «Біз зейнетақыны да, табысты да инфляция деңгейіне қарай индекстейміз. Ал оларды бұрынғыдай 20-30 пайыздық өсіруді әлемдік экономиканың бет алысын мұқият бағамдай отырып жүргізетін боламыз» деген болатын.

«КЕДЕЙЛІКТІҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ КӨРСЕТКІШІ»

Биліктің әлемдік экономикада болып жатқан процестерді қандай көрсеткіштер бойынша бағалайтыны әзір белгісіз. Бұл көрсеткіштер дамыған немесе қарқынды дамып келе жатқан елдермен иық теңестіре ме, әлде Африка құрлығындағы кедей елдердің көрсеткіштерімен шамалас бола ма?

Ал әзірше кедейлік шегін белгілеудің қазақстандық көрсеткіші әлемнің ең кедей деген елдерімен деңгейлес қалып отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің өткен жылдың 27-желтоқсанында шыққан бұйрығында «Қазақстан Республикасы бойынша кедейлік шегі 2012-ші жылдың 1-ші тоқсанында ҚР Статистика жөніндегі агенттігі өткен тоқсанға есептеген күн көріс деңгейінің ең төменгі шегінің 40 пайыздық мөлшерінде белгіленсін» деп жазылған.
Базардағы арба сүйреткен жігіттің қасынан зейнеткер өтіп барады.
Базардағы арба сүйреткен жігіттің қасынан зейнеткер өтіп барады.

Демек, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында кедейлік деңгейі айына 6247,6 теңге немесе тәулігіне 1,4 долларға тең болды деген сөз. Әрине, 1,4 доллар әлемнің ең кедей деген 15 елінде Дүниежүзілік банк тіркеген 1,25 доллармен салыстырғанда әжептәуір ғой деп уәж айтуға да болады. Алайда бұл банктің бай елдер мен Ресейді қоса алғанда, Шығыс Еуропаның өтпелі экономиканы өткеріп жатқан елдері үшін ұсынған кедейлік шегі 4,3 долларды құрайды. Қазақстан болса, әлемнің ең кедей деп танылған мемлекеттерінің санатында емес: БҰҰ-ның адам дамуы жөніндегі өткен жылғы баяндамасы бойынша біздің ел 68-ші орында.

Бір ескеретін жайт, халқының басым бөлігінің әл-ауқаты қазақстандықтардан әлдеқайда жоғары Еуроодақтың кейбір елдеріндегі бюджет тапшылығы деген құбылыс Қазақстанда атымен жоқ. Ел бюджетінде аса ауқымды әлеуметтік шығындар да қарастырылмаған. Мысалы, 2010 жылы елдің жалпы ішкі өнімге шаққандағы мемлекеттік шығындарының үлесі әлеуметтік қамту саласы бойынша 4,2 пайыз, білім беру – 3,5 пайыз, денсаулық сақтау - 2,5 пайыз болған.

ӨЛМЕСТІҢ КҮНІ

Осы тұста Қазақстанда қолданылып жүрген «Ең төменгі күн көріс деңгейі» деген заң көп жағдайда халық пен сарапшыларды шатастыруға бағытталған ба деген ой адамға еріксіз келеді. Аталмыш заңға сәйкес «Ең төменгі күнкөрiс деңгейi дегеніміз - мөлшері жағынан ең төменгі тұтыну қоржынының құнына тең, жан басына шаққандағы күнкөріс үшін қажетті ақшаның ең төменгі шегі».

Адамның тіршілік жағдайын қамтамасыз ету үшін қажетті тамақ өнімдерінің, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің ең төменгі жиынтығы - ең төменгі тұтыну қоржыны болып есептеледі.

Енді «кедейлік шегі» деген терминнің мағынасын анықтап алайық. Кедейлiк шегi - елдің экономикалық мүмкiндiктеріне қарай белгiленетiн кiрiстің ең төменгі шегi.
Көшеде қайыр сұрап отырған зейнеткер. Ақтөбе, 23 қыркүйек 2009 жыл.
Көшеде қайыр сұрап отырған зейнеткер. Ақтөбе, 23 қыркүйек 2009 жыл.

Мұның астарында әр терминде қайталана беретін сөздерді жасырып ойнау сияқты айла жатқандай көрінеді. Мұндай айла көпірме цифрларды жариялайтын үкіметке өте ыңғайлы. Сірә, үкімет өзінің негізгі міндеті халықтың кейбір топтарының тұрмыс ахуалы анау айтқандай ауыр емес дегенге жұртты сендіру деп ойлайтын сияқты.

2011 жылдың үшінші тоқсаны қорытындылары бойынша Қазақстандағы ең төмен күн көріс деңгейі 16 844 теңге болыпты. Тұтыну қоржынына енген азық-түлік, тауарды қазіргі бағамен сатып алу үшін шамамен 11 мың теңге қажет дейді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің тағы бір бұйрығы. Алайда билік орындары бұл кезеңдегі кедейлік шегін бұл деңгейден екі есеге жуық төмен мөлшерде, 6740 теңге деп белгіледі.

ЖӘРДЕМНІҢ ОРНЫНА - ЖАРЛЫҚ

Жоғарыда аталған заңда «кедейлік шегі тұрмысы төмен азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету үшін белгіленетін өлшем» деп жазылған. Статистика агенттігінің деректеріне сәйкес, 2011 жылдың үшінші тоқсаны қорытындыларына сілтеме жасасақ, үкімет белгілеген күнкөріс деңгейінен тұрмысы төмен халықтың үлес салмағы 8,1 пайызға тең болды. Бұл – 1 миллион 345,8 мың адам.

Оның үстіне, тұтыну қажетіне жаратқан табысы азық-түлік себеті құнынан төмен халықтың үлес салмағы осы кезеңде 0,9 пайыз болған. Бұл – 149,5 мың адам. Олай болса, бір миллион 495 мың қазақстандық әлеуметтік көмекке зәру деген сөз.

Сондай-ақ, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректерінде 2011 жылдың 1 қазанындағы есеп бойынша атаулы көмекті тек 128,7 мың адам алған; атаулы көмектің орташа мөлшері 1622 теңге (11 доллар) болды деп көрсетілген. Олай болса, бір милиион 366 мың мұқтаж адам мемлекет назарынан тыс қалған.
Құлағалы тұрған үйде де адамдар тұрады. Қазақстан, Шәмші Қалдаяқов атындағы ауыл, 22 қазан, 2010 жыл.
Құлағалы тұрған үйде де адамдар тұрады. Қазақстан, Шәмші Қалдаяқов атындағы ауыл, 22 қазан, 2010 жыл.

Президент Назарбаевтың бюджет қаражатын жұмсауды оңтайландыру туралы нұсқауынан кейін еңбек және халыққа әлеуметтік көмек көрсету министрлігінің 2012 жылдың қаңтарында атаулы көмек алатын адамдардың санын қысқартуы нені білдіреді? Осы кезең ішінде бұл көмекті тек 39,7 мың қазақстандық қана алып, жәрдемақы көлемі орта есеппен 3024,9 теңге (20 доллар) болған.

Бір жағынан алғанда шенеуніктер халықтың тұрмыс деңгейінің артып, кедейлікпен күрес жүріп жатқаны жайында жар салумен келеді. Ал екінші жағынан келсек, олар кедейліктің экономикалық тұрғыдан еш негізделмеген шегін белгілей отырып, халықтың кедей бөлігін назардан тыс қалдырған. Еліміздің кіріс-табысы дамыған елдермен деңгейлес болғанымен, әлеуметтік саясатты әлемнің ең кедей деген елдері шамасында жүргізіп отыр.
XS
SM
MD
LG