Accessibility links

Шетелдік бизнесмендер Қазақстанда пара бергені үшін айыпталып жатыр


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

«Трансперенси Интернешнл» Қазақстан шенеуніктеріне шетелдік компаниялардың пара бергені туралы бірнеше іске қатысты сот барысы сипатталып жазылған есебін жариялады. Кейбір істер жылдар бойы тергеліп жатыр.


«Трансперенси Интернешнл» үкіметтік емес ұйымының есебі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Конвенциясын орындау принципіне сәйкес жасалған. Конвенцияда заңды тұлғалардың шетелдік мемлекеттердің лауазымды қызметкерлерін парамен сатып алғаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Атап айтқанда, бұл жауапкершіліктер қатарына санкциялар беру, құқықтық шаралар және қылмыскерлерді қайтару әрекеттері жатады. Постсоветтік елдерден ЭЫДҰ-ға 2010 жылдың маусым айында Эстония енді.

«ЭЫДҰ Конвенциясының орындалуы туралы» жарияланған есепте Қазақстанға қатысы бар кейбір фактілер назар аудартады. Есеп халықаралық баспасөзде жарияланған ақпараттар негізінде жасалған.

ПАРА БЕРГЕНІ ҮШІН НЕМІС МЕНЕДЖЕРІ СОТТАЛДЫ

Немістің жүк машиналарын шығаратын MAN Turbo AG компаниясының бұрынғы менеджерін 2010 жылдың маусым айында Мюнхен өңірлік соты екі жылға шартты түрде соттады. Оған қазақстандық лауазымды тұлғаларға берілетін тоғыз миллион еуро шамасындағы қаржыны мақұлдағаны үшін айып тағылған. Параны газ құбырын жетілдіруге байланысты тапсырысты жеңіп алу үшін бермек болған. Сот, сонымен бірге, оған қайырымдылық шаралары үшін 100 мың еуро төлеуге міндеттеді.

Earth Times ақпараттық порталының деректері бойынша, MAN Turbo компаниясының бөлімін 2007 жылға дейін басқарған Хайнц Юрген Маус Мюнхен сотында сол кездері «кеңесшінің қаламақысы» ретінде белгіленген төлем фактісінің болғанын растады. Бұл параны компания қажетті келісім-шарт бәсекелестеріне кетіп қалмас үшін төлеген.

Бұл – MAN басшылығының келісім-шарттарға қол жеткізу үшін пара беру фактілеріне байланысты тергеу амалдары аяқталған соң болған бірінші сот отырысы.

Хайнц Юрген Маус ірі келісім-шартты жеңіп алу үшін әлгі ақшаны 2004 жылы қазақ әйеліне бергенін айтты. «Егер біз ақша төлемесек, онда келісім-шартты жеңіп алмайтын едік» деп, тек компанияның мүддесі үшін ғана әрекет жасағанын қосып қойды. Сонымен бірге тендерге «Сименс» және «Дженерал Электрик» компаниялары қатысқан.

Хайнц Юрген Маус бұл әйел Қазақстанда "өте үлкен экономикалық және саяси ықпалы бар кландардың делдалы болатын" деді. MAN ақшаны бірнеше банк шоттары арқылы төлеген.

«Неміс толқыны» радиосының хабарлауынша, немістің «Сименс» концерніндегі сыбайлас жемқорлықққа қатысты даулы оқиға жария болғаннан төрт жыл өткен соң «Сименс» концернінің телекоммуникациялар жөніндегі бөлімшесінің бұрынғы басшысы Томас Гансвиндт сыбайлас жемқорлығы үшін айыпталып, Мюнхен сотына тартылды.

Томас Гансвиндттің ресейлік және қазақстандық телекоммуникация нарығындағы парақорлыққа қатысы бар деп айыпталғанымен ол өзіне қатысты айыптауларды жоққа шығарды. «Барлық кезеңде телекоммуникация секторының басшылығында парақорлыққа қатысты нақты бір де бір оқиға болған жоқ» деп мәлімдеді Томас Гансвиндт 5 сәуір, сейсенбі күні Мюнхенде өткен бірінші сот отырысында.

Томас Гансвиндт – «Сименс» концерніндегі сыбайлас жемқорлық жанжалына байланысты сотқа тартылған ең жоғары шенді менеджер. Онымен салыстырғанда өзгелері сот үдерісінің созылып кетуін қаламай өздерінің кінәларын мойындады дейді ДПА агенттігі.

«Сименс» концерніндегі сыбайлас жемқорлыққа қатысты жанжал Германияның соғыстан кейінгі тарихындағы ең үлкені даулы оқиға болды. Ол концернге 2,5 миллиард еуро шығын әкелді дейді «Неміс толқыны» радиосы.

KCELL КОМПАНИЯСЫНДАҒЫ ТЕКСЕРУ

2011 жылдың сәуір айында «Түркселл»компаниясының директорлар кеңесі Қазақстандағы оның еншілес компаниясы – қазақстандық KСell ұялы байланыс операторы мен шведтік «Эриксон» компаниясында ішкі тексеру жұмыстарының жүргенін растады.

KCell компаниясы акцияларының 49 пайызы Қазақтелекомның, 51 пайызы голландтық «Финтур БВ» холдингінің еншісінде. Ал «Финтур БВ» холдингінің акционерлері «Түркселл» мен шведтік «ТелияСонера» компаниялары.

«Түркселл» тексерудің себебін ресми түрде хабарлаған жоқ. Бірақ Today-s Zaman газетінің хабарлауынша, «ТелияСонера» шведтік «Эриксон» компаниясына қызмет көрсетілді деген жалған құжат арқылы қазақ операторынан миллиондаған доллар қаржыны шығарған деп айыпталды.

АҚШ: ҚАЗАҚ ШЕНЕУНІКТЕРІНЕ ПАРА БЕРГЕНІ ҮШІН АЙЫП САЛЫНДЫ

Есепте АҚШ-та еншілес фирмасы бар швейцариялық Panalpina World Transport Holdings, Inc. (PWT) экспедиторлық компаниясына қарсы оның АҚШ-тағы әрекеттеріне қатысты деректер бар. Компания әлемнің түрлі елдерінде 49 миллион доллардан астам сомада пара берді деп айыпталды. Оның ішінде 27 миллион доллар – алдын ала болжам бойынша, Әзербайжанда, Анголада, Бразилияда, Қазақстанда, Нигерияда, Ресейде және Түркіменстанда берілген паралар.

АҚШ-тың азаматтарына, компаниялары мен өкілдіктеріне шет мемлекеттердің кез-келген мемлекеттік шенеуніктеріне пара ұсынды шектейтін «Шетелдерде лауазымды тұлғаларды сатып алуға тыйым салу туралы» Американың федералдық заңына арналған FCPA Professor форумында бұл іс жайында егжей-тегжейлі деректер берілген. Олардың ішінде Panalpina Kazakhstan еншілес компаниясы жайында да айтылған.

2002–2007 жылдары бұл фирма импортталатын тауарлардың тарифтері мен салық саясаты үшін жауапты қазақстандық мемлекттік шенеуніктерге төрт миллион доллардан астам сомада пара бергені айтылады. Ал енді пара мөлшері бірнеше жүз доллардан 50 мың долларға дейін жеткен.

PWT компаниясының америкалық заң мекемелерімен ынтмақтастығының, атап айтқанда кінәні мойындау туралы келісімге сәйкес, Panalpina US фирмасы 70,56 миллион доллар мөлшерінде айып төлейтін болды.
XS
SM
MD
LG