Accessibility links

ТМД елдері еуродан гөрі долларға көбірек сенеді


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Өз елінің ұлттық валютасына деген сенімі жағынан Әзірбайжан халқы алғашқы орында, ал белорустар соңғы орында тұр.


«Гэллап» ұйымы өткізген сауалнама бойынша, ТМД халқының басым бөлігі артық ақшасын өз елінің ұлттық валютасымен сақтағанды жөн көреді. Ал шетел валютасынан олар АҚШ долларын көбірек құп көреді. Сұралғандардың орта есеппен 29 пайызы артық қаржысын доллармен сақтауды қаласа, тек 9 пайызы ғана еуроға сенім білдірген. Ал Ресей рублімен қаржы жинағысы келетіндер жоқтың қасы.

«Гэллап» институты бұл сауалнаманы бұрынғы СССР елдерінде, атап айтсақ, Армения, Әзірбайжан, Беларусь, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан және Украинада былтырғы мамыр мен қыркүйек аралығында өткізген. Сауалнаманың мақсаты - тұтынушылардың өз елінің валютасына, АҚШ доллары мен еуроға және Ресей рубліне қаншалық сенетінін анықтау. Әу баста бұл қатарға жапон иені де қосылған екен. Алайда халық арасында мүлде сұраныс жоқ болғандықтан, оны тізімнен алып тастапты.
Сұралғандардың орта есеппен 29 пайызы артық қаржысын доллармен сақтауды қаласа, тек 9 пайызы ғана еуроға сенім білдірген.

Ескертетін маңызды жайт, бұл сауалнама өткен жылы жүргізілгендіктен, оған еуро аймағындағы кейін болған дүрбелеңдер, Грекия, Ирландия, Португалия және Испаниядағы қаржылық қиындықтар әсер еткен жоқ. Беларусьтағы биылғы 46 пайыздық девальвация да бұл сауалнама өткізілгеннен кейін болған.

РЕСЕЙ РУБЛІНЕ ТӘЖІКСТАН ДА СЕНБЕЙДІ

Сауалнамаға қатысқан 11 елдің 10-ында АҚШ доллары ірі қаржылық операциялардың көпшілігінде, соның ішінде жылжымайтын мүлік сатып алу, не жалдау және көлік сатып алу барысында басты есептесу құралы міндетін атқарады. Тек Молдова ғана мұндай операциялар барысында еуроны қолданады. Еуроға ең көп сенім артатындар арасында Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь, Грузия және Қырғызстан болса, АҚШ валютасына деген сенімі ең төмен ел Ресей екен.

Бір қызығы, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты Ресей еңбек мигранттарын ең көп жіберетін елдердің өздері Ресей ақшасына күдікпен қарайды екен. Мәселен, Тәжікстанда сұралғандардың 39 пайызы отбасында кем дегенде бір адам шетелде тұрақты түрде жұмыс істейді десе, соның ішінде кем дегенде бір ересек адамның Ресейде еңбек ететінін айтқан.
Тәжік еңбек мигранты жұмыс арасында демалып отыр. Екатеринбург, 1 қараша 2009 жыл

Халықтың ой-пікірі елдегі жалпы экономикалық ахуалдың көрсеткіші болып қоймай, олардың жалпы дүниежүзілік қаржы-экономикалық ақпараттардан хабардар болып отырғанын айғақтайды. Даму деңгейі салыстырмалы түрде жақсы елдерде ұлттық валютаға деген сенім жоғарырақ болып шыққан. Тіпті халықтың көзқарасына кейбір елдердегі мемлекеттік идеология да көп әсер ете қоймаған тәрізді.


ӘЗІРБАЙЖАН МАНАТЫ – ЕҢ СЕНІМДІ ЖЕРГІЛІКТІ ВАЛЮТА

Сауалнама нәтижесіне сәйкес өз елінің ұлттық валютасына деген сенімі ең аз халық – беларустар болып шыққан. Мұнда халықтың тек 22 пайызы беларусь рубліне сенім артады. Беларусь орталық банкі 2009 жылдың қаңтарында ұлттық валютаның долларға шаққандағы бағамын 20 пайызға түсірген. Мұндай девальвация биылғы мамыр айында тағы да қайталанып, ел ақшасының құны тіпті құлдырап кетті. Мұның халыққа қандай ой салғаны келесі сауалнамадан белгілі болмақ.
Әзірбайжан манаты

Керісінше, әзірбайжандардың 75 пайызы манаттың беріктігіне сенетін болып шықты. Мұның себебі, Әзірбайжан ақшасы – ғаламдық дағдарыс кезінде тұрақтылығын сақтап қалған бірден-бір валюта. Мұндай тұрақтылықты қалыптастыру үшін елдің орталық банкі пайыздық мөлшерлемені 15 пайыздан 2 пайызға дейін азайтқан. Ал банктердегі шетелдік үлесті 50 пайызға дейін ұлғайтып, банктің резервтік қорының мөлшеріне қойылатын талаптар бұрын-соңды болып көрмеген деңгейге – 5 пайызға дейін төмен түскен.

Әзірбайжанда жалпы ішкі өнім де тұрақты түрде өсіп келеді. Жақында ғана елдің стратегиялық қорында жинақталған 40 миллиард доллар қаржының сыртқы қарыз көлемінен 7 есе көп екені мәлім болды. Төл валютасына жоғары сеніммен қарайтын елдердің қатарында Армения (63 пайыз) мен Ресей (56 пайыз) кірген.

ҚАЗАҚСТАН КӨРСЕТКІШТЕРІ РЕСМИ ҰРАНДАРМЕН ҚАБЫСПАЙДЫ

Ал Қазақстанда халықтың 43 пайызы ақшасын теңгемен сақтауға әзір екен. Астана экономикалық және кейбір қаржылық көрсеткіштер, инвестиция тарту салалары бойынша ТМД елдерінің алдында келе жатқанымен, елдің төл ақшасына деген сенімі айтарлықтай күшті емес екені байқалады.

Мұның бір себебі 2009 жылғы теңгенің күрт құнсыздануында жатуы да мүмкін. Сол жолы теңгемен жинаған қаражаты 25 пайызға құнсызданып шыға келгенін сезген жұрт әлі де секем алып отырғанға ұқсайды. Бұған қоса халық елдегі экономикалық көрсеткіштердің тұрақтылығы қара алтынның бағасына тікелей байланысты екенін жақсы біліп отыр. Ал мұнай бағасының ғаламдық экономикалық жағдайға ғана емес, саяси оқиғалар мен табиғи апаттарға, және басқа да себептерге тәуелді екені және белгілі.

САЯСАТТЫҢ ӘСЕРІ

Грузияның АҚШ-пен тығыз саяси қарым-қатынасы халықтың лариден гөрі АҚШ-тың долларына көбірек сенім артуына түрткі болған (38 пайыз). Бұған керісінше, ресейліктердің 56 пайызы ұлттық валютаны қолдаған, әрі мұнда жұрттың бүйрегі доллардан гөрі еуроға көбірек бұрған.
Грузияның АҚШ-пен тығыз саяси қарым-қатынасы халықтың лариден гөрі АҚШ-тың долларына көбірек сенім артуына түрткі болған.

«Гэллап» институтының бұл сауалнамасы бұрынғы совет елдерінің әзірге ең сенімді шетелдік есеп айырысу құралы деп АҚШ долларына сенім артатынын, ал құны жоғары болғанына қарамастан, еуроға әлі де күмәнмен қарайтынын білдіреді. 2011 жылы еуроның тұрақтылығы мен беделіне нұқсан келтірген түрлі қаржылық аласапыранның болғанын ескерсек, келесі сауалнамада доллардың бәсі бұдан да арта түсуі мүмкін.

Сауалнама 15 жастан асқан 1000 адаммен бетпе-бет сұқбаттасу әдісі арқылы жасалыпты. Тек Ресейде ғана сұрау салуға 2000 адам қатыстырылған.
XS
SM
MD
LG