Accessibility links

АИ-80 жоқ, АИ-92 – шектеулі


Алматы жанармай бекеттерінің біріндегі хабарландыру. Көрнекі сурет
Алматы жанармай бекеттерінің біріндегі хабарландыру. Көрнекі сурет

Биыл жаздан бері Қазақстанда АИ-92 мен АИ-95 маркалы бензин тапшылығы туған еді. Енді ірі жанармай бекеттерінде АИ-80 маркалы өнім сатылмай қалды.

1991 жылы шыққан көне Audi-100 көлігіне АИ-80 маркалы бензин құйып келген Алматы облысы Іле ауданына қарасты Байсерке ауылының тұрғыны Ерлан Омаров соңғы бірнеше апта жанармайдың бұл түрі жиі болмай қалатындықтан еріксіз қымбатын құйып жүр.

- АИ-80 қазір тек шағын жанармай құю бекеттерінде ғана бар. Ал Helios, «ГазПромНефть», «ҚазМұнайГаз» секілді ірі компаниялардың жанармай құю бекеттерінде жоқ. Амалсыз АИ-92 құюға мәжбүрмін. Өйткені шағын станциялардағы бензиннің сапасына сенбеймін, - дейді ол.

Қазірге дейін АИ-80 маркалы бензиннің жанармай құю бекеттеріндегі сатылу құны 1 литріне 89 тенге болып келген. Осыған дейін АИ-92 мен АИ-95 маркалы бензин бағасы өскен кезде, АИ-80 бензині қымбаттамай қалған еді.

Ақтаудағы жанармай бекетінде кезекте тұрған көліктер. Көрнекі сурет
Ақтаудағы жанармай бекетінде кезекте тұрған көліктер. Көрнекі сурет

Биыл Қазақстан бойынша ең танымал АИ-92 маркалы бензин құны 1 литріне 128 теңгеге дейін өскен соң арзанырақ АИ-80-ге ауысқан алматылық таксист Жәнібек те жанармайдың сатылымнан жоғалғанына алаң.

- АИ-80 маркалы бензинді тек «Газпромнефтің» жанармай құю бекеттерінен алатынмын. Өйткені ол жердегі бензин Ресейдің Омск қаласынан әкелінеді. Сапасы қазақстандық АИ-92 маркалы бензинмен пара-пар болатын. Екі аптадан бері ол да жоқ болды. Неге келмей жатқанын ешкім білмейді, - деді ол Азаттық тілшісіне.

АИ-80 ОРНЫНА – АИ-95

Азаттық тілшісі қазанның 9-ы күні Алматы қаласы Сүйінбай даңғылында орналасқан ресейлік «ГазПромНефть» компаниясына қарасты жанармай құю бекетіне барғанда АИ-80 маркалы өнімнің сатылымда жоқ екенін аңғарды. Аты-жөнін жарияламауды сұраған жанармай құю бекеті қызметкерлерінің бірі:

- АИ-80-нің неге жоқ болып кеткенін нақты айта алмаймын. Бірақ АИ-92 маркалы бензинге де шектеу қойлыған. Қазір басшылық күніне 10 тонна ғана бензин сатуға рұқсат беріп отыр. Сондықтан кешке келген бензин түскі он бір-он екілерге дейін таусылып қалады, - деді.

Алматыдағы Сүйінбай даңғылында орналасқан Helios компаниясына қарасты жанармай құю бекеті АИ-80 маркалы бензиннің орнына АИ-95 сатып жатыр. Құпия қалуды өтінген бекет қызметкері:

- Негізінен алдағы айларда бензин қымбаттайды деген. Басқалар осыған байланысты АИ-80 мен АИ-92 маркаларына шектеу қойып отыр. Ал бізге қазір тексеру жүргізіліп жатқандықтан еркін сатып жатырмыз, - деді.

Алматыдағы Helios жанармай бекеті. 8 қазан 2014 жыл
Алматыдағы Helios жанармай бекеті. 8 қазан 2014 жыл

Биыл жаз соңынан бері Қазақстанда туған бензин тапшылығының себептеріне байланысты Бәсекелестікті қорғау агенттігінің Алматы қаласы бойынша монополияға қарсы инспекциясы тексеру жүргізе бастағанын Азаттық бұған дейін жазған болатын. Инспекция әзірше тексеру қорытындысын жариялаған жоқ. Сол себепті жергілікті мамандар да, мұнай өнімдерін сатушылар да бұл құбылыс туралы тек долбар айтады.

МӨЗ НАШАРЛЫҒЫ МЕН РЕСЕЙ ЫҚПАЛЫ

«Алматы қаласы Чайковский мен Абай даңғылының қиылысында орналасқан «Қазмұнайгаз» компаниясына қарасты жанармай құю бекетінің қызметкері Азаттық тілшісіне «бір айдан бері ешқандай да мұнай өнімдерінің болмай жатқанын» айтты.

Бірақ бұл сөзді жоққа шығарған «Қазмұнайгаз өнімдері» кәсіпорнының өкілі Азаттыққа:

- Мүмкін вагондардың кешігуінен болып жатқан шығар. Бірақ бір ай бойы жанармайдың жоқ болуы мүмкін емес, - деді.

Азаттық Энергетика министрлігіне қарасты Мұнай және газ департаменті директорының орынбасары Бақыт Махановтан Алматыдағы АИ-80 маркалы бензиннің ірі бекеттерде сатылмауы мен АИ-92 өніміне шектеу қойылуының себептері туралы сұрады.

- Жағдайды білеміз. Бірақ үлкен басшылықтың бұйрығы бойынша бұл сұраққа баспасөз бөлімі жауап беруге тиіс. Оларда барлық ақпарат бар, - деді.

Алайда баспасөз қызметінің Жансая есімді өкілі: «Білмеймін, менде ешқандай ақпарат жоқ» деп қана жауап берді.

Атырау мұнай өңдеу зауытынан өрт шыққан кез. 13 қаңтар 2010 жыл
Атырау мұнай өңдеу зауытынан өрт шыққан кез. 13 қаңтар 2010 жыл

Биылғы жаздың соңында елдегі ірі мұнай компанияларының бірі «Қазмұнайгаз» компаниясы жанармай бағасы 10-15 пайызға өсетінін жариялаған. Компания директорының маркетинг бойынша орынбасары Ерлан Қойбағаров бұл қымбатшылыққа екі нәрсе – теңге девальвациясы және жанармай құнының маусымдық өсуі себеп болғанын мәлімдеген. Ал компанияның баспасөз қызметінің өкілі Азаттық тілшісіне: «Зауыттарда бензин аз өндіріліп жатыр. Соның салдарынан кейбір жанармай бекеттеріне бензин жетпей қалады» деп түсіндірген.

Қазақстан мен Ресейдегі мұнай өнімдері нарығын бақылап отырған кейбір халықаралық сарапшылар биылғы бензин тапшылығына Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттарының технологиялық модернизациядан өтпеуі себеп болған деп санайды. Сарапшылар тапшылықтың тағы бір себебін Қазақстандағы ішкі сұраныстың 40 пайызын қамтып келген ресейлік мұнай өнімдерінің биыл бұрынғы көлемде жеткізілмей қалғанынан көреді.

Өткен апта Қазақстан билігі жоспарланған төртінші мұнай өңдеу зауытының салынбайтынын, оның орнына Шымкенттегі зауыттың кеңейтілетінін мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG