Accessibility links

950 «экстремистік» сайтты жапқан Қазақстан – Google-ге аз өтініш айтқан ел


Интернет еркіндігін талап етушілердің парламент мәжілісі спикеріне жібермек болған "сәлемдемесі". Алматы, 29 сәуір 2009 жыл. (Көрнекі сурет)
Интернет еркіндігін талап етушілердің парламент мәжілісі спикеріне жібермек болған "сәлемдемесі". Алматы, 29 сәуір 2009 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитет (ҰҚК) төрағасының орынбасары Қабділкәрім Әбдіқазымов 2011 жылдан бастап «терроризм, күш көрсету идеологиясы, экстремизмді насихаттаған» 950 интернет-сайттың сот арқылы жабылғанын хабарлады.

ҰҚК өкілі серверлері елден тыс, басқа жақта орналасқан кейбір сайттарды жаба алмай отырғанын, сондықтан халықаралық қауымдастықтың көмегіне жүгінгендерін де айтты.

ТІЗІМІ «ҚҰПИЯ» САЙТТАР

- Кейбір сайттардың серверлері еуропалық аймақта орналасқандықтан оларды тұтастай жаба алмаймыз. Себебі оларға прокси-серверлер арқылы да шығуға болады. Сондықтан арнайы органдар, парламент сенаты арқылы халықаралық қауымдастыққа бірлесе жұмыс істеу туралы ұсынысымызды жібердік, - дейді Қабділкәрім Әбдіқазымов.

Қазақстанның құқық қорғау органдары экстремистік сайттардың жабылғанын жиі хабарлағанмен, әлі күнге дейін олардың тізімін жарияламай келеді.

Тек 2011 жылы қолданушылардың сұрақтарына блогында жауап берген байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев жабылған сайттардың арасында wordpress.com блог-тұғыры бар екенін айтқан.

Өткен жылы Азаттық тілшісі сот шешімімен жабылған 50 экстремистік сайттың тізімін сұраған кезде бас прокуратура "білмейміз" деп жауап берді.

GOOGLE-ДІҢ ЕСЕБІ

Қарашаның 15-і күні Google компаниясы контентті жоюға қатысты әлем елдері үкіметтерінен келіп түскен өтініштер туралы есебін жариялады.

Есепте екі мәселе қамтылған: оның бірі үкіметтердің контентті жою туралы өтініштеріне, екіншісі олардың қолданушы туралы деректерді талап етуіне қатысты.

Есепте осындай өтініш айтқан елдер тізімі, оның себебі мен мерзімі, өтініштің орындалғаны-
Google қызметкері жұмыс істеп отыр. (Көрнекі сурет)
Google қызметкері жұмыс істеп отыр. (Көрнекі сурет)
орындалмағаны туралы мәліметтер бар.

Google компаниясы алдыңғы жылдармен салыстырғанда 2012 жылы әртүрлі үкіметтерден түсетін өтініштер саны ерекше көбейгенін атап өтеді.

Компанияның дерегінше, 2012 жылдың алғашқы жартысында 18 мыңға жуық контентті жою туралы мемлекеттік органдардан 1 мың 789 өтініш түскен.

Есептегі мәліметтерге қарағанда, Google компаниясына ең көп өтінішті АҚШ түсірген. 209 өтініш - АҚШ-тағы соттардан, 64 өтініш - атқару органдарынан келген. Бұл өтініштерді Google жарым-жартылай орындаған.

Өтініштер саны бойынша алғашқы бестіктің қатарында АҚШ-пен бірге Германия, Бразилия, Түркия, Франция да бар. Бұл елдердің өтініштерінің басым бөлігі орындалған.

Контентті жою жайлы өтініш айтқан елдер "онда өсек-аяң бар, жеке мәлімет пен қауіпсіздікті сақтау ережесіне қайшы, үкіметті сынайды", т.б. уәждер айтқан.

Өтініштер негізінен Google-ге тиесілі YouTube видеосервисінен белгілі бір контентті алып тастау, Blogger.com блог-платформасынан жазбаларды өшіру, іздеу торабынан сайт сілтемесін алып тастауға байланысты.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ GOOGLE-ГЕ АЙТҚАН ӨТІНІШІ - 12 ВИДЕО, 7 ЖАЗБА

Қазақстан бұл тізімде алдыңғы орындардан көрінбейді. Google-дің дерегінше, Қазақстан тұңғыш рет Google-ге 2010 жылы өтініш жасап, «оппозиция қолдауындағы» телекомпанияның YouTube-тегі арнасын жоюды өтінген.

«Бізге оппозиция қолдауындағы телекомпанияның ҮouTube-тегі арнасын алып
YouTube белгісі. (Көрнекі сурет)
YouTube белгісі. (Көрнекі сурет)
тастау туралы Қазақстан министрліктердің бірінен өтініш келіп түсті. Өтініш орындалмады» деп жазады Google.

Ал 2011 жылы Қазақстанның мемлекеттік органдары ҮouTube-тегі «құпиялылық пен қауіпсіздікті сақтау ережесіне қайшы» екі контентті алып тастау туралы өтініш айтқан. Бұл өтініш орындалыпты.

Қазақстан 2012 жылы да тағы бір мәрте өтініш айтып, YouTube-тегі он видео мен Blogger блог-платформасынан жеті жазбаны алып тастауды сұраған. Бұл өтініштер жартылай орындалған. Google-дің есебінде ол "жойылған" контенттер туралы деректер жоқ.

Қазақстан Google-ден қолданушылар туралы деректер сұрамаған.

Жойылған контенттер, жабылған сайттар жайлы мәлімет алмақ болып, Қазақстанның байланыс және ақпарат министрлігіне телефон соққанымызда ақпарат комитетінінің сарапшысы Кәмила Мұқашева басшылыққа хабарласу керек екенін айтты. Ал басшылардың телефоны жауап бермеді.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінен де бұл контенттерге байланысты жауап ала алмадық.

Ішкі істер министрлігі "бұл іске орай бас прокуратураға хабарласу керек" екенін, ал бас прокуратура "ресми сауал жіберу керек" екенін айтты.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG