Accessibility links

Хасен Қожахметтің президент болуға талпынысы


Диссидент, композитор әрі жазушы Хасен Қожахмет үйіндегі кітапханасында тұр. Алматы, 24 қараша 2016 жыл.

Бірнеше сайлауда ұлтшыл диссидент Хасен Қожахмет президент Нұрсұлтан Назарбаевқа бәсекелес болуға тырысқан болатын. Ол билікті де, оппозицияны да, қазіргі «ұлтшыл патриоттарды» да сынайды.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларының 30 жылдығы қарсаңында желтоқсаншыларды таласа-тармаса кездесуге шақырып жатыр. Бірақ 67 жастағы алматылық ұлтшыл диссидент, композитор Хасен Қожахмет ондайіс-шаралардың бәріне бірдей бара бермейтінін, кездесуге баруға «моральдық құқығы жоқ кейбір жандардың» сөзін тыңдап отыруға төзімі жетпейтінін айтады. Бірақ ол оркестр оның күйін орындаған Күләш Байсейітова атындағы музыкалық мектепте, сонан кейін Алматыдағы №148 гимназиядағы кездесуде болды. Азаттық тілшісі оны сол жерде жолықтырды.

НАЗАРБАЕВТЫҢ БӘСЕКЕЛЕСІ

1991 жылдың күзіне қарай сол кезде 42 жаста болған Хасен Қожахмет танымал қоғамдық-саяси тұлғаға айналды. Бұған оның диссиденттігі мен белсенді ұлтшылдық позициясы (кезінде ол совет түрмелерінде үш мәрте отырып шыққан), жұртты үйіріп әкететін харизматикалық келбеті мен шешендік қабілеті көмектесті.

1991 жылдың тамызында Мәскеуде басып-жаншылған бүлік пен оған іле-шала КПСС қызметіне тыйым салу Совет Одағының санаулы күндері қалғанын көрсетті. Күзге қарай СССР-де «суверенитеттер парады» аяқталып, одақтас республикалардың бәрі (Қазақ ССР-інен өзгесі) жеке кететінін жариялады. Ал республикада Қазақ ССР президентін балама негізде сайлау туралы заң қабылданды. Мұндай алғашқы бүкілхалықтық сайлау өткізу 1991 жылғы желтоқсанның 1-іне белгіленді.

Қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаев, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының жетекшісі, ақын Олжас Сүлейменов және диссидент Хасен Қожахмет сайлауға түсетінін мәлімдеді. Бірақ Сүлейменов өз кандидатурасын алып тастап, ал Қожахметті «қолдаушыларының тиісті қолын өткізбеді» деген уәжбен сайлауға түсуге жібермей, әлгі сайлау балама кандидатсыз өтті.

Диссидент Хасен Қожахмет № 148 гимназия ұйымдастырған желтоқсаншылар мен оқушылар кездесуінде сөйлеп отыр. Алматы, 24 қараша 2016 жыл.
Диссидент Хасен Қожахмет № 148 гимназия ұйымдастырған желтоқсаншылар мен оқушылар кездесуінде сөйлеп отыр. Алматы, 24 қараша 2016 жыл.

Хасен Қожахмет билік «жеңіп кетеді деп қауіптеніп, сайлау науқанынан мені заңсыз алып тастады» деп санайды. Оның айтуынша, халық оның Қазақстан тәуелсіздігін дереу жариялап, түрмеде әлі отырған «желтоқсаншыларды» босату туралы талаптарын қолдаған. Диссидент сайлауалды штабын Алматыдағы Жібек жолы көшесі бойындағы ЦУМ-ның жанына тіккен екі киіз үйде ұйымдастырды. Олардың бірінде Қазақстаннан тысқары әскери бөлімдерден өз бетімен кетіп қалып, елге оралған 30 шақты қазақстандық солдат жатқан. Қожахмет оларды Қазақстанның өзінде қызмет етуге қалдыруды талап еткен болатын. Хасен Қожахмет Қазақстанның вице-президенті қызметіне жас азаматтық белсенді және журналист Михаил Көбековті ұсынған еді. Кейін Михаил Көбеков елден эмиграцияға кетіп қалған.

Тәуелсіздік күрескері, «желтоқсаншы» қаһарман, диссидент, «солдаттардың қамқоршысы» әрі шешен сөйлейтін Хасен Қожахмет танымал тұлға ретінде Нұрсұлтан Назарбаевқа бәсекелес болуды ұйғарады.

Бірақ Қожахметтің сөзінше, президент Назарбаев жарлық шығарып, заңдағы қол жинауға берілген бір айды 10 күнге дейін қысқартып тастады. Қожахметтің айтуынша, оның штабы тоғыз күнде 60 мыңға жуық қол жинап үлгерген, бірақ қол жинау мерзімі аяқталатын қазанның 31-і күні полицейлер оның сайлау штабына келіп, тізімдерді күшпен тартып алған әрі дезертирлік жасады деген айыппен солдаттарды тұтқындаған. Диссидент биліктің бұл әрекетін «Назарбаевтың нағыз бәсекелесі ретінде мені сайлауға түсуге жібермеудің заңсыз амалы болды» деп атайды.

Желтоқсанның 1-і күні Нұрсұлтан Назарбаев баламасыз негізде Қазақ ССР-і президенті болып сайланды. 1991 жылғы желтоқсанның 8-і күні Беловеж орманында Ресей, Беларусь және Украина басшылары Тәуелсіз мемлекеттер достастығын құру және СССР-ді тарату туралы тарихи келісімге қол қойды. Ақыры Қазақ ССР жоғарғы кеңесі желтоқсанның 16-сында Қазақстан тәуелсіздігін жариялап, Қазақ ССР-і президенті Назарбаев Қазақстан Республикасының президенті болып жарияланды.

Хасен Қожахмет Нұрсұлтан Назарбаевты заңсыз президент деп санайды. Диссиденттің ойынша, «желтоқсанның 1-інде Назарбаев Қазақ ССР президенті болып заңсыз сайланды, өйткені ол сайлауда балама кандидат болған жоқ». Хасен Қожахметтің пікірінше, Назарбаев Қазақстан Республикасы президенті деп те заңсыз жарияланған, өйткені 1991 жылғы желтоқсанның 1-інде ол Қазақстан Республикасы емес, Қазақ ССР президенті болып сайланған.

1991 жылғы президенттік сайлауға түсе алмай көңілі қалғанымен, Хасен Қожахмет «сайлауға түсуге тырысқан әрекетім зая кетпей, билік менің идеяларымды кейін бәрібір іске асырды» деп санайды. Қазақстан тәуелсіздігі кешігіп болса да жарияланды; Желтоқсан оқиғасының соңғы тұтқындары түрмелерден босады; совет армиясынан қашқан қазақстандықтарды соттамай, Қазақстанның әскери бөлімдеріне жіберді.

САЙЛАУ БЮЛЛЕТЕНІНЕ ІЛІГУ

Хасен Қожахмет «ештеңе шешпейтін» парламент депутаты болғысы келмейтінін айтады. Сондықтан оның айтуынша, кей партиялардың өтінішімен парламент депутаттығына түсуге келіскенімен, сайлаушылармен кездесулерге бармаған.

Диссидент «президент болғым келер еді, бірақ президент Назарбаев сияқты емес, президенттің «диктаторлығын» күйрету үшін» дейді. Хасен Қожахмет президенттің құзырында болмашы өкілеттіктерді қалдырып, аймақтардың өзін-өзі басқару мүмкіндіктерін барынша кеңейтер едім дейді.

2015 жылы Хасен Қожахмет президенттік сайлауға түсуге өтініш беріп, қазақ тілінен сынақ тапсырған болатын.

- Әлгі сынақта өзге үміткерлер мемлекеттік тілге шорқақ екенін көрсету үшін бір-бірімен жарысқандай болды. Ал мені тілді жетік біледі деп бағалады, - дейді Қожахмет.

Оның сөзінше, Хасен Қожахмет 2015 жылы сәуірде өткен Қазақстан президенті сайлауына түсуді жоспарламаған. Бірақ президенттікке қазақ тілін жетік білетін үміткерлер де таласа алатынын көрсеткісі келген. Ол бұл туралы және Қазақстан келешегі жайлы ойларын тіл сынағынан кейін өткізген баспасөз жиынында мәлімдеген. Кейін ол кандидатурасын алып тастады.

ШЕТҚАҚПАЙ КӨРГЕН ДИССИДЕНТ

Хасен Қожахмет әлі президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсы опппозицияда екенін айтады.

Тәуелсіздік күні қарсаңында Алматыдағы №148 гимназияда «желтоқсаншылармен» кездесу кезінде Хасен Қожахмет 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларын 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғаларымен салыстырып әрі Мәскеу советтік Қазақстанды басқаруға жіберген эмиссар Геннадий Колбинді еске алып, «бірақ Колбин халыққа оқ атқан жоқ қой» деді.

№ 148 гимназияда Желтоқсан оқиғасына қатысушылармен өткен кездесуден кейін түсірілген сурет (Хасен Қожахмет оң жақтан төртінші тұр). Алматы, 24 қараша 2016 жыл.
№ 148 гимназияда Желтоқсан оқиғасына қатысушылармен өткен кездесуден кейін түсірілген сурет (Хасен Қожахмет оң жақтан төртінші тұр). Алматы, 24 қараша 2016 жыл.

Бірақ Хасен Қожахмет президент Назарбаевқа қарсы оппозицияда ғана емес, ол қазіргі оппозиционерлерді де сынайды. Оның сөзінше, бұрынғы оппозициялық қозғалыстар мен партиялар оны жолатпаған. Қазір тіршілігін тоқтатқан «Азат» қозғалысы басшыларының бірі ретінде Хасен Қожахмет «бизнесмен Болат Әбілов оппозиция жетекшісі кезінде «Азат» атауын тартып алғысы келген» дейді. Диссидент мұндай әрекетке оппозиция бірдеңені жасырғысы келгеннен барған шығар деп топшылайды.

Өзін қазақ ұлтшылы деп көрсететін Хасен Қожахмет қазіргі демократиялық оппозиция мен «ұлтшыл патриоттарды» биліктің қолбаласы деп санайды.

- Олар құр сөзден аспайды. Олар халықты көтермейді, - дейді Қожахмет.

Кейде билік исламшыл әлдебір экстремистік топтардың жойылғаны туралы хабарлап жатқанымен, Хасен Қожахмет діни ұйымдарды да биліктің қолбаласы санайды. Хасен Қожахметтің пікірінше, әлдебір жағдай туа қалса, олардың көмегімен халық назарын әлеуметтік дүмпуден аударып әкету үшін билік қазіргі «ұлтшылдар» мен діни ұйымдарды ойыншыққа айналдырып отыр деп есептейді.

Билікке, әсіресе оппозицияға деген мұндай көзқарасының кесірінен ол шетқақпай күйге душар болды. Бірақ ол бұған онша қынжылмайды. Хасен Қожахмет ешкімге қосылмай, өз бетінше әрекет етуінің сырын «совет заманында түрмеде шыныққанмын» деп түсіндіреді. Ол мүлде жас кезінде- әскерде оны ұлтына қарап кемсітуге қарсы шығып, тергеу абақтысында алғаш рет отырып шыққан. Екінші рет оны 1977 жылы жасырын шығарған парақтарды таратқаны үшін екі жылға соттаған. 1986 жылғы желтоқсан оқиғаларының дәл ортасында болған ол репрессияға тағы ұшырап, түрмеде екі жыл екі ай отырып шықты.

Хасен Қожахметтің баспадан 2000 жылы шыққан, 1972 және 1998 жылы шығарған әндері, өлеңдері және мақалалары топтастырылған «Ереуіл атқа ер салмай...» атты және кейінгі жылдары шыққан басқа да кітаптары.
Хасен Қожахметтің баспадан 2000 жылы шыққан, 1972 және 1998 жылы шығарған әндері, өлеңдері және мақалалары топтастырылған «Ереуіл атқа ер салмай...» атты және кейінгі жылдары шыққан басқа да кітаптары.

Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін Хасен Қожахмет әкімшілік сот шешімімен бірнеше рет, оның ішінде 1992 жылы Алматыдағы Феликс Дзержинскийдің ескерткішін құлатуды ұйымдастырғаны үшін қамалған болатын. Жаңаөзендегі бейбіт шерушілерге биліктің қару қолданғаны туралы хабар тараған 2011 жылғы желтоқсанның 17-сі күні Алматыдағы Республика алаңында билікті айыптап сөз сөйлеген Хасен Қожахмет тағы тұтқындалған еді.

Енді диссидент, композитор, ақын әрі жазушы Хасен Қожахмет халыққа пайдасын өзінің музыкасы, әндері және кітаптарымен тигізгісі келетінін айтады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG