Accessibility links

С гепатитін сәбилерге кім жұқтырғанын анықтау созылып кетті


Науқас бала мен анасы ауруханада. Алматы, 9 маусым 2011 жыл. (Көрнекі сурет).
Науқас бала мен анасы ауруханада. Алматы, 9 маусым 2011 жыл. (Көрнекі сурет).

Қазанның 18-і күні Алматыда С гепатиті дауына қатысты жиын өтіп, бірқатар дәрігерлер мен ата-аналар өздері сотқа берген мекемелердің жауапкершіліктен жалтарып отырғанын мәлімдеді.


Жаз айларында Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген С гепатит вирусын жұқтырған балалардың ата-аналары Алматыдағы Бостандық аудандық сотына шағым түсірген болатын.

Олар республикалық қан құю орталығы мен педиатрия орталығын («Ғылыми педиатрия орталығы және балалар хирургиясы»), сонымен бірге денсаулық сақтау министрлігін жауапқа тартуды сұраған еді. Ата-аналар балаларының бойынан қауіпті дерт вирусының табылғанына осы орындар кінәлі деп есептейтінін айтқан болатын.

«ЖАУАПТАН ҚАША БАСТАДЫ»

«Ұлағатты ұя» қоғамдық қорының төрайымы Марианна Гуринаның айтуынша, лейкоз дертіне шалдыққан балалардан С гепатит вирусы
"Ұлағатты ұя" қоғамдық қорының төрайымы Марианна Гурина. Алматы, 18 қазан 2011 жыл.
"Ұлағатты ұя" қоғамдық қорының төрайымы Марианна Гурина. Алматы, 18 қазан 2011 жыл.
табылып, қоғамда шу көтерілгеннен кейін денсаулық сақтау министрлігі ауру ошағын табудың орнына құжаттарды өзгертіп, жауаптан қаша бастаған.

Оның айтуынша, 2010 жылы денсаулық сақтау министрлігі қабылдаған жаңа бұйрықта («гепатит вирусын жұқтырған науқастарға қатысты ұйымдарға қойылатын санитарлық-профилактикалық талаптар мен шаралар» туралы № 661 бұйрық) бұл қауіпті ауру вирусының негізгі жұғу жолдарының бірі ретінде тұрмыстық жағдай көрсетіліпті.

- Қазір соттың неге ұмтылып отырғанын айтпай-ақ қояйын. Дүниежүзілік денсаулық сақтау мәліметін алға тарту арқылы кінәні өзінің қателігін түзеуге тиіс мемлекетке емес, ата-аналардың өздеріне артып қоюы мүмкін, - дейді Марианна Гурина қазанның 18-і күні өткен жиында.

Қазақстанның инфекционист дәрігерлер қауымдастығының төрайымы,
Профессор Күләш Құрманова. Алматы, 18 қазан 2011 жыл.
Профессор Күләш Құрманова. Алматы, 18 қазан 2011 жыл.
профессор Күләш Құрманованың айтуынша, С гепатитінің вирусы негізінен қан арқылы жұғады, «ал тұрмыстық жағдайда жұғуы өте сирек».

Оның айтуынша, бұл вирустың ерекшелігі - оны адам қанынан анықтау өте қиын, себебі «ол бірнеше ай бойы көрінбей жүреді».

Профессордың айтуынша, мұны тек донорға ПЦР диагностикасын жасау арқылы анықтауға болады екен. «Бірақ бұл мәселе біздің елде толықтай шешілген жоқ» деді ол.

Осылайша жиынға қатысқан дәрігерлер балаларға құйылған, республикалық қан орталығынан әкелінген қанның таза екендігіне күмән келтірді.

БАЛАЛАР ӨЛІМІ АЗАЙМАЙ ТҰР

Жиынды өткізген ата-аналар мен дәрігерлердің айтуынша, балалар ауруханасында емделіп жатқан сәбилердің өлімі әлі күнге дейін азаймаған. Осыдан бірнеше апта бұрын екі жасар қызынан айрылған ана Зульфия Мойсейченко баласының лейкоздан емес, гепатит дертінен шетінеп кеткенін айтады.

- Педиатрия институтында емделгенбіз. Емдеу кезінде тек менің балам
Зульфия Мойсейченко. Алматы, 18 қазан 2011 жыл.
Зульфия Мойсейченко. Алматы, 18 қазан 2011 жыл.
ғана емес, менімен бірге жатқан аналардың барлығының балалары осы дертті жұқтырып алды. Мен барлық аналармен сөйлесіп тұрамын. Олардың балаларының тұрмыстық жағдайда жұқтырып алуы мүмкін емес, - дейді Зульфия Мойсейченко.

Осы жиынға республикалық қан құю орталығынан, өзге де мекемелерден келген мамандар «балалардың гепатитке шалдығуына қан құю орталығы мен балалар ауруханасы кінәлі» деп санайтын ата-аналар мен дәрігерлердің сөзін жиын бойы жоққа шығарумен болды.

ҚАРСЫ УӘЖ

Олардың келтірген басты уәжі – бұл балалар С гепатит вирусын ауруханадан басқа да кез-келген жерде жұқтырып алуы мүмкін. Республикалық қан құю орталығының директоры Дилявер Бекиров "донорлық қандардың сапасына күмән болмасын" деді.

- Әрбір донордың қаны төрт түрлі инфекцияға тексеріледі: ВИЧ-1, ВИЧ-2,
Республикалық қан құю орталығының директоры Дилявер Бекиров. Алматы, 18 қазан 2011 жыл.
Республикалық қан құю орталығының директоры Дилявер Бекиров. Алматы, 18 қазан 2011 жыл.
В және С гепатиті, мерез. Бұл әрбір донация кезінде әрбір донордан қан алған сайын жүргізіледі. Қазақстанның барлық орталықтарында солай. Бұл – басты ереже. Екіншіден, біз донорлардың қанын бүкіл әлемде қолданылатын ең соңғы үлгідегі технологиялық тәсілдер бойынша тексереміз, - деді республикалық қан орталығының директоры Бекиров Дилявер қазанның 18-і күні өткен жиында.

Қазіргі кезде сот жауапкер жақтың өтінішімен балалардың вирусты қай жерден, қашан жұқтырып алғаны турасында сараптама тағайындаған. Олардың айтуынша, балалардың ата-аналарының да қанын тексеріп жатыр. Соттың әрі қарай өрбуі осы сараптама нәтижесіне байланысты болмақ.

Бірақ шағым беруші жақты тағы бір нәрсе алаңдатып отыр. Олардың айтуынша, 2006-2010 жылдар аралығында гепатитке шалдыққан балалардан ата-аналарының өздері вирус жұқтырып алуы мүмкін. Мұндай жағдайда мәселені ата-аналарының гепатитке қашан шалдыққанын анықтайтын сараптама ғана шеше алады. Ал мұны анықтауға Қазақстандағы мамандардың шамасы жетпейді.

2010 жылдың аяғында Алматыдағы педиатрия орталығында емделген лейкозбен ауыратын жүзден астам баладан С гепатиті вирусы табылған еді. Ата-аналардың шағымынан кейін осы орталықта тексеріс болып, ақырында "балалар бұл дертті стоматологиялық емханаларда жұқтырды" деген қорытынды жасалған.

Ата-аналардың айтуынша, бұл қорытындыдан кейін де балалар өлімі тоқтамай отыр. Олардың дерегінше, 2010 жылдан бері гепатиттен 49 бала шетінеген.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG