Accessibility links

Теміртауда ВИЧ-ке шалдыққандар «жасарып» барады


ВИЧ-ке шалдыққан адам. (Көрнекі сурет)
ВИЧ-ке шалдыққан адам. (Көрнекі сурет)

Қарағанды облысы Теміртау қаласында ВИЧ-ке шалдыққандардың көбі - жастар мен жұмыссыздар. Дәрігерлер кәсіпорындар мен мекемелерде ВИЧ-тің алдын алу сабақтарын өткізуді ұсынады.

«Төрт әйелге ВИЧ-инфекциясын жұқтырды» деген айыппен сотталған теміртаулық тұрғын Николай Б-ға қатысты үкімді Қарағанды облыстық соты күшінде қалдырды.

ВИЧ ТАРАТУШЫНЫҢ ҮКІМІ

ВИЧ-инфекцияны жұқтыруға қатысты алғашқы істі қараған Теміртау соты жазда Николай Б-ны жеті жылға соттады. Сот жабық режимде өтіп, Азаттық тілшісіне апелляциялық тыңдау нәтижелерін сот қызметкерлері осы апта хабарлады.

Николай Б. ВИЧ жұқтырған адам ретінде 2009 жылдың сәуірінен бері СПИД орталығында тіркеуде тұр. Сот ақпаратына қарағанда, сотталған жігіт ВИЧ-ке шалдыққанын білгенімен, төсектес әйелдерге мұны ескертпеген.

Ал сотталған Николай Б. «ВИЧ-инфекциясын бір әйелге ғана жұқтырдым» деп мәлімдеп, қалған айыпты мойындамаған. Ол үш әйелдің куәлігін «жала жабу» деп атаған.

«Қарағанды облысы СПИД-пен күрес және оның алдын алу орталығы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны. Теміртау, 18 қараша 2014 жыл.
«Қарағанды облысы СПИД-пен күрес және оның алдын алу орталығы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны. Теміртау, 18 қараша 2014 жыл.

Қарағанды облыстық сотының баспасөз орталығы «Іске қатысты әділ шешім шығару үшін қажет әрі жеткілікті дәлелдердің бәрін тексерген апелляциялық алқа айыптының жеке басы мен жасаған қылмысының қоғамға қауіпті сипатын ескере отырып, алғашқы сот инстанциясы сотталушыға жасаған қылмысына лайықты жаза тағайындаған деген ұйғарымға келді» деп хабарлайды.

Әдетте СПИД орталығы мамандары ВИЧ-инфекциясын таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылатынын ескертеді. Адам иммун тапшылығы вирусына (ВИЧ/СПИД) шалдыққанын жасырғаны үшін әкімшілік жауапкершілік, ал вирусты жұқтырғаны және таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Жергілікті СПИД орталығы мамандары « ВИЧ-қа шалдыққан әр адамға психологиялық-әлеуметтік кеңес береміз. Науқасқа ВИЧ-статусы, жұғу жолдары туралы, оның төсектес жандар мен есірткіні күре тамыр арқылы бірге қабылдайтын серіктеріне өзінің дертке шалдыққанын ескертуге міндетті екенін түсіндіреміз» дейді.

ЖАСТАР АРАСЫНДАҒЫ ВИЧ

2014 жылдың тоғыз айында Теміртау қаласында ВИЧ-инфекциясын жұқтырған 136 адам тіркелген. Олардың 58 пайызы - ерлер, 42 пайызы - әйелдер. Вирус жұқтырғандардың ішінде 20 мен 39 жас аралығындағы азаматтар (58 пайыз) мен жұмыссыздардың (55,8 пайыз) үлес салмағы жоғары.

Қазір Теміртауда бұл инфекция көбінесе жыныстық жолмен жұғатыны анықталып отыр. Біраз жыл бұрын ВИЧ инфекциясы көбінесе нашақорлардан табылатын. 1990 жылдары олар өнеркәсіптік шағын қала Теміртаудың «атын шығарған» болатын. Ол кезде қала тұрғындарының негізгі бөлігі жұмыс істейтін металлургиялық өндіріс орындары тұралап, терең дағдарысқа ұрынған еді. Ресми БАҚ Теміртауды «металлургтер қаласы» деп атағанды жақсы көреді.

Қан үлгілерін тексеріп отырған СПИД орталығы маманы. (Көрнекі сурет)
Қан үлгілерін тексеріп отырған СПИД орталығы маманы. (Көрнекі сурет)

Қарағанды облысы денсаулық сақтау департаментінің «Қарағанды облысы СПИД-пен күрес және оның алдын алу орталығы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының Теміртау қалалық бөлім меңгерушісі Татьяна Князева Азаттық тілшісіне:

- 2014 жылдың тоғыз айында гетеросексуалдық байланыс кезіндегі жыныстық жол арқылы вирусты 93 адам жұқтырған, - дейді.

Теміртауда жағдайды тұрақтандырудың 2013-2015 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданған. Онда ВИЧ/СПИД-ке жаңадан шалдығу оқиғаларына жол бермеу мақсатында профилактикалық іс-шаралар мен вирустың таралуын тежейтін шаралар қарастырылған.

- ВИЧ-ке шалдыққан жандарды диспансерлік есепке алу және қандағы вирусты азайтып, ВИЧ-ке шалдыққан жандардың өмірін ұзартатын қазіргі заманға сай антиретровирустық емдеу шаралары жүргізіледі, - дейді Татьяна Князева.

Жергілікті мамандар жұртты ВИЧ-инфекциядан сақтану дағдыларына баулу, өнеркәсіп орындары мен мекеме басшыларын ВИЧ-инфекцияның алдын алу сабақтарын өткізуді қамтамасыз етуге міндеттеу сияқты дауасыз дертпен күресудің тиімдірек шараларына көшуге шақырады.

XS
SM
MD
LG