Accessibility links

ВИЧ-науқастар да шаттана алады


СПИД-ке қарсы акция кезінде салынған сурет. (Көрнекі сурет)
СПИД-ке қарсы акция кезінде салынған сурет. (Көрнекі сурет)

Қазақстандағы ВИЧ жұқтырғандарға деген көзқарас соңғы 10 жылда өзгеріп, жұрттың төзімділік танытуы арта түскені байқалады. Бірақ айықпас дертке шалдыққандар ауруын жұртқа айтуға әлі де әзір емес.

Наталья ВИЧ-ке шалдыққанын 2006 жылы білген. Вирусты жұқтырған күйеуінен ажырасып кеткен. Екеуінің ортақ қызы вирус жұққанға дейін дүниеге келген. Ажал туралы қорқыныш пен диагнозын жұрт біліп қоя ма деген үрей жанын жеп, үш жыл бойы депрессиядан арыла алмағаны жайында ашып айтқысы келмейді.

Енді Наталья осындай жағдайға ұшыраған жандарға өзара көмек тобына жетекшілік етіп, оларға кеңес береді. Оның айтуынша, сауатты медициналық кеңес алса, ерлі-зайыптылардың бірінде ғана ВИЧ-статусы бар отбасының дүниеге дені сау бала әкелу мүмкіндігі 98 пайыз.

– Қорқынышты ештеңе жоқ. Отбасын құрған жұптың бірінде ғана вирус болуы мүмкін. Бірі қосағына өзінің статусы жайлы айтады. Біз сияқтыларға ешқандай ерекше диета, тамақтану режимі және айрықша күтім де қажет емес, – дейді ол Азаттық тілшісіне.

ФОТОКӨРМЕ

Азаттық тілшісі Натальямен өткен аптаның аяғында PSI үкіметтік емес корпорациясының Орталық Азия филиалы мен «Доверие плюс» қоғамдық ұйымы ұйымдастырған фотокөрмеде кездесті.

Фотокөрмеге жиналған жұрттың көңіл-күйі көтеріңкі болды. Балалар да көп жиналды. Жүздері бал-бұл жайнап, әдемі ұлттық костюм киген кішкентай қыздар би биледі.

ВИЧ жұқтырған жандарға деген қоғамда толеранттық көзқарас қалыптастыруды жалғастыру қажеттігін көп айтқан үкіметтік емес ұйым өкілдерінің сөзін жиналғандар ықыласпен қошеметтеп отырды. Расымен, қазір жұрттың көбінің көзі ашық, төзімділік танытуға тырысатын жандар көбейіп келеді. Бірақ өзі жайлы, өзіне қойылған диагнозбен қалай өмір сүріп жатқаны туралы ашық айтуға әзір ВИЧ-науқасты табу оңай емес.

Наталья мұны ВИЧ-науқастардың «қоғам көзқарасы өзгеріп кетеді» деген қорқынышынан деп түсіндірді.
Біреулер «жұмысымнан айырылып қаламын» деп, енді біреулер «жұмысқа алмайды» деп қорқады.

– Біреулер «жұмысымнан айырылып қаламын» деп, енді біреулер «жұмысқа алмайды» деп қорқады. Қолымыздан келгенін істеп жатырмыз. Мектеп оқушыларымен, студенттермен әңгімелесеміз. Бірақ қоғамда кемсітушілік болатыны сөзсіз. ВИЧ жұқтырған ата-аналардың бәрі әсіресе «баламның маңындағылар біліп қоймаса екен» деп уайымдайды, – дейді Наталья Азаттық тілшісіне.

Өзі де аты-жөнін толық атағысы келмеген Наталья «10 жасар қызыма кесірі тие ме деп қорқамын» дегенімен, соңғы 10 жылда Қазақстандағы ВИЧ жұқтырғандарды кемсітудің азайғанын мойындайды.

НӨЛДІК ДЕҢГЕЙГЕ ЖЕТКІЗУ

Республикалық СПИД-пен күрес және оның алдын алу орталығы деректеріне қарағанда, қазір Қазақстанда вирус көбінесе (шамамен 61,3 пайыз) жыныс жолдары арқылы жұғады. Нашақорлардың арасында ортақ инені қолдану арқылы вирусты жұқтыру – 33,5 пайыз. Натальяның айтуынша, бұл – таза инеге қол жетімділікті, нашақорлықты азайту мақсатында жүргізілген жұмыстың нәтижесі.

Бірақ оның айтуынша, ВИЧ туралы дәйекті ақпарат жеткіліксіз. Жұрттың көбі дұрыс ақпаратты қайдан алуды білмейді. Азаматтық белсенділер Қазақстанда келесі жылды «0» (ноль) мақсатында: ВИЧ-ті жаңадан жұқтырған адам – 0. Кемсітушілік – 0. СПИД-тен өлген адам – 0» деген ұранмен өткізуді жоспарлап отыр.
XS
SM
MD
LG