Accessibility links

Аштық жариялағандар бүгін тағы да жиын өткізеді


Аштық жариялағандар елдегі билеуші партияның да назарын аударғысы келеді. Aстана. 19 шілде. 2010 жыл.
Аштық жариялағандар елдегі билеуші партияның да назарын аударғысы келеді. Aстана. 19 шілде. 2010 жыл.

Астанада 13 үлескердің аштық акциясы жалғасуда. Акцияның алғашқы екі күнінде екі адам ауруханаға жеткізілгендігіне қарамастан, үлескерлер «алған бетімізден қайтпаймыз» деп отыр. Шараға қосылатындар қатары тағы да көбеймек. Бұл турасында бүгінгі жиында белгілі болады.


БІР АДАМҒА – БІР ПӘТЕР

Өзбекстаннан тарихи отаны Қазақстанға келген Асқар Сүлейменов, осыдан төрт жыл бұрын пәтер алмақ ниетте үй салушы компанияға 90 мың доллар санап берген. Дегенмен әлі күнге дейін не баспана жоқ, не қаржысы жоқ далада қалғандығын айтып отыр.

– Менің елге келгенде төлқұжатым дұрыс болмағандықтан, ағамның атынан екі пәтердің қаржысын бердік. Содан кейін үкіметтің №277 қаулысының негізінде бір адамға бір пәтер деп менің ағама ғана үй берілді де мен далада қалдым. Енді менің не ақшам жоқ, не баспанам жоқ, жұмысқа да тұра алмай жүрмін, - дейді аштық акциясын бастаушылардың бірі.

Ол өзінің бармаған жері қалмағандығын айтады. Дегенмен барлық инстанциялар дәл осы қаулыны айтып жауап берген. Амалы таусылған ол мәселесі шешілмейінше аш отыратындығын мәлімдеп отыр.

КІСІ ӨЛТІРЕТІН ҚАУЛЫ

Аштық акциясын жариялағардың арасында 66 жастағы Александра Белус та бар. Зейнеткер, өзінің пәтер мен ақшадан өзге ұлынан да айырылып қалғандығын өкінішпен айтты.
Үлескерлер арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп жатыр.
Aстана. 19 шілде 2010 жыл.
– Менің жағдайым өте ауыр. Бұл қаулының кесірінен менің 30 жастағы ұлым жүрегі ұстап, кенеттен қайтыс болды. Мен жалғыз басты анамын. Үш ұлыммен аядай ғана пәтерде тұрдық. Өмір бойы қызмет етіп жақында ғана үйімізді сатып, банктен несие алдық. Жетіспегенін таныстардан сұрап барлығы 140 мың жолларға жуық ақша жинап төрт пәтердің ақшасын бергенмін. Қағазға қатысты жұмыстармен әуре сарсаңға түспен үшін барлығын да өз атымнан жаздыртып едім. Енді міне №277 қаулының негізінде маған екі бөлмелі пәтер беріп, балаларым баспанасыз қалды. Оны естіген ұлым жұмыста отырғанда жүрегі ұстап, көз жұмды. Енді немереммен келінім үшеуіміз бір менің зейнетақыма өмір сүріп жатырмыз, - дейді көзіне жас алған зейнеткер.
Ол кешелі бері өзінің де денсаулығының сыр бере бастағандығын айтады. Дегенмен алған бетінен қайтпайтындығын жеткізді.

– Мен – екі инфаркт алған адаммын, кеше қан қысымым көтеріліп, дәрігерлер укол салды. Бірақ мен пәтерлерді алмайынша немесе ақшамды қайтармайынша аштықты тоқтатпаймын. Осы жерден менің өлігімді алып шықса да бәріне дайынмын, - дейді Александра Белус.

1 СӘУІРДЕ ШЫҚҚАН ҚАУЛЫ – ҚАЛЖЫҢ ЕМЕС

Үстіміздегі жылы дәл күлкі – сәуірдің 1-нде Қазақстан үкіметі № 277 қаулы қабылдады. Оған сәйкес, қаладағы тұрғын үй кешендеріндегі үлескерлерге тиісті артық пәтерлердің тек біреуі ғана беріледі. Бұған наразы жұрт үкіметтен бұл қаулының күшін жою туралы бірнеше рет мәлімдеме жасап, үндеу тастаған-ды.

Биліктегілер бұл қаулының елдегі пәтерлерді арзан бағамен сатып алып кейін қымбатқа өткізетін – алыпсатарлармен күрестің бір жолы деген уәж айтады. Алайда ол тізімде жоғарыдағы аты аталған қарапайым азаматтар бар болып шықты.


Құқыққорғаушы Талас Сағымбеков, бұл қаулының заңсыз екендігін айтады.

– Қазақстан конституциясының 25 бабы мен «Тұрғын үй қатынасы туралы» заңның 11 бабының 2 тармағында «Бір азаматтың немесе заңды тұлғаның меншігінде болатын тұрғын үйдің саны мен көлеміне шек қойылмайды» делінген. Сондай-ақ жергілікті, өкілетті және атқарушы органдардың тұрғын үйлерді тартып алуына тиым салынады де жазылған. Осы тұрғыдан алғанда бұл қаулы – заңсыз, - дейді құқыққорғаушы.

Сондықтан бұл істі сот арқылы шешкен жөн дейді ол. Дегенмен бұл істе барлық үлескерлерге бірігу қажет.

– Үлесткерлер бірігуі қажет. Бірақ қазір үкімет оларды бөлек-бөлек, әр түрлі топтарға бөліп тастады. Біреулеріне пәтір беріп, ендігілерін азын аулақ ақша беріп у-шу көтерме дейді. Сосын үлескерлер шашылып, түбі ешнәрсеге қол жеткізе алмайды, - дейді Талас Сағымбеков.

АШТЫҚ ОРАЗАДАН КЕЙІН ДЕ ЖАЛҒАСАДЫ

Үлескерлер өз наразылығын шарасын дәл шілденің 16-сында бастаған еді. Бұл кездейсоқтық емес. Осы күні Алматыда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің саммиті басталды.
Құқыққорғаушы Зәуреш Батталова аштық акциясы
технологиясын жариялап тұр. Астана. 19 шілде 2010
жыл.

Енді бұл аштық күзге дейін, нақтырақ айтқанда ЕҚЫҰ-ға мүше елдер басшылары бас қосатын негізгі саммитке дейін жалғастырмақ.

"Лайықты тұрғын үй үшін" қоғамдық қозғалысының жетекшісі, құқыққорғаушы Зәуреш Батталованың айтуынша аштық жариялау технологиясы былайша өрбімек: үлескерлердің әрбір тобы кем дегенде 10 күн аштық тұтады. Бір онкүндік аштық аяқталғанда, оның орнын келесі топ алмастырмақ.

Қазірдің өзінде үлескерлер қатарына борышкерлер мен жер мәселесін шеше алмай жүргендер қосылуды көздеп отыр. Ниет білдіріп қосыламын деушілердің саны 100-ден асып жығылады.

Үлескерлер ақпарат құралдарына өздерінің апта сайынғы «жеткен жетістіктері» жөнінде баяндап отыратындығын мәлімдеп отыр.

Ал бүгін түстен кейін аштық жариялағандар тағы да жиын өткізбекші.
XS
SM
MD
LG