Accessibility links

Фашизммен күрес күнінде фильм көрсетілді


«Бакенбарды» фильмін көрген соң пікірлесіп отырған жұрт. Алматы, 19 қаңтар 2014 жыл.
«Бакенбарды» фильмін көрген соң пікірлесіп отырған жұрт. Алматы, 19 қаңтар 2014 жыл.

Халықаралық фашизм мен нәсілшілдікке қарсы ынтымақтастық күні Алматыда ескі совет фильмі көрсетілді. Бұл шараға бірнеше азаматтық белсенді қатысты.

Қаңтардың 19-ы – халықаралық фашизм мен нәсілшілдікке қарсы ынтымақтастық күні – Ресей мен Еуропаның бірнеше қаласында антифашистік акциялар өтті. Бұл күн 2009 жылы ресейлік құқық қорғаушы Станислав Маркелов пен «Новая газета» басылымының журналисі Анастасия Бабурова әсіреұлтшылдар қолынан қаза тапқаннан кейін аталып өте бастады.

Алматыда фашизмге қарсы ынтымақтастық күнін атап өту совет заманында түсірілген «Бакенбарды» фильмін көрсетумен шектелді.

– Әлемде бұл проблема әлі өзекті. Қазақстанда да шовинизм мен радикалдық исламды фашизмнің бір түрі ретінде қабылдауымыз керек. Эбби Хоффман
Эбби Хоффман қорының төрағасы Олжас Қожахмет. Алматы, 19 қаңтар 2014 жыл.
Эбби Хоффман қорының төрағасы Олжас Қожахмет. Алматы, 19 қаңтар 2014 жыл.
атындағы біздің қор бұл мәселеге қатысты ұстанымын кино көрсету және оны талқылау арқылы көрсеткісі келді. Біздің қор гендерлік теңдік пен жыныстық азшылық өкілдерін кемсітуге жол бермеу жөніндегі озық идеяларды насихаттайды, – дейді Эбби Хоффман қоры коммерциялық емес ұйымының төрағасы Олжас Қожахмет.

Юрий Маминнің 1990 жылы «Ленфильм» киностудиясында шыққан «Бакенбарды» фильмі гротеск стилінде түсірілген. Фильм Совет Одағының шеткері қалаларының бірі Заборскіде Пушкин идеяларын насихаттаушы «пушкиншілер» және «Ресейді құтқарушылар» қоғамы құрылғанын баяндайды.

Бұқаралық әрі күшті командаға айналған «пушкиншілер» өзгеше ой-пікірді мойындамайды. Жергілікті билік «пушкиншілерге» Заборск наразыларының жиыны кезінде өзін қорғауды өтінеді. Биліктің ығына жығылған «пушкиншілер» жиынды қуып таратады. Бірақ кейіннен «пушкиншілердің» бақылауға көнбей бара жатқанын сезген билік олардың қатарын селдіретуді ұйғарады. Ақыры «пушкиншілер» шаштарын тықырлап алдырып тастаған «маяковшыларға» айналып, Маяковскийдің портретін ұстап көшеге шығады.

«Бакенбарды» фильмінен үзінді: «Пушкиншілер» «лермонтовшыларға» қарсы

ҚАЗАҚСТАНДА ФАШИЗМ БАР МА?

«Бакенбарды» фильмін көріп шыққан көрермендер фашизмнің сипатын түсінуге тырысты.

– Фашизм – билік монополиясына ұмтылу, өзгеше ой-пікірді мойындамау. Фашизмді мазмұннан гөрі, форма десе болады. Пікір, идея және көзқарас әралуандығына жол бергісі келмейтін кез келген идеологияны (оның нацистік идеология болуы шарт емес) фашизм деуге болады, – дейді пікірталасқа қатысқандардың бірі.

Алматыдағы Фридрих Эберт атындағы қор өкілі Алексей Юсупов фашизм терминіне:
Социализм, демократия және консерватизм бірге тіршілік ете алады. Ал фашизм ешбір идеологиямен сыйыспайды.
Алексей Юсуповтың фашизм жайлы пікірі.

– Жеке басқа табынушылық бұрын да, қазір де бар құбылыс. Билік халыққа қалай өмір сүру, тіпті қалай киіну керектігін үйретіп, жынысына қатысты нұсқау беруге ұмтылады. Социализм, демократия және консерватизм бірге тіршілік ете алады. Ал фашизм ешбір идеологиямен сыйыспайды, фашизм – қоғамдық сананы жүз пайыз жаулау, – деген анықтама берді.

Пікірталасқа қатысушылардың бірі «Қазақстанда сайлау институты жоқ, бізде шын мәнінде диктатура билігі орнаған. Өйткені бір адам халықты 20 жылдан көп уақыт бойы жеке-дара басқарып келеді. Соңғы кезде қысым тіпті күшейе түсті» деген пікір айтты. Ал тағы бір қатысушы «билік диктатурасы халықтың келісімімен ғана орнайды» деді.

Қаңтардың 19-ы күні Мәскеуде адвокат Станислав Маркелов пен журналист Анастасия Бабурованы еске алу күніне орай мыңдаған адам Новопушкинский алаңына жиналып, шеру өткізді. Көрші Украинаның Киев қаласында мыңдаған адам жиналған «Еуромайдан» жиынында шерушілер мен полиция арасында қақтығыс болды. Бірақ «Еуромайдан» демократиялық өзгерістерді ғана емес, Еуропа Одағымен интеграцияны да талап етеді.
XS
SM
MD
LG