Accessibility links

Құқық қорғаушылар Қазақстанда интернетке бақылау күшейді дейді, қаңтардың өзінде 20-дай сайт қаңтарылып тұрған


Наурыздың 12-сі күні Алматыдағы құқық қорғаушылар мен тәуелсіз үкіметтік емес ұйым өкілдері Қазнет төңірегіндегі өзекті деген мәселелерге шолу жасап, пікірталас ұйымдастырды. Олар сондай ақ, интернеттегі цензура мәселесіне де баса назар аударды.

Сарапшылардың пікірінше, елдегі интернет сайттарына шабуыл барған сайын үдеп барады. Қазақстандағы интернет пен оның қолданушылардың құқығы бұзылу жағдайларына шолу жасайтын «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғауға бағытталған халықаралық қордың дерегі бойынша, осы жылдың тек қаңтар айында ғана 20-ға жуық сайттар кілттелінген не болмаса, оларға кіру қиынға соққан.

- Мәселен, Лайф жорналды (Livejournal) айтуға болады. Ол қаңтардың 28-і күні ашылды да 29-ы қайтадан кілттенді. Ақпан айында да сөйтті. Қазіргі уақытта шамамен 15 интернет ресурсқа кіру қиын болып отыр. Бұл kz доменіндегі ғана сайттар емес. Мұндай сайттарға: GEOkz.tv, GEOkz.ru, inkar.info, еurasia.org, kaztoday.ru, politkz.net, kahar.info, vzglyad.kz.livejournal т.б жатқызуға болады, - дейді аталмыш мониторингтің үйлестірушісі София Лапина.

Сонымен қатар оның айтуынша, «Қазақтелеком» сияқты монополистің «арқасында» интернетке жаңа технологияларды ендіру үрдісі артта қалуда. Ал 2008 жылдан бері талқыланып келе жатқан интернетті реттеу туралы заң жобасы өкінішке қарай, елдегі интернет басылымдардың құқығын шектейді дейді сарапшылар. «Юринфо» компаниясының заңнамалық бөлімінің басшысы Игорь Лоскутов ғаламторға мемлекеттік бақылаудың күшею кезеңі басталғанын айтады.

- Осы уақытқа дейін олардың (мемлекеттік құрылымдардың – ред.) интернетке мән бермеуінің себебі, қоғамдық резонанс тудыратын материалдардың болмауы. Сәйкесінше, жоғарыдан оған реакция да болған жоқ. Бірақ бұл кезеңнің ерте ме, кеш пе аяқталатыны белгілі болды. Өткен жыл осыны көрсетті. Алғашқы сот процестері өтті. Интернет басылымдарда ҚР-сының заңнамасына қарама-қайшы келетін материалдарды таратып жүргеніне назар аударған прокуратураның бұйрығы шықты.

Қазнетті түрлі нашақорлық немесе террористік әрекеттерді насихаттайтын керексіз веб-сайттардан тазартуға көзделген арнайы заң интернет басылымдарға тұсау салады дейді ол.

- Интернетті реттеу мәселесі ешқандай құқықтық тетіктерсіз оларды басқаруға алып келеді. Кімнің қолында басқару тетігі болса, сол жағдайды басқарады. Бізде оның заңнамалық тетіктері бұрын да болған. Мәселен, «Байланыс туралы заңның» 15-ші бабында мемлекет пен қоғамның мүдделеріне қауіп төндіретіндей жағдай туғанда құқық қорғау органдарының кез келген байланыс желісін тоқтатуына мүмкіндігі бар. Ал сайттарға кімнің тосқауыл қойғанын білу мүмкін емес. Себебі, бұлардың барлығы да құпия сақталады,–дейді Игорь Лоскутов.

Оның айтуынша, әлемде сайттарды ашық жауып тастау тәжірибесі кездеседі. Мәселен, діни-мәдени құндылықтарға нұқсан келтіреді деген сылтаумен Сауд Арабиясында сайттарға ашық түрде тосқауыл қояды. И.Лоскутовтың ойынша, Қазақстанға да мұндай тәжірибе артық етпейді.

ІТ саласындағы сарапшылардың айтуынша, ғаламтордан 1 млн-ға жуық адам өзіне керек ақпарат іздейді. Әйтсе де, олардың бәрі бірдей керек сайттарына кіріп, ақпарат ала алмайды. Сарапшылар интернет бағасының қымбаттығы мен жылдамдығының баяулығы, халықтың компьютерлік сауаттылығының төмендігі домендік кеңістікті кеңейтуге тосқауыл болып отырғанына да тоқталды. Бұлардың барлығы қазақстандық интернет сегментінің өрісін бүгінгі таңда тарылтып отырған факторлар дейді сарапшы.

Естеріңізде болса, интернет желісінің қазақстандық сегментін реттеу туралы заң жобасы өткен жылдың жазында жарияланған болатын. Оған қатысты түрлі қоғамдық тыңдаулар өтіп, талқыланды. Осыған дейін құқық қорғаушылар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері аталмыш заңға қатысты өз ұсыныстарын парламентке жолдады. Қазіргі таңда аталмыш заң жобасы Мәжілісте талқыланып жатыр.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

AzattyqTV

Жаһан жаңалықтары

Жээнбеков кім?

XS
SM
MD
LG