Accessibility links

Сопылық ағым жетекшісінің адвокаты Хабар телеарнасын сотқа тартпақ


Хабар телеарнасы 2011 жылғы 27 сәуір күні көрсеткен "Ақиқат" фильмінен көрініс
Хабар телеарнасы 2011 жылғы 27 сәуір күні көрсеткен "Ақиқат" фильмінен көрініс

"Исматулла Мақсұмның соты басталмай жатып, оны қылмыскер деп атаған Хабар телеарнасын сотқа беремін» деген адвокаттың сөзінше, мемлекеттік телеарна «Ақиқат» деректі фильмінде қылмыстық іс құжаттарында жоқ жайттарды көрсеткен.


Бүгін, мамырдың 19-ы күні Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген адвокат Абзал Құспанов өзінің қорғауындағы Исматулла Мақсұм туралы жалған ақпарат таратқан «Хабар» телеарнасын сотқа беретіндігін мәлімдеді.

ҚЫЛМЫСКЕР МЕ, ЖОҚ ПА – СОТ ШЕШЕДІ

- Алдымен заңда көрсетілгендей сот айыпты деп таппайынша ешкім ешкімді қылмыскер деп айтуға құқығы жоқ. Екіншіден, фильмде қылмыстық істің құжаттарында жоқ жайттарды да «исматуллашылар жасады» деп көрсеткен екен. Мәселен, онда бірнеше адамның бір адамды жабылып ұрып жатқан сәті көрсетілген. Одан кейін Айдын Тілежанов деген азаматтың моладағы денесі ауыстырылғандығы да айтылған. Мұның барлығы да осы менің қорғауымдағы Исматулла Мақсұм мен оның жақтастарының ісі деп көрсетіледі. Ал оның бірде-бірі іс материалдарында жоқ, ондай айып тағылған емес, - дейді адвокат Құспанов.

Оның сөзінше, қазір Исматулла Мақсұм мен оның жақтастарына қатысты іс 9 ай бойы тергеліп, сәуірдің 7-і күн ғана өздері мен адвокатына таныстырылуға берілген. Ал фильм болса сәуірдің 21-і күні телеарнадан көрсетілді.

- Осы ретте «Хабар» телеарнасы ол деректерді қалай алып отыр? Және қандай мақсатпен көрсетіп отыр. Өйткені әлі сот басталған жоқ, - дейді адвокат Абзал Құспанов.

Баспасөз мәслихатын ұйымдастырушылардың қатарында Мекемтас Мырзахметов пен Дидахмет Әшімхан бастаған бір топ адам болды.

ТАПСЫРЫС

Осы жылдың сәуір айында мемлекеттік «Хабар» арнасынан «Ақиқат» атты деректі фильм көрсетілді. Онда «зікіршілер» атты діни ағым мен оның рухани ұстазы Исматулла Мақсұм туралы айтылады. Фильмде бірнеше азамат өздерінің осы ағымға қарасты медреселерде «күштеп ұсталғандарын, дұрыс тамақтанбай, кішкене қателіктері үшін ұрып-соғылғанын» айтады.

Алайда фильмді теріске шығарушылардың бірі яссауитанушы Болат Қорғанбек, мұның барлығын жоққа шығарады, ал фильм әлдебіреулердің тапсырысы деген ой айтады.

- Дауысы бар, өзі жоқ комментатордың айтып отырғаны – тұтастай фильмнің көзқарасы, президентіміздің көзқарасымен үйлеспейді. Мемлекеттік телеарна болып табылатын «Хабар» қалайша мемлекеттің ұстаныммен қалайша санаспайды деген сұрақ туындайды. Меніңше бұл мемлекет тарапынан емес мемлекеттілікке қайшы, қайшы көзқарастағы, белгілі бір топтың тапсырысы, - дейді Болат Қорғанбек.

"ЖОҒАРЫНЫҢ" РҰҚСАТЫМЕН?

Тәуелсіз журналист, әрі «Жас алаш» басылымының басшысы Рысбек Сәрсенбай, бұл фильмге президент тапсырыс жасамаса да эфирге оның рұқсатымен жіберіліп отыр дегенді айтады.

- Бәлкім президенттің өзі «осылай істеңдер» деп отырған шығар. Не болмаса фильмді жарыққа шығарар алдында оның алдынан өтіп рұқсат алуы да мүмкін. Бұл болжамдар ғана. Дегенмен, «Хабардан» берілетін бағдарламалар, әсіресе осындай фильмдер қалай болғанда да президенттің «мақұл» деуімен ғана өткізілетіні анық, - дейді ол.

Рысбек Сәрсенбай бұл фильмнің «Хабарға» тән емес екендігін айтады.

- «Хабардың» күнделікті беретін хабарлары мен ақпараттарына қарағанда «Ақиқат» алабөтен нәрсе. Енді тосынан бір оқиға болып, соған қоғамға бір ой тастап, пікір қалыптастыру үшін берді дейін десек, оған тағы келмейді. Себебі «Хабар» мемлекеттік тапсырыс алып, тендерге қатысып, соның қаражатымен жұмыс істейтін ақпарат құралы. Сондай арнаның бұрын-соңды елде ауызын ашып көтерілмеген мәселені көтеріп, соған қатысты деректі фильм көрсетуі – ол әрине жоғарыдан болған тапсырмамен жасалған.

Баспасөз мәслихаты кезінде адвокат Абзал Құспанов та арнайы қызмет орындары арқылы фильмге тапсырыс беру, ал «Хабар» телеарнасын қысым жасау құралы ретінде пайдалану тек аса жоғары лауазымды шенеуніктің қолынан келетінен меңзей сөйлеген.

Тек тергеу амалдарының өзі 9 айға созылып, аса жабық жағдайда өтіп жатқан Исматулла Мақсұмға қатысты қылмыстық іс былтырғы тамыз айында қозғалған болатын. Қазақстанға 1992 жылы келген Ауғанстан қазағы өзін яссауия тариқатының өкілі ретінде таныстырады. Бұл - қылмыстық іс қозғалғаннан бері діни ағым жетекшісінің қорғаушылары өткізіп тұрған екінші баспасөз мәслихаты.
XS
SM
MD
LG