Accessibility links

Сыйлық тасасында қалған сөз бостандығы ахуалы


Тұтқындағы журналист Жанболат Мамайды қолдаған белсенділер оны туған күнімен құттықтауға абақты алдына жиналып тұр. Алматы, 15 маусым 2017 жыл.
Тұтқындағы журналист Жанболат Мамайды қолдаған белсенділер оны туған күнімен құттықтауға абақты алдына жиналып тұр. Алматы, 15 маусым 2017 жыл.

Қазақстандық журналистердің кәсіби мерекесі күні Алматыдағы жиында елде сөз бостандығы шектеліп отырғаны айтылды. Ресми орындар журналистерді әдеттегідей түрлі сый-сияпат, атақпен марапаттады. Кей сарапшылар билік өз ыңғайына көнетін БАҚ-ды жақын тартып, тәуелсіз басылымдарға қырын қарайды деп санайды.

"СӨЗ БОСТАНДЫҒЫ ҚЫСЫМДА ҚАЛЫП ОТЫР"

Алматыда маусымның 28-і, байланыс және ақпарат қызметкерлері күні қазір қылмыстық айып тағылып, тұтқында отырған оппозициялық "Саяси қалам. Трибуна" газеті бас редакторы міндетін атқарушы Жанболат Мамайды қорғау қоғамдық комитеті "Қазақстандағы сөз бостандығына қысым жасау" тақырыбына дөңгелек үстел өткізді. Оған қатысушылар елде сөз бостандығы мен тәуелсіз басылымдар мен журналистерге қысым жасалып отырғаны туралы мәлімдеді.

Қоғамдық комитет қуғындағы оппозициялық саясаткер, бизнесмен Мұхтар Әблязовтің "БТА банкінен жымқырған қаржысын заңдастыруға қатысқан" деген айып бойынша биылғы ақпан айында тұтқындалған 28 жастағы Жанболат Мамай түрмеде өзіне қысым жасалғаны туралы мәлімдеген соң оны қорғау үшін құрылған. Бүгінгі жиында сөйлегендер Жанболат Мамайдың жағдайымен бірге, Қазақстанда сөз бостандығының жалпы ахуалы және болашағы туралы мәселелерді де қозғады. Олардың мәлімдеуінше, "билік тәуелсіз немесе оппозициялық басылымдарды түрлі желеумен жабу практикасын жалғастырып, заңды қатайтып жатыр".

Қазақстандағы сөз бостандығының ахуалына арналған дөңгелек үстел жиынына қатысушылар. Алматы, 28 маусым 2017 жыл.
Қазақстандағы сөз бостандығының ахуалына арналған дөңгелек үстел жиынына қатысушылар. Алматы, 28 маусым 2017 жыл.

- Қазақстанда БАҚ-қа қатысты заңдарға енгізу ұсынылып отырған заң жобасы елдегі сөз бостандығын күйретіп тынады, - деді журналист Рысбек Сәрсенбай.

Баспасөз бостандығын қорғаумен айналысатын "Әділ сөз" қоғамдық ұйымының жетекшісі Тамара Калеева да үкімет дайындаған жаңа заң жобасы Қазақстандағы сөз бостандығын тұншықтырады деп санайды.

Оқыңыз: Министр тілшіге: "Тексерсеңіздер кім қой деді?"

"Қазақстандағы сөз бостандығына қысым жасау" тақырыбында өткен жиында тәуелсіздік кезеңінде "үкіметті сынаған ондаған ақпарат құралы билік пәрменімен жабылып, сот үкімімен түрлі жазаға кесілген тәуелсіз журналистер саны көбейгені, олардың кейбірі тіпті қазаға ұшырағаны" туралы да айтылды.

Оппозициялық саясаткер Әміржан Қосанов "Мамайды қорғау комитеті" жалғыз Жанболат Мамайды ғана емес, Қазақстандағы биліктен қысым көріп, қудаланып жатқан барлық журналистерді қорғаумен айналысатынын айтты.

Оппозициялық "Трибуна. Саяси қалам" газеті бас редакторының міндетін атқарушы, 28 жастағы Жанболат Мамай 2017 жылғы 10 ақпаннан бері Алматыда тергеу абақтысында қамауда отыр. Өзіне тергеушілер тағып отырған "БТА банктен" ұрланған ақшаның бір бөлігінің ізін "Саяси қалам. Трибуна" газеті арқылы қаржылық операциялар жасап жасырған" деген айыпты мойындамаған Мамай "саяси себептермен" қудалауға түсіп жатқанын мәлімдеген.

Оппозициялық "Саяси қалам. Трибуна" газетінің тұтқындағы жетекшісі Жанболат Мамай сот залында тұр. Алматы, 11 ақпан 2017 жыл.
Оппозициялық "Саяси қалам. Трибуна" газетінің тұтқындағы жетекшісі Жанболат Мамай сот залында тұр. Алматы, 11 ақпан 2017 жыл.

Алты айға жуық уақыт тергеу абақтысында отырған Жанболат Мамай биыл отандық журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында Қазақстан журналистер одағы сыйлығымен марапатталған. Әлеуметтік желілерде оған қолдау білдірушілер "Жанболат бұл сыйлыққа лайықты" деген пікір қалдырған. Олардың көпшілігі "Мамай билікті сынағаны үшін қамалды" деп санайды.

Тәуелсіз қоғамдық ұйым ретінде Қазақстан журналистер одағы жыл сайын бірнеше журналисті марапаттайды. Бұл ұйымның төрағасы Сейітқазы Матаев қазір түрмеде отыр. Матаев пен ұлы – "ҚазТАГ" ақпарат агенттігінің жетекшісі Әсет Матаев "БАҚ-та мемлекеттік ақпарат саясатын танытуға бөлінген қаржыны жымқырды" деген айып бойынша былтыр сот үкімімен ұзақ мерзімге бас еркіндігінен айырылған. Матаевтар өздеріне тағылған айыпты мойындамайды.

Қудалауға ұшыраған журналистер туралы Азаттық видеосы:

Қазақстанда қудалауға түскен журналистер
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:00 0:00

БИЛІК МАРАПАТЫ

Бірақ әлеуметтік желіде қолданушылар бөліскен ақпараттар арасында Жанболат Мамайды қорғау комитеті көтерген елдегі сөз бостандығының күрделі ахуалы туралы мәселе Қазақстанда байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай өткізілген көп шараның тасасында қалғандай әсер қалдырады.

Ресми орындардың Фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшаларынан аудан, облыс әкімдері мен министрлердің және өзге де атқарушы орган басшыларының журналистерді арнайы шақырып құттықтағаны, атаулы марапаттан басқа да сый-жоралғы жасағаны байқалады.

Журналистерге берілген атаулы сыйлықтар да алуан түрлі. Қарағанды облысының әкімі жергілікті журналистке "Алтын сұңқар" сыйлығын бергені хабарланды. Сыйлық атауы биліктегі "Нұр Отан" партиясы былтыр өзінің 15 жылдығына орайластырып тағайындаған "НұрСұңқар" сыйлығының атауымен ұқсас.

Қазақстан ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев (ортада) журналистерге сұхбат беріп тұр. Астана, 27 маусым 2017 жыл.
Қазақстан ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев (ортада) журналистерге сұхбат беріп тұр. Астана, 27 маусым 2017 жыл.

Биыл мамыр айының басында ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев баспа, радио және интернет журналистика саласындағы тұңғыш "Үркер" ұлттық сыйлығы тағайындалғанын жариялаған. "Үздік сұқбат", "Үздік репортаж", "Үздік сараптама" секілді 15 номинациясы бар "Үркер" сыйлығының ірі көлемде ақшалай жүлдесі де бар.

Қазақстанда жоғары билік тарапынан журналистерге жылда берілетін ең үлкен марапат – Қазақстан президентінің сыйлығы мен гранттарын осыдан бірнеше күн бұрын мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова бірнеше журналистке табыс еткен. Baq.kz сайтының жазуынша, "салтанатты жиында "Хабар" телеарнасының тілшісі Майра Әбдірахманова президент сыйлығынан алатын қаржысын қайырымдылық қорына аударатындығын айтқан".

"СЫЙЛЫҚТАН ГӨРІ ОҚЫРМАН СЕНІМІ ҚЫМБАТ"

Алайда кәсіби мерекеге орай билік марапатынан да, салтанатты жиынға қатысудан да бас тартқан журналистер де бар. Орал қаласында шығатын "Уральская неделя" газетінің журналисі Лұқпан Ахмедияров былтыр да, биыл да ресми орындар шақырған арнайы шараға бармағанын айтады.

- Өйткені әріптестерімізді түрмеге қамап жатқанда ештеңе болмағандай кейіппен сыйлық алуға дәтім жетпеді. Билік журналистерге сыйлық бергенімен еркіндік бермейді, - дейді ол.

Дәрігерлер белгісіз адамдардың шабуылынан зардап шеккен журналист Лұқпан Ахмедияровты ауруханаға апара жатыр. Орал, 19 сәуір 2012 жыл.
Дәрігерлер белгісіз адамдардың шабуылынан зардап шеккен журналист Лұқпан Ахмедияровты ауруханаға апара жатыр. Орал, 19 сәуір 2012 жыл.

"Уральская неделя" газетінде еңбек етіп жүргенде бірнеше рет соққыға жығылған журналист Лұқпан Ахмедияровтың үстінен шенеуніктер мен құқық органдары өкілдері төрт рет сотқа шағым берген. Сот шешімімен журналистке жалпы сомасы жеті жарым миллион теңге айыппұл салынған. Айыппұл төлеуге қаржысы жетпеген соң Ахмедияров журналистикадан кетіп, бизнеспен де шұғылданып көрген. Алайда кейін журналистикаға қайта оралып, достарының көмегімен айыппұлдан құтылған.

Сарапшы, журналист Қуандық Шамахай Қазақстанда журналистерді марапаттау Батыстың дамыған елдерінен өзгеше екенін айтады. Оның сөзінше, Батыста кәсіби біліктілігімен көзге түскен журналистерді билік емес, тәуелсіз қоғамдық ұйымдар марапаттайды.

Баспасөз билік жұмысын бақылайтындықтан онымен ымыраласпайды, билік оларға сыйлық берсе де алмайды.

- Билік марапаттаған баспасөз Батыста оқырман сенімінен айырылады. Баспасөз билік жұмысын бақылайтындықтан онымен ымыраласпайды, билік оларға сыйлық берсе де алмайды. Қазақстанда биліктен сыйлық алу "абырой" болып есептеледі, бірақ ол шын мәнінде билік пен баспасөз арасындағы сауда сияқты көрінеді, - дейді ол.

Қуандық Шамахай "Қазақстанда сөз бостандығы мүлде жоқ деуге де болмайды, бірақ толыққанды емес" деп санайды.

- Тәуелсіз журналист болу қауіпті, өйткені билікте жабық тақырыптар көп. Оны жазған журналистер жауапқа тартылуы, тіпті өміріне қауіп төнуі де мүмкін, - дейді ол.

Лұқпан Ахмедияров пен Қуандық Шамахайдың пікірінше, "Қазақстанда журналистер еңбегін лайықты бағалайтын тәуелсіз қоғамдық ұйымдар аз".

Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында "Президент және халық" газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаев жетекшілік ететін қоғамдық атақтар мен марапаттар жөніндегі республикалық кеңес арасында оппозициялық басылым журналистері де бар бір топ егде журналистке "Қазақ журналистикасының қайраткері" атағын тапсырған. Бірақ сыйлық алушылардың сөзінше, "қаржылай жүлде болмаған".

Бұған дейін Қазақстандағы тәуелсіз басылымдар мен журналистерге Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қоғамдық қор ұйымдастырған "Алтынбек Сәрсенбайұлы сыйлығы" беріліп келген еді, бірақ соңғы жылдары ол сыйлық тоқтап қалған.

XS
SM
MD
LG