Accessibility links

Журналист Жанболат Мамайдың соты басталды


Азаттықтың тікелей трансляциясынан алынған журналист Жанболат Мамай суреті (скриншот). Аблязов БТА банктен "жымқырған" қаражаттың бір бөлігінің "ізін жасырды" деп айыпталған Жанболат Мамай сот залында отыр. Алматы, 14 тамыз 2017 жыл.

Алматының Медеу аудандық №2 сотында «Трибуна. Саяси қалам» газетін басқарған журналист Жанболат Мамайға қатысты алғашқы сот тыңдауы өтті. Оған қылмыстық кодекстің 193-бабы бойынша «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлiктi заңдастыру» айыбы тағылған. Сотта адвокат Жанар Балғабаева бірнеше өтініш жасап, судья оларды ішінара қанағаттандырды.

28 жастағы Жанболат Мамайдың сотына деген қоғам тарапынан қызығушылық басым екені аңғарылады, өйткені, сот тыңдауына келген жұрттың қарасы мол болды.

Медеу аудандық №2 сотында басталған процеске Жанболат Мамайдың әке-шешесі, жұбайы Инга Иманбай, саясаткерлерлер Төлеген Жүкеев, Әміржан Қосанов, жазушы Қабдеш Жұмаділов, журналист Ермұрат Бапи сияқты бас-аяғы 50 шақты адам келді. Сот ғимаратына кірер жерде адамдар полиция өкілдерімен сөзге келіп, айқай-шу көтерілді. Сот қызметкерлері жұртты сабырға шақырып, зорға тыныштандырды. Алдын-ала айтылған ақпарат бойынша отырыс ашық өткенімен, сот залы шағын болғандықтан, жиналғандардың барлығы сотқа кіре алмады. Судья Дәурен Мәукеев сотта судья мен прокурорды суретке түсіруге рұқсат бермеді, ал сотталушы мен оның адвокаттарын суретке түсіруге тыйым салған жоқ.

ЖАНБОЛАТ МАМАЙ КІМ?

Отырыс барысында Жанболат Мамайдың адвокаттары Жанар Балғабаева мен Мадина Бакиева сотқа бірнеше өтініш айтты. Біріншіден, адвокаттар ашық түрде өтетін сот отырысына қатысуға ниетті адамдардың көптігіне байланысты кең зал сұрады. Судья «қазіргі залдың Медеу аудандық №2 сотындағы ең үлкені, ғимараттағы басқа кең бөлмелердің өзге ауданның соттарына тиесілі» екенін айтып, өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.

МАМАЙДЫ ҚАМАУДАН БОСАТПАДЫ

Адвокаттар айтқан екінші өтініш қамауда 10 ақпаннан бері, алты айдан астам уақыт отырған Жанболат Мамайды денсаулығының нашарлауына байланысты қамаудан босату туралы болды. Адвокаттар Мамайдың алдағы сот отырыстарына уақытында келуіне, рұқсатсыз ешқайда кетпеуіне жазушы Қабдеш Жұмаділов, саясаткер Серікболсын Әбділдин мен мәдениеттанушы Мұрат Әуезов кепіл болатынын мәлімдеді. Прокурор Баймағамбетов «адвокаттар айтқан мекен-жайда Жанболат Мамайдың қауіпсіздігіне кепіл жоқ» деп, қарсылық білдірді. Судья да прокурор пікірін қостап, журналисті қамаудан босатпады.

Азаттық трансляциясының видеосы:

Жанболат Мамай өзіне қатысты сот отырыстарына ата-анасы мен әйелі Инга Иманбайдың қоғамдық қорғаушы ретінде қатысуға рұқсат беруді сұрады. Прокурор Инга Иманбайдың «іс барысында куәгер ретінде жауап беруіне байланысты қоғамдық қорғаушы бола алмайтынын» айтты. Судья Мамайдың өтінішін жартылай орындап, ата-анасына қоғамдық қорғаушы статусын беруге келісті. Ал адвокат Мадина Бакиеваның «Мамаймен сот отырысы басталғанға дейін кездесіп алуға рұқсат беріңіз» деген өтінішіне судья «адвокат қорғауындағы адаммен тек СИЗО-да ғана кездесе алады» деп, қысқа қайырды.

Судья Дәурен Мәукеев келесі сот отырысын адвокаттармен ақылдаса келе тамыздың 18-і (жұма) сағат күндізгі 11-ге белгілеп, бүгінгі алдын-ала тыңдаудың аяқталғанын мәлімдеді.

СОТТАН ШЫҚҚАН ЖҰРТТЫҢ ПІКІРІ

Сот отырысына қатысқан саясаткер Төлеген Жүкеев: «Үлкен өзгерістерді көріп отырғаным жоқ. Алдымызда нақты отырыс басталады ғой, сол кезде байқалмаса, қазір нақты өзгерісті көрмедім. Әблязовтің ақшасын алып, газет ашты дегендері жалған, өтірік қой. Ешқандай дәлелдері жоқ. Мұның бәрі - арандату. Мұның бәрі Жанболат Мамайды үркітіп-қорқытып, саясаттан, қоғамдық істерден кетсін дегені ғой» деді.

Бөлек қоршауда отырған Жанболат Мамай мен сотқа қатысып отырған көпшілік. Алматы, 14 тамыз 2017 жыл.
Бөлек қоршауда отырған Жанболат Мамай мен сотқа қатысып отырған көпшілік. Алматы, 14 тамыз 2017 жыл.

Ал өздерін оппозиционер санайтын кей азаматтарға «Жанболат Мамайдың бостандыққа шығуы маңызды, сондықтан қырып-жою туралы саяси амбицияларды ысырып қоюға» кеңес берген саясаткер Әміржан Қосанов: «Жақсылыққа жорып отырмын. Әрине, бұлар тактика ұстанып отырған болар. Либералды өткізіп, әртүрлі ұсыныстарды қабылдап, соңғы үкімге келгенде қатты қылып жіберуі мүмкін. Мен оптимистпін. Үміттенуіміз керек» деді.

Құқыққорғаушы Маржан Аспандиярова: «Заң орындалмай отыр. Адвокат жақсы дәлелдеді. Жанболатты қамауда ұстаудың еш негізі жоқ. Ешқандай тергеу амалдары жүрмеді. Шамасы судья біреулерден нақты тапсырма алғаны байқалады. Мұның бәрі билікке қарсы боп жүрген адамдардың үнін шығармау үшін жасалып жатқан әрекеттер» дейді.

Айыпталушының әкесі әрі қоғамдық қорғаушысы Мамай Бекқожиев: «Соттың көзқарасы жаман емес. Жанболатқа үйде ешқандай қауіп жоқ. Аздап ауырған еді, тәуір болды. Өзінің кінәсі жоқ екенін біледі. Өзіне сенімді. Халық та қолдап отыр» деп, ұлының ақталып шығатынынан үміті бар екенін айтты.

Прокурорлардың пікірін білу мүмкін болмады.

"Трибуна. Саяси қалам" газеті бас редакторының міндетін атқарушы болған, 28 жастағы Жанболат Мамай 2017 жылы ақпанның 10-ы сот шешімімен екі айға қамалған. Тергеу тарабы "2009 жылдан бері Еуропада жүрген бұрынғы банкир және оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов БТА банкінен ұрланған ақшаның бір бөлігінің ізін Мамай басқаратын "Трибуна. Саяси қалам" газеті арқылы қаржылық операциялар жасап жасырған" деп күдіктенеді. Журналист бұл айыпты мойындамайды. Ал Мұхтар Әблязов бұл айыптауды "абсурд" деп атап, Мамаймен ешқашан кездеспегенін мәлімдеген.

Төрт жарым жыл шыққан, соңғы атауы "Трибуна. Саяси қалам" болған басылымның Жанболат Мамай тұтқындалғаннан кейін бір ғана саны шықты.

Видео: Оппозициялық "Трибуна" газеті шықпай қалды (2 наурыз, 2017 жыл​):

Газеттің түбегейлі жабылғаны маусым айында белгілі болды.

Жанболат Мамай абақтыда өзін соққыға жыққаны туралы хабарлаған соң оны қорғау комитеті құрылған. Халықаралық "Журналистерді қорғау комитеті" мен IFEX (сөз бостандығы құқығын қорғау ұйымдарының желісі) Қазақстан билігін Мамайды босатуға шақырған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG