Accessibility links

Жылқы дауының ақыры шенеунікке тәркілеу мен айыппұл боп тиді


Прокурор Ақжол Ахметов сұрақ қойып отыр. Қарағанды облысы, 23 қазан 2015 жыл.
Прокурор Ақжол Ахметов сұрақ қойып отыр. Қарағанды облысы, 23 қазан 2015 жыл.

Жылқы дауына байланысты сотта Қарағанды облысы Нұра ауданы әкімінің орынбасарына 2 миллион теңге айып төлетіп, мүлкін тәркілеу туралы үкім шықты. Оның бұрынғы «топ адам болып алаяқтық қылу» айыбы «қызмет бабын асыра пайдалануға» ауысқан.

Қарағанды облысы Нұра ауданы әкімінің орынбасары Хәкім Бековтің соты жұтқа танымал болды. Өйткен бұл ауданда Қазақстан егемендік алғаннан бері ешқашан жоғары лауазымды шенеунік сотталған емес. Ол жемқорлыққа қатысты айыпталған істе жылқы да сөз болған. Фермер Дәулет Жапанов "шенеунік жылқыны пара есебінде беруге мәжбүрледі" деп шағымданған. Сондықтан бұл соттың ақырын бәрі күткен.

ТҮРМЕНІҢ ОРНЫНА АЙЫППҰЛ МЕН ТӘРКІЛЕУ

Үкімнің жариялануы бірнеше рет кешеуілдеді. Кей тұрғындар «алаяқтыққа қатысты бұл істе Нұра ауданының әкімі Құдайберген Бексұлтановтың аты-жөні аталған соң сот шешім шығара алмай жатқан болар» деп болжаған. Сот үкімі сотқа дейінгі тергеу ісіне іліккен әкімнің тағдырына да әсер етуі мүмкін еді. Бірақ айғақ аздықтан қазір әкімге қарсы іс тоқтатылған.

Бүгін Қарағанды облысы Осакаров ауданының соты Нұра ауданы әкімінің орынбасары Хәкім Бековке үкім шығарды. Соттың ақырғы кезінде «топ адам болып алаяқтық қылу» айыбы «қызмет бабын асыра пайдалануға» ауысқан.

Судья Талғат Құрманов. Қарағанды облысы, 23 қазан 2015 жыл.
Судья Талғат Құрманов. Қарағанды облысы, 23 қазан 2015 жыл.

Судья Талғат Құрманов Хәкім Бековке 1 мың айлық есептік көрсеткіш (2 миллион теңге немесе 7 мың доллар шамасында) айыппұл төлеу, мүлкін тәркілеу және өмір бойы кей қызметтерді (мемлекеттік қызмет атқаруға байланысты сияқты) атқару құқығынан айырған үкім шығарды. Сотталған Бековтің үкімге қатысты шағым берер-бермесі белгісіз. Арызданушы сотта болған жоқ.

Сот кезінде прокурор Ақжол Ахметов Хәкім Бековті бес жылға соттауды, мүлкін тәркілеуді және өмір бойы кей қызметтерді атқару құқығынан айыруды сұраған.

СОТТАЛУШЫ АЙЫБЫ ЖОҒЫН АЙТАДЫ

Айыппұл салынған әрі сот процесі аяқталғанша әкімдіктегі жұмысынан шеттетілген Хакім Беков тергеу амалдары мен сот тергеуі кезінде тағылған айыптарды толық жоққа шығарған. Оның айтуынша, «жылқы корпоративтік шара өткізу үшін сатып алынған», ал фермерден жер телімдерін ұзақ мерзімге жалға беру конкурсында жеңгіземін деп жылқы түрінде пара талап еткені - жалған. Оның адвокаты да «әкімнің орынбасары Беков фермерден жылқыны қарызға сатып алған және ақшасын бергісі келген кезде Жапанов кездесуден қашқақтаған» деп мәлімдеген.

Жарыссөз кезінде сотталушы шенеуніктің адвокаты "фермерден ақша алмаған, әкімнің орынбасары Беков фермер Жапановтың конкурсқа қатысқанын жеңімпаздар тізімі жазылған конвертті ашқан кезде бір-ақ білген" деді. Тергеушілер жер телімдерін бөлу комиссиясының төрағасы Беков болғанына назар аударуды сұрап, конкурсқа кімдер қатысқанын білуі мүмкін деп болжайды.

Әкімнің орынбасары баспасөз өкілдерімен сөйлесуден бас тартты. Адвокаты екеуі сотта суретке түсіруге қарсы екенін де мәлімдеді.

Бұл іске қатысты екі куәгерді қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі әлі шешілген жоқ. Бұдан сәл ертеректе прокурор Ақжол Ахметов екі куәгер - Нұра аудандық мәдениет үйінің директоры Қуаныш Жүнісбеков пен осы ауданның мемлекеттік кіріс басқармасы бастығының орынбасары Гүлнәр Мұқанованың жауаптарын жалған деп тануды сұраған. Прокуратураның пікірінше, бұл куәгерлер түсініктерін өзгертіп әрі шатастырып берген.

Нұра ауданында тұратын фермер Дәулет Жапанов мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аймақаралық бөлімшесіне арызданғаннан кейін шенеунік Хакім Бековтің ісі сотқа жеткен. Фермердің мәлімдеуінше, Нұра ауданы әкімі орынбасары «жер телімін ұзақ мерзімге жалға алу конкурсында жеңгің келсе, семіз жылқы бересің» деп талап қойған. Бірақ фермер "жылқысын берсе де, конкурста ұтылып қалғанын", кейін шенеунік жылқының ақшасын қайтарғысы келмеген соң полицияға шағымданғанын айтады. Фермер мен шенеуніктердің арасындағы әңгімені, ақша алу-беру сияқты кейінгі әрекеттердің бәрін полицейлер видеокамераға жазып алған.

XS
SM
MD
LG