Accessibility links

Тұрғындар өтемақы күтіп отыр


Чкалово ауылының тұрғыны су тасқынынан зиян келген үйінің қабырғасын көрсетіп тұр. Қарағанды облысы, 28 сәуір 2017 жыл.
Чкалово ауылының тұрғыны су тасқынынан зиян келген үйінің қабырғасын көрсетіп тұр. Қарағанды облысы, 28 сәуір 2017 жыл.

Қарағанды облысында бірнеше елдімекен тұрғындарының су тасқынынан шеккен зиян көлемін есептеп шығарды. Бірақ үйін су алғандардың кейбірі жарияланған өтемақы сомасы бүлінген баспананы қалпына келтіруге жетпейді деп қауіптенеді.

Қарағанды облысында биыл көктемде болған су тасқынынан ең көп зардап шеккен Чкалов ауылы тұрғыны, екінші топтағы мүгедек Иван Антонов сыз үйде тұрып жатыр. Енді ол тағы да емделуге, бүлінген баспанасын жөндеуге ақша жинауға мәжбүр.

«ШАЛШЫҚТА ТҰРЫП ЖАТЫРМЫЗ»

Бұл ауылды тасқын су екінші рет басты. 2015 жылғы тасқыннан кейін Антоновтар отбасы шатырына дейін су алған үйін зорға дегенде қалпына келтіріп, жаңа жиһаз сатып алған еді. Енді соның бәрін қайта қалпына келтіруі тиіс, бірақ Антоновтардың үйі тұруға қауіпті – оның қабырғаларында анық байқалатын жарықтар пайда болған.

Чкалово ауылында кезекті тасқыннан кейін екінші топтағы мүгедек Иван Антоновтың үйінің қабырғаларында жарық пайда болған. Қарағанды облысы, 15 мамыр 2017 жыл. Ауыл тұрғындары түсірген сурет.
Чкалово ауылында кезекті тасқыннан кейін екінші топтағы мүгедек Иван Антоновтың үйінің қабырғаларында жарық пайда болған. Қарағанды облысы, 15 мамыр 2017 жыл. Ауыл тұрғындары түсірген сурет.

- Маған тасқыннан келген зиян көлемін 2 миллион 200 мың теңге деп есептеді, бірақ оған келіскен жоқпын. Ондай ақша жетпейді. Бұлары - мүлде әділетсіздік. Тасқын кесірінен бүлінген дүние-мүліктің бәрін есептесек, бұдан әлдеқайда көп сома шығады. Шалшықта тұрып жатырмыз деуге болады. Тағы екі жыл кептіру керек. Үйдің қабырғалары қазірдің өзінде жарылып кетті. Су кіргені жарықтарынан анық байқалады, қабырғаларға су сіңгені көрініп тұр. Бұған қоса үй қабырғасы шлактан құйылғандықтан сіңген су жылдап кеппеуі мүмкін, - дейді мүгедек Иван Антонов Азаттыққа.

ТАСҚЫН ШЫҒЫНЫ – 160 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ

Жуырда Қарағанды облысы билігі тасқыннан келген зиянның алдын ала есебін жариялады. Бағалау комиссияларының есебі бойынша, зардап шеккен тұрғындарға жалпы сомасы 160 миллиондай теңге өтемақы төлеу қажет.

Мамырдың 15-і күні Қарағандыда өткен жиында облыс әкімінің орынбасары Андрей Ляпунов: «Бүлінген мүлікті бағалау, үйлерді техникалық тұрғыдан тексеру жұмыстары аяқталды. Алдын ала мәлімет бойынша, тасқыннан зардап шеккен тұрғындардың шығынын өтеу үшін 160 миллион теңге қажет. Облыс бюджетінен шамамен 148,6 миллион теңге, ал аудандар бюджетінен шамамен 12 миллион теңге бөлу жоспарланып отыр» деп хабарлады.

Тасқын су жайылған соң бірнеше күннен кейін бағалау комиссиясы өкілдері зардап шеккен тұрғындардың үйлерін аралап, бағалау нысаны сипаттамасын жазып, нәтижелері бойынша актілер толтырған. Шығынды бағалау кезінде мүлде жарамсыз болып қалған немесе бүлінген мүліктің бүкіл құны емес, өтеу бөлігінің есеп айырысу құны ғана есепке алынатыны анықталды.

«ТІПТІ ҚҰРЫЛЫС МАТЕРИАЛЫНА ДА ЖЕТПЕЙДІ»

Чкалов ауылының тағы бір тұрғыны Татьяна Вайгант та тасқын зиянын бағалаушылар белгілеген сомамен келіспейді. Мүгедек әйелдің бір жарым метр су басқан үйі де қатты бүлінген.

- Әлгі сомаға келіспеймін, оны азайтып көрсеткен. Үйімді қайтадан қалпына келтіруге тура келеді. Бірақ 1 миллион 500 мың теңге деп есептеп берген сомасы тіпті құрылыс материалын алуға да жетпейді. Бұған қашанғы төзуге болады? Үйімізді тағы су алмайтынына кепілдік қане? Бұрын ешқашан бұлай су баспайтын еді ғой. Шамам жеткенше құзырлы орындардың бәріне шағымданамын, - дейді Татьяна Вайгант.

Тасқын салдарынан үй қабырғаларына су сіңіп қалған. Чкалово ауылы, Қарағанды облысы, 15 мамыр 2017 жыл. Ауыл тұрғындары түсірген сурет.
Тасқын салдарынан үй қабырғаларына су сіңіп қалған. Чкалово ауылы, Қарағанды облысы, 15 мамыр 2017 жыл. Ауыл тұрғындары түсірген сурет.

Биыл 42 үйді су басқан Садовое ауылы тұрғыны Долдахан Досболдың айтуынша, оның шығынын 900 мың теңге деп бағалаған. Ол отбасымен 2015 жылы су тасқыны кезінде құлаған үйінің орнына салып берген жаңа үйде тұрады. Ол кезде Садовое ауылында жайылған судан биылғыдан көп үй құлап, бүлінген, күрелгендердің орнына 37 үй салынған.

- Бұл жолы менің үйіме жайылған су деңгейі бір метрдей болды. Су цементтен құйылған еденді ойып тастады. Гипсокартоннан жасалған қабырғаларды ауыстыруға тура келеді, қабырғалар мен төбе сыз тартып тұр. Қазір бір бөлмеде ұйлығысып тұрып жатырмыз, бөлмелердің бәрі сыз. Негізі, салып берген үйдің сапасына қатысты да айтар шағымымыз бар. Қыста суық. Ал есептеп берген шығын сомасына қатысты айтар болсам, жетсе де, жетпесе де, бәрібір ештеңе өзгерте алмайсың, мемлекет осынша бөліп отыр, - дейді Долдахан Досбол.

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚАРЖЫ ЕСЕБІНЕН КӨМЕК

Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетуге шақырған үндеуді елдің өзге азаматтары қолдап, жылу жинады. Жәрдем қаржыны "Қызыл Жарты ай" қоғамының Қарағанды облысындағы филиалы ашқан есеп-шотқа аудара бастады. Филиал директорының Азаттыққа хабарлауынша, банктегі есеп-шотқа жиыны 21 миллион 831 мың теңге түскен. Мамырдың 15-індегі есеп бойынша, қайырымдылық қаржының 10 миллион 618 мың теңгесі жұмсалған. Ол ақшаға көбінесе құрылыс материалдарын, көмір, азық-түлік, гигиеналық құралдар сатып алынған.

Әлгі ақпаратқа сәйкес, жұмсалған жалпы соманың 4,5 миллион теңгеден көбі Нұра ауданы Тассуат кентінің ақшаны өз қалауынша жұмсауды ұйғарған 23 тұрғынының банк карталарына аударылған. Ақшаның тағы бір бөлігі тасқыннан зардап шеккен кей тұрғындар үшін жалға алған баспананың ақысын төлеуге бөлінген.

Қарағанды облысы әкімдігінің дерегінше, Қарқаралы ауданынан иелерінің қолында меншік құқығын растайтын құжаттары жоқ үш апатты үйді қайырымдылық қаржысы есебінен қалпына келтіруді сұраған өтініш түскен. Ол өтініштер орындалған.

- Қалған 11 миллион 212 мың теңгені қажетіне қарай бөлеміз. Қайырымдылық есеп-шоты әлі ашық, бірақ қазір жұрт бұрынғыдай көп ақша аударып жатқан жоқ. Қазір Шет және Бұхар жырау аудандарынан өтініштер түсіп жатыр. Қайырымдылық қорына түскен ақша есебінен баспанасын қалпына келтіріп беруді сұраған өтініштер бүлінген үйіне меншік құқығын растайтын құжаттары жоқ болғандықтан, бюджеттен өтемақы ала алмайтын тұрғындардан түсіп жатыр. Ақшаны жеткізу жағын қарастырамыз, - дейді "Қызыл Жарты ай" қоғамының Қарағанды облысындағы филиалы директоры Марғұлан Сыздықов.

Биыл көктемгі су тасқыны басталғаннан бері Қарағанды облысының 22 елдімекенінде 140 тұрғын үй мен 274 аулаға су жайылған. Ең көп зардап шеккен аудан - Бұқар жырау ауданы. Бұл ауданда 123 арыз бойынша 112 миллион теңгенің зиянын өтеп беруі тиіс. Ең көп зардап шеккен адамдар - Садовое мен Чкалов ауылдары тұрғындары. Тасқыннан ең аз зардап шеккен аудан - Абай ауданы. Мұнда жайылған судан зардап шеккен екі тұрғынға 575,5 мың теңге төлеуі тиіс. Қалған аудандарда тасқыннан, алдын ала мәлімет бойынша, 5 миллионнан 19 миллион теңгеге дейін зиян келген деп бағаланған.

XS
SM
MD
LG