Accessibility links

Қашаған мұнайын өндіру қашан басталатыны белгісіз


Kazakhstan -- Employees work at a drill rig at an offshore island in the northern Caspian Sea, part of the Kashagan oilfield, 11Oct2012
Kazakhstan -- Employees work at a drill rig at an offshore island in the northern Caspian Sea, part of the Kashagan oilfield, 11Oct2012

Қашаған кенішінен мұнай өндіру жұмыстарын қайта бастау мерзімі созылып кетті. Билік енді «Қазақстан әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші елдер ондығына кіреді» деген болжамын да тартына айтатын болды.

Кеніш ашылған сәттен бастап одан өндірілетін мұнай көлеміне қатысты түрлі жорамал айтылды. Іске қосылған сәтте «2014 жылы сегіз миллион тонна, ал 2015 жылы 12 миллион тонна мұнай өндіріледі» деп болжанған. Бұл жоспарлар орындалса, әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші жиырма елдің соңында келе жатқан Қазақстан ондыққа кірер еді.

БОЛЖАМДАР

Елдегі ең ірі теңіз кеніші Қашағанда мұнай өндіру жұмыстары қашан қайта басталатынын Қазақстанда да, шетелде де ешкім нақты айта алмайды. 2000 жылы ашылған кен орны 2013 жылдың қыркүйегінде іске қосылды. Бірақ бір айға жетпей газ құбыры жарылып, мұнай өндіру тоқтады.

Қазан айында Қашаған операторы - NCOC халықаралық консорциумы «кеніштегі жұмыстар бірер аптадан кейін қайта басталады» деп мәлімдеді. Бірақ қараша айында бұл мерзім кем дегенде 2014 жылға дейін шегерілетіні белгілі болды. Ақпан айының басында АҚШ энергетикалық ақпарат басқармасы «Қашағанда мұнай өндіру биылғы жылдың екінші жартысында ғана қайта басталады» деген қысқа мерзімді болжам таратты.

«ҚазМұнайГаз» компаниясының басқарма төрағасы Сауат Мынбаев.
«ҚазМұнайГаз» компаниясының басқарма төрағасы Сауат Мынбаев.
​Бірақ енді бұл болжамның да орындалуына күмән туды. Осы аптада бұл жөнінде NCOC консорциумы мүшесі «ҚазМұнайГаз» компаниясының басқарма төрағасы Сауат Мынбаев мәлімдеді. Ол Астанада өткен бринфингінде «өндіру жұмыстары екінші жартыжылдықта қайта басталуы мүмкін, бірақ бұл –болжам ғана. Сондықтан өндірілетін көлемге қатысты комментарий бере алмаймын» деді.

Қашаған мұнайын өндіруге қатысты пікірін Сауат Мынбаевтан бір күн бұрын экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев та айтқан еді. Ол биылғы жылдың екінші жартысында екі жарым миллионнан үш миллион тоннаға дейін мұнай өндірілуі мүмкін деген жорамал жасады.

ЖАРЫЛҒАН ҚҰБЫРЛАР

Қашағаннан алғашқы мұнайды өндіру 2013 жылы қыркүйектің 11-і күні басталғанымен, D жасанды аралынан келетін газ құбыры жарылып, қыркүйектің 25-і күні жұмыс тоқтап қалды. Қазанның 7-сі күні «жұмыс қайта басталды» деп хабарланды. Бірақ тағы бір газ құбыры жарылып, жобаны игеру жұмыстары белгісіз мерзімге шегерілді.

Сейсенбі күні «ҚазМұнайГаз» компаниясы басшысы Сауат Мынбаев «Құбырларды ауыстыру қажет. Бірақ әуелі құбырлардың жарылу себептерін анықтайтын түпкілікті ұйғарымды күтеміз. Ол наурыздың аяғына қарай дайын болады» деді.

ҚҚашаған кенішінің D аралындағы құбырлар. Каспий теңізі, 21 тамыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
ҚҚашаған кенішінің D аралындағы құбырлар. Каспий теңізі, 21 тамыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
D аралынан «Болашақ» қайта өңдеу зауытына дейін тартылған құбыр желісі мұнай мен газ тасымалдайтын ондаған құбырдан тұрады. Аса берік көміртекті болаттан жасалған құбырлар Жапонияның Mitsui&Co компаниясынан сатып алынған. «Аса мықты деген құбырлар неге жарылады?» деген сұрақтың түпкілікті жауабы әлі дайын емес. Бірақ оған дейін «құбырларды ауыстырып жіберген, құбырларды пайдаланудың қиындығы» деген сияқты пікірлер айтылды.

Ақпан айында мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин «проблеманың көбі құбырлардың дәнекерленген тұстарынан шықты» деп хабарлады. Мұнай және газ министрлігі болжамынша, табиғи газдың құрамындағы күкіртті сутегі өндірістік реагенттермен қосылып, құбырдың дәнекерленген тұстарын жұқартып жіберуі мүмкін.

Қазақстан билігі есебінше, Қашағанда мұнайдың 4 миллиард 800 миллион тонна, табиғи газдың 1 триллионнан көп текше метр қоры бар. Бірақ сарапшылар «барланған қор көлемінің жартысына да жетпейтін бөлігін ғана өндіруге болады» деген болжам жасайды.
XS
SM
MD
LG