Accessibility links

Алматының түбіндегі ауылдар газдан тарығып отыр


Газ құбыры. Алматы облысы, Қарасай ауданы, 31 қаңтар 2012 жыл.
Газ құбыры. Алматы облысы, Қарасай ауданы, 31 қаңтар 2012 жыл.

Зейнеткерлер газ құбырының тартыла бастағанына қуанса да, оны үйге кіргізетін қаржы таба алмай қиналып отыр. Ал оралман ақсақал шетелден алатын зейнетақысы болмаса ай сайын газ ақысын төлеуге шамасы жоқ екенін айтады. Газ құбырын тартатын мекеме маманы тұрғындарға Қытайдан сатып алынған түркімен газын жеткізіп отырғанын айтады.


Қаңтарды 27-сі күні жарияланған Дүниежүзілік экономикалық форум (World Economic Forum) экологиялық өнімділік индексін талдап жасаған тізімінде 2011 жылы Қазақстан 132 елдің арасынан 129-шы орынға төмендеген еді. Қазақстаннан кейінгі соңғы орындарда Өзбекстан, Түркіменстан және Ирак тұрды.

АҚШ-тың Йель және Колумбия университеттерінің Дүниежүзілік экономикалық форуммен бірлесе дайындаған есебінде 132 мемлекеттің экологиялық саясатына талдау жасалған. Ұйым есебінде ауа мен судың ластануына назар аударылып, мемлекеттердегі көмір мен газ пайдалану көрсеткіштері де есепке алынған. Тұрмыстық және өндірістік мақсатта көмір жағудың кесірінен ауасы ең қатты ластанған елдердің қатарына енген Қазақстанның халқы бұл есепке қарағанда газбен жеткілікті түрде қамтылмаған.

Ал ресми ақпарат құралдарының деректеріне қарағанда, соңғы жылдары Қазақстанда газдандыру ісі қарқынды түрде жүріп жатыр. Осыған орай Азаттық тілшісі Алматы облысы Қарасай ауданындағы кейбір ауылдардың қалай «газданып» жатқанына назар аударған еді.

«ОНДАЙ АҚШАНЫ ҚАЙДАН ТАБАМЫН»

Азаттық тілшісімен тілдескен Қарасай ауданы Іргелі ауылдық округіне қарасты Көксай ауылының тұрғындары «бір қуанып, бір мұңайғандарын» жеткізді. «Ауылымызға газ құбыры тартылғанда көмірдің күйелешінен құтылатын болдық деп бір қуандық. Алайда құбыр үйдің жанымен өтсе де, оны үйге қарай бұру оңай емес екен, қомақты қаржың болмаса газды армандамай-ақ қойсақ та болатын сияқты» дейді олар.
Талқанбаева Сәуле, Көксай ауылының тұрғыны. Алматы облысы, Қарасай ауданы, 31 қаңтар 2012 жыл.
Талқанбаева Сәуле, Көксай ауылының тұрғыны. Алматы облысы, Қарасай ауданы, 31 қаңтар 2012 жыл.

Көксайдағы асфальт көрмеген, алайда «Арай» деген әуезді аты бар көшенің тұрғыны 2-топтағы мүгедек Сәуле Талқанбаева айналасындағы бірнеше көршісі газ құбырын тарту үшін ақша төлеп қойғанын, ал өздерінің шамасы жетпейтінін айтады.

- Газ құбырын тарту үшін әуелі 265 мың теңге төлейсің деді. Кейін 294 мың теңгеге көтерді, ақыры 320 мыңға бір-ақ шығарды. Жалғыз бала әйелімен бөлек кеткен. Оның өзі күнін әрең көріп жүр. Шалымның зейнетақысы 24 мың теңге, өзімдікі 25 мың теңге. Сонда ондай ақшаны біз қайдан таппақпыз? Әлде зейнеткерлерге газ керегі жоқ па? Аудан әкімшілігі осыған неге назар аудармайды, - дейді Сәуле Талқанбаева.

Осы көшенің тағы бір тұрғыны 77 жастағы қария Әлет Жалалов та газ құбырын тартуға қанша ақша қажет екенін есептеген соң «көмірмен-ақ» отыра берейік деп қолды сілтеп қоя салғанын айтады.
Әлет Жалалов, Көксай ауылының тұрғыны. Алматы облысы, Қарасай ауданы, 31 қаңтар 2012 жыл.
Әлет Жалалов, Көксай ауылының тұрғыны. Алматы облысы, Қарасай ауданы, 31 қаңтар 2012 жыл.

- Осы совхозда 44 жыл жұмыс істедім. СССР фашистік Германияны талқандаған соң социализм орнатамыз деп біраз жүгірдік. Аяғы қандай болғанын өзің көрдің. 1995 жылы 2 мың теңгемен зейнетке шықтық. Қазір қолға тиетіні 33 мың теңге.

320 мың теңгеге газ кіргізу керек. Газ пешінің өзі 120 мың теңгенің үстінде. Өлшейміз деп тағы алады ақшаны. Сонда айналып 500 мыңға барады. Ондай ақшаны қайдан аламын, айтшы өзің? - дейді Әлет Жалалов.

- Қолымда бірінші топтағы мүгедек қызым бар. Алматы қаласы «Қалқаман» ықшам ауданындағы аурухана тізімінен шығарамыз деген соң оны қалаға апарып тіркедік. Ауру қызымды аптасына үш рет Қалқаманға апарып қанын тазалатамын, екі бүйрегі істемейді. Өз көлігіммен ілдебайлап апарып жүрмін. Енді көлік жүргізуге де шамам келмейтін болып бара жатыр. Кемпірім қайтыс болған, ұл бала жоқ. Күйеуі өлген тағы бір қызым да екі баласымен маған қарап отыр. Енді сол балалардың тезірек ержетуін тілегеннен басқа не қалды? - дейді 77 жастағы қария.

«ХАТ ЖОЛДАУДАН АСА АЛМАЙМЫЗ»

Азаттық тілшісі Қарасай ауданының әкімдігіне барып, ауданды газдандыру мәселесі жайында пікірін білмек үшін аудан әкімінің орынбасары Ерлан Сүйлейменовке жолығып еді, ол мұндай мәселелерді бөлім жетекшілерінен сұраған дұрыс болатынын айтып, Азаттық радиосына сұқбат беруден бас тартты.
Сәуле Талқанбаеваның үйі. Алматы облысы, Қарасай ауданы, 31 қаңтар 2012 жыл.
Сәуле Талқанбаеваның үйі. Алматы облысы, Қарасай ауданы, 31 қаңтар 2012 жыл.

Қарасай аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бастығы Дархан Биғазиев «Қарасай ауданын газдандыру ісімен жеке компаниялар айналысатынын, ал олардың қойған бағасына әкімшіліктің араласа алмайтынын» айтты.

- Газ құбырын тартуға ақшамыз жоқ деп, бізден жәрдем сұрайтындар жеткілікті. Әлеуметтік хал-ахуалы нашар тұрғындарға көмектесуді сұрап газ құбырын тартатын компанияларға ұсыныс хат жолдаудан аса алмаймыз. Бірақ оны қаншалықты ескеретінін компаниялар өздері біледі, - дейді Дархан Биғазиев.

«ГЕРМАНИЯНЫҢ ЗЕЙНЕТАҚЫСЫ БОЛМАСА...»

Мұнан соң Азаттық тілшісі Көксай ауылымен қоса Қарасай ауданының бірнеше ауылдық округіне газ құбырын жүргізіп жатқан «Тәуекел-Т» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барған еді.

«Тәуекел-Т» компаниясының кассасы маңында жүрген бір топ адамдардың ішінен кейінгі кездері танымал болған «Қара жорға» биін Қазақстанға алғаш таратушы Арыстан Тосын көзге шалынды. Ақсақал Азаттық радиосының тілшісіне өзінің Қарасай ауданы, Райымбек ауылына 1995 жылы көшіп келгенін, мешіт салып, бала оқытатынын, үйіне де, мешітке де газ тартқызғанымен қиыншылығы көбейіп жатқанын әңгімелеп берді.

- «Күн суыса газ қатып қалады» дейді, Еуропада жүргенімде газ қатып қалады дегенді естімеппін. Осыдан 15 күн бұрын газ тоқтап қалды. Кейде аз келеді. Биыл мұндай жағдай 5-6 рет болды. Оның үстіне газбен ілесе келген құбырдың таты газ-ошақтың тесігін бітеп тастайды екен. Мұны газ-ошақты жөндеген мамандар айтты. Мәселен, биыл үш рет ошақ тазалаттым. Бір жолы 18 мың, келесіде 20 мың, одан кейін 25 мың теңге төледім, - дейді Арыстан Тосын.
Арыстан Тосын, Райымбек ауылының тұрғыны. Алматы облысы, Қарасай ауданы, 31 қаңтар 2012 жыл.
Арыстан Тосын, Райымбек ауылының тұрғыны. Алматы облысы, Қарасай ауданы, 31 қаңтар 2012 жыл.

Бірақ ол бұл жайтты айтып шағымданбағанын, бәрібір ешкім тыңдамайтынын айтады.

- Шағымданып шаршағанша, ақшаңды беріп тазалата салғаның жақсы. Ал айына газға 30-40 мың теңгенің арасында төлеймін. Мешітке де солай, - дейді ақсақал.

Тек газдың өзіне мұншалықты қаржы төлейтініне қарап Азаттық тілшісі «Кәсіпкерлікпен шұғылданатын боларсыз» деп сұраған еді. Зейнеткер кәсіпкерлігі жоқ екенін, зейнетақыны Германиядан алатынын жеткізді.

- Германияның халықаралық поштасында 40 жыл жұмыс істедім. Қазақстандағы отбасымда 2 ұлым бар, бірі мектепте, екіншісі Түркияда оқиды. Бұлар екінші әйелімнен. Бірінші әйелімнен 5 бала, 11 немерем бар. Германиядан 1600 еуро зейнетақы алмасам, мектеп ашып бала оқыту, газдың ақшасын төлеу мүмкін емес Қазақстанда, - дейді ол.

«ҚЫТАЙҒА ТӨЛЕП ОТЫРМЫЗ»

«Тәуекел-Т» компаниясының бас инженері Кенжебек Шынәлиев 2001 жылдан 2006 жылға дейін Қарасай ауданындағы газ құбырларын компания өз ақшасына тартқанын, ал қазір белгіленген қаржының мемлекеттік сараптамадан өткізіліп, заңды түрде бекітілгенін айтады.

Ол сонымен қатар соғыс ардагерлеріне тегін, ауған соғысына қатысқандар мен 1-2-топтағы мүгедектерге 30 пайыз жеңілдік берілетінін құлаққағыс етті.

- Мешіт, шіркеулерге, 10 балалы отбасыларға құбырды тегін тартып жатырмыз , 7 баласы барларға 50 пайыз жеңілдік жасап келеміз. Басқа да жеңілдіктер қарастырдық, - дейді ол.
Әлет Жалаловтың пешін жөндеп жатқан адам. Алматы облысы, Қарасай ауданы, 31 қаңтар 2012 жыл.
Әлет Жалаловтың пешін жөндеп жатқан адам. Алматы облысы, Қарасай ауданы, 31 қаңтар 2012 жыл.

Кенжебек Шынәлиевтің айтуынша, «Тәуекел-Т» компаниясы «бала-шағасы жоқ, қараусыз қалған адамдарға газды тегін қосады, не болмаса біртіндеп төлейтіндей мүмкіндік береді. Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай 2 айлық акция өткізіп, газ тарту қызметін 319 000 теңгеден 259 000 теңгеге арзандатқан.

- Бізге мемлекеттік сараптама бекіткен баға - 330 000 теңге. Бұл баға 3 жылға деп бекітілді. Бірақ біз ол бағаны қоймай, өзгелерге қарағанда арзанырақ ұстап отырмыз. Құбыр қымбаттамаса, біз де қымбаттатпаймыз, - дейді ол.

Газ маманы Түркіменстанның газын алып, ақшасын Қытайға төлеп отырмыз деген пікір айтады.

- Қытай арқылы келген түркімен газы қымбат, өйткені олар (Қытай жағы – ред.) Түрікменстанға еуростандартпен төлеп қойған. Қазір газдың текше метріне 21 теңге төлесек, қалғанын үкімет көтеріп отыр. Әйтпесе текше метріне 36-37 теңгеден төлер едік, - дейді «Тәуекел-Т» компаниясының бас инженері.
XS
SM
MD
LG