Accessibility links

Сотта «билікті құлату» деген тіркес жиі айтылды


Серік Сапарғали мен Владимир Козлов сотта отыр. Ақтау, 16 тамыз 2012 жыл.
Серік Сапарғали мен Владимир Козлов сотта отыр. Ақтау, 16 тамыз 2012 жыл.
Владимир Козлов, Серік Сапарғали және Ақжанат Әминовке байланысты Ақтауда жүріп жатқан сот процесінде 21 тамыз күні сот сарапшылары жауап беруге кірісті.

Әуелі Астанадан шақырылған сот сарапшысы Назым Медеуова жауап беріп, жұмысшылардың келісім-шарты мен жалақысына қатысты сараптамасын қалай жасағаны жайлы айтты.

Назым Медеуованың айтуынша, «Өзенмұнайгаз» компаниясы берген құжаттар негізінде жасалған сараптама компанияның жұмысшылар алдында қарызы жоқтығын көрсеткен».

Прокурорды 2011 жылғы жұмысшылар наразылығында айтылған мәселе – аудандық және салалық коэфициенттер жалақыда есептелген-есептелмегенін сұрады.

Сот сарапшысы Назым Медеуова «олардың барлығы жалақыда ескерілгенін» айтты.

Ал Владимир Козловтың адвокаты Алексей Плугов «зияндылық үшін төленуге тиісті коэффициенттердің Маңғыстауда немесе Қарағанды облысындағы химиялық салаларда төлену мүмкіндігінен» сарапшының хабары бар-жоғын сұрады.

«СІЗ» БЕН «БІЗ» ЖӘНЕ «ҚОЙШЫ СЕН»

Алматы сот-сараптамасы институтының сарапшысы Әсет Сыбанқұлов «сотталушылар арасындағы иерархия анықталып, жасырын, билікті өзгерту тақырыбындағы әңгімелер, ортақ мақсаттағы шешімдер қабылданғанын, әлеуметтік алауыздық туғанын» айтты.

– Сөйлесу мінездемесіне ерекше мән берілді. Сараптаманың негізі әдісі ретінде лингвистикалық талдаулар жасалды. Сөйлесіп жатқан тұлғалардың бір-бірін жақсы
Қуғында жүрген бизнесмен Мұхтар Әблязов. (Көрнекі сурет)
Қуғында жүрген бизнесмен Мұхтар Әблязов. (Көрнекі сурет)
түсініп отырғаны анықталды. Олардың әңгімесінің ортақ тақырыбы болған. Олар өзара «біз билікке қарсы тұра аламыз» деп сөйлескен, – деді сарапшы Әсет Сыбанқұлов.

Прокурор одан «Мұхтар Әблязов пен Владимир Козловтың арасындағы иерархияны қалай анықтағанын» айтып беруді сұрады.

– Әблязов Козловқа «Володя», «сен» деп сөйлесе, Козлов оған сыпайы түрде «сіз» деп сөйлейді. Олар өзара әңгімеде «біздің міндетіміз – билікті құлату» деген бағытта әңгімелер айтқан. Козлов та оған «біз оларға қарсы тұра аламыз» деген үлгіде жауап берген, – деді сарапшы.

Сарапшы Әсет Сыбанқұлов айтуынша, «Козловтың сөзінен Әблязовқа бағыныштылығын байқауға болады».

Прокурор сарапшыдан «Мұратбек Кетебаев пен Владимир Козловтың қарым-қатынасы туралы да айтып өтуді» сұрады.

– Кетебаев Козловқа «сен» деп, ал Козлов оған «сіз» деп сөйлеседі. Бұл да Козловтың Кетебаевқа бағыныштылығын көрсетеді. Кетебаев көбіне оған бұйырып сөйлейді: «Сізге бүгін Бақыт Ниязбековна келеді, оған 4,5 мың бересіз» деген. Козлов оған «Жақсы» деп келісті, – деді сот сарапшысы Әсет Сыбанқұлов.

Оның айтуынша, Владимир Козловтың мәртебесі Серік Сапарғалидан жоғары болған.

– Козлов өзін Сапарғалимен әңгімеде еркін ұстайды. Тіпті «қойшы сен» деген сияқты тіркестерді де қолданады, – деді сарапшы Әсет Сыбанқұлов.

Ол айыпталушы Владимир Козловтың сауалдарына жауап беруден жалтарды.

– Іс ауқымы өте үлкен, сондықтан әр сөзге жеке талдау жасау мүмкін емес. Мен
Владимир Козловтың адвокаты Алексей Плугов. Алматы, 19 наурыз 2012 жыл.
Владимир Козловтың адвокаты Алексей Плугов. Алматы, 19 наурыз 2012 жыл.
оларды жалпы контексте алып сараладым, – деді.

Алайда Владимир Козловтың адвокаты Алексей Плугов соттан терроризм туралы жазбаны тыңдатуды өтініп:

– Бірақ сіз Козловтың «егер адам билікке терроризм арқылы келсе, ол бүкіл өмір бойы террорист болып қалады» дегенін естідіңіз бе, – деп сұрады сарапшыдан.

Әсет Сыбанқұлов ондай сөзді естімегенін айтты, ал сот «жазбаны тыңдауға алда уақыт бар» екенін ескертті.

«БИЛІКТІҢ АБЫРОЙЫНА НҰҚСАН КЕЛТІРУ»

Келесі кезекте сөз алған сот сарапшысы Динара Мамбекова сараптамасын ауызекі әңгіме, аудио-бейнежазбалар бойынша «ғылыми негізге сүйене жасағанын», онда Мұхтар Әблязов, Владимир Козлов, Мұратбек Кетебаевтардың «ортақ мақсатта жұмыс істегенін көрсеткенін» айтты.

– Козловтың «Алға» партиясын басқарғаны, «Халық майданы» қозғалысына жетекшілік еткені анықталып отыр. Оппозициялық күштердің басын біріктіру,
Владимир Козлов, Серік Сапарғали және Ақжанат Әминовтің сотындағы прокурорлар. Ақтау, 16 тамыз 2012 жыл.
Владимир Козлов, Серік Сапарғали және Ақжанат Әминовтің сотындағы прокурорлар. Ақтау, 16 тамыз 2012 жыл.
мұнайшылардың, кеншілердің наразылығын пайдалану туралы айтылған, – деді сот сарапшысы Динара Мамбекова.

Сарапшының айтуынша, «олар билікті қолына алу мақсатында мәслихатқа кандидатура ұсынуға тырысқан; қолдарындағы материалды пайдалану арқылы биліктің абыройына нұқсан келтіруге ұмтылған».

– Осы тұлғалардың арасындағы бір ортадан бөлінген қаржы туралы тұжырымдама жасауға болады. Козлов ол ақшаны Жаңөзенде пайдаланған және ол туралы есеп беріп отырған, – деді сот сарапшысы.

Айыпталушы Владимир Козлов өзін неге сүйеніп «Алға» партиясының және және «Халық майданы» жетекшісі деп атағанын сұрады. Сарапшы Динара Мамбекова әуелі:

– Мен телефон әңгімелерін сараптадым, – деп жауап берді. Бірақ кейін ол сөздерінен бас тартып: – Мен сараптамада жетекші, көшбасшы ретінде көрсеткенім жоқ, – деді.

Сот сарапшысының ойынша, «партияның жетекшісі – оның міндетін анықтап, жұмысын басқаратын адам».

«ОЛАР ЖАҢАӨЗЕНДІ ҚЫРҒЫЗСТАНМЕН САЛЫСТЫРҒАН»

Сарапшы күдіктілердің телефон әңгімелерін тыңдағанда олардың бір-бірін жақсы түсінетіндігін байқағанын айтады.

– Мен бұл елдің бәрі көз тігіп отырған резонансты материал екендігін ескеріп,
Владимир Козлов, Серік Сапарғали және Ақжанат Әминовтің адвокаттары. Ақтау, 16 тамыз 2012 жыл.
Владимир Козлов, Серік Сапарғали және Ақжанат Әминовтің адвокаттары. Ақтау, 16 тамыз 2012 жыл.
маңызды деген тұстарды бөлек алған едім. Соның бірі – Әминов пен Әжіғалиеваның әңгімесі, – деді сот сарапшысы Динара Мамбекова.

Оның айтуынша, әңгімелесушілер көп сөзді ауыспалы мағынасында қолданған.

– «Сонымен ораза қашан басталады» деп сөйлескен. «Алға» партиясының конференциясында «гидро» деген сөзді қолданған. Ол сөздердің әңгімелесушілер білетін мағынасы бар. Сондай-ақ олар «сходняк», «ораза», «бурда» деген сөздерді, заттың атын тура атамай «ананы», «мынаны» деген сілтеу етістерін қолданылған, – деді сот сарапшысы.

Прокурор «Қасиетті Маңғыстау» деген үнпарақтағы билікті құлатуға, әлеуметтік алауыздық тудыруға бағытталған тұстарына анықтама беруді сұрады.

– Үнпарақта ең бастысы – биліктің жағымсыз бейнесін қалыптастыруға бағытталған. Оның бәрі сараптамада талдап жазылған. Олар Жаңаөзендегі оқиғаны Қырғызстанмен салыстырған, – деді сот сарапшысы Динара Мамбекова.

«... – АТЫЛҒАН ОҚ»

Айыпталушы Серік Сапарғали сарапшының өзіне қатысты «ереуілге шақырған» деген пікірді неге сүйеніп айтқанын сұрады.

– Нақ сізге қатысты мысал келтірмей-ақ қояйын. Бірақ телефон арқылы әңгімеде «көмектесем деп едіңіздер ғой» делінеді. Оған «иә, шыдай тұрыңдар, біз бұлай
Сотқа келген адамдар. Ақтау, 16 тамыз 2012 жыл. (Фото Twitter желісінен алынды).
Сотқа келген адамдар. Ақтау, 16 тамыз 2012 жыл. (Фото Twitter желісінен алынды).
болады деп ойлағанымыз жоқ» деп жауап беріледі. Әңгіме өткен шақта айтылады. Ендеше оқиға болған, – деп жауап берді оған сот сарапшысы Динара Мамбекова.

Сарапшы мысал ретінде Серік Сапарғалидың Алматыдағы митингіде сөйлеген видеосын залға көрсетіп, оның сөздеріне талдау жасады. Видеода Сапарғалидың «Назарбаев кетуі керек» деген сөздері бар екен.

– Бұл – [2011 жылы] 17 желтоқсанда Алматыда айтылған сөз. [2011 жылы желтоқсанның] 16-сы күні өтіп кеткен оқиғаға қандай қатысы, әсері болуы мүмкін, – деп таң қалды Серік Сапарғали.

Сот сарапшысы Динара Мамбекова «айтылған сөз – атылған оқ» деп жауап беріп, «билікті құлатуға Сапарғалидың қатысы болғанын» дәлелдеуге тырысты. Ол Серік Сапарғалидың Шолпан деген беймәлім әйелмен арадағы диалогын мысалға келтіріп:

– Әлгі әйел «Үкіметті құлату керек» деген, сіз «иә, жақсы» деп жауап бергенсіз, – деді.

Сот айыпталушылардың бірі Владимир Козловтың адвокатының өтінішіне байланысты алдағы аптаның дүйсенбісіне дейін үзіліс жариялады.
XS
SM
MD
LG