Accessibility links

Козловқа сөз берілді


Тіркелмеген "Алға" партиясының жетекшісі Владимир Козлов сотта отыр. Ақтау, 13 қыркүйек 2012 жыл. Сурет "Алға" партиясының Twitter акаунтнан алынды.
Тіркелмеген "Алға" партиясының жетекшісі Владимир Козлов сотта отыр. Ақтау, 13 қыркүйек 2012 жыл. Сурет "Алға" партиясының Twitter акаунтнан алынды.
Қыркүйектің 25-і Ақтауда өтіп жатқан Козлов, Сапарғали және Әминов ісі бойынша сотта айыпталушыларға сөз берілді.

Бірінші болып сөйлеген Владимир Козлов кеше прокурор тізбелеп шыққан айыптардың бәрін жоққа шығарып, қарсы уәждер келтірді, қылмыстық істің саясиланғанын айтты.

"ТЕҢСІЗДІК"

Владимир Козлов сотта көрсетілген видеоларды айыптау тарабының монтаждап, көрген адамның ойында қорқынышты көзқарас қалыптасатындай түрде бұрмалағанын айтып өтті. Оның ойынша, осы нәрседен соң Дмитрий Старостин «топта билікті құлату ниеті болған» деген "қате қорытынды" жасауға мәжбүр болған.

Тергеулер барысында айыптау тарабы мен қорғау тарабына тең мүмкіндік берілмегеніне тоқталған Владимир Козлов:

Айыпталушылардың адвокаттары. Ақтау, 16 тамыз, 2012 жыл. Көрнекі сурет
Айыпталушылардың адвокаттары. Ақтау, 16 тамыз, 2012 жыл. Көрнекі сурет
– ...Қолымызда тек қағаз бен қалам ғана емес, партияның («Алға» - ред.) он жылдық мұрағаттық материалдары бар болған кезде бізде қорғау мүмкіндігі де молая түсуші еді. Біз мұны тергеуден өтіндік те, бірақ олар рұқсат бермеді. Сегіз айды жалғыз камерада өткізгеннен кейін енді айыпталушыны не себепті жалғыз қалдыратынын түсіндім, - деді.


"ШЫН КІНӘЛІЛЕР БОСТАНДЫҚТА ЖҮР"

Владимир Козлов 2011 жылы «16 желтоқсан күні адамдардың өліміне Козлов кінәлі» деген кешегі прокурор тұжырымы «адамды қорлау» боп естілгенін айтты. Козлов «бұл қылмыстық іс керісінше бағытта - «аяғынан басына» қарай («яғни оны құрастырғандарға әуелі қандай нәтиже шығару керектігі айтылған» – Козлов)» құрастырылғанын атап өтті.

Жарыссөздегі прокурордың сөзі «кінәңді мойында» мағынасындағы ұсыныс боп көрінгенін айтқан Козлов «жасамаған нәрсесі үшін өзін кінәлі сезінбейді».

– ...Мен кінәмді мойындай алмаймын, себебі бұл 16 желтоқсан күні алаңда зардап шеккендерді, қаза тапқандарды сатып кеткендік болар еді. Бұл қасіретке қазір бостандықта жүрген оңбағандар кінәлі. Сіздер сияқты иығында погоны бар адамдар бар. Қашып бара жатқан адамдардың арқасынан атып, кейбірі кішігірім жаза алды. Бес полицейдің шамамен 100 адамды жарақаттап, 16 адамды өлтіргеніне тек «Нұрқаділов өзін-өзі үш рет атты» дегенге иланатындар ғана сенеді. Мұндайға сенетін адамдар өте аз. Бұлар - "психушкадағы" адамдар мен құқық қорғау органдарында жүргендер. Басым бөлігі бұған сенбейді. Жоқ кінәні мойындауға ниетті емеспін, - деді Козлов сотта.
Жаңаөзен оқиғасы кезінде полиция түсірген видеодан көрініс.
Жаңаөзен оқиғасы кезінде полиция түсірген видеодан көрініс.

Ол Жаңаөзен жайлы «президентке дұрыс ақпарат бермегендердің» сотта айтылған «үшінші күш» болуы әбден мүмкін екенін, соларды табу керек екенін мәлімдеді.

Козлов осылайша кеше прокурор айтқан айыптардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, жоққа шығарып отырды.

Кейбір сәттерде «тек қылмыстық іс бойынша айтыңыз» деген соттың ескертуіне:

- Кеше мемлекеттік айыптаушының сөзі де қылмыстық іске қатысы жоқ болды. Мысалы, Ахмет Байтұрсыновты келтіруі. Сонымен бірге 86-шы жылғы батырларды да сөзіне қосуға құқығы жоқ еді. Себебі қазіргі жүйенің аналогы - сол кездегі жүйе де 91-ші жылға дейін оларды "қарақшы", "нашақор", "маскүнем жастар" деп атаған болатын, - деген уәж айтты Владимир Козлов.

Козлов саяси қызметінде өзін осымен үшінші рет қамауға алынғанын айтты. Бірінші қамауға 2004 жылы «әйгілі Борис Годуновтың» әрекеті себеп болса, екінші мәрте оған "тұзақты 2010 жылы қаржы полициясы құрған".

Демек, шынайы кінәлілерді жазадан құтқару үшін әлдекімдерді кінәлі қылу керек болған

- ...ҰҚК «Алға» партиясының кеңсесін 2010 жылдың сәуір айынан бері тыңдап келген. "Әртүрлі материалдарды" жазып алса да, ешбіріне реакция білдірмей қол қусырып отырған. Қолында бар ақпараты бола тұра, "трагедияны болдырмас үшін" ештеңе істемеген. Егер тағылған айып шынымен де рас болса, ҰҚК неліктен оқиғаның алдын алмаған? Демек, шынайы кінәлілерді жазадан құтқару үшін әлдекімдерді кінәлі қылу керек болған..., - деп түйіндеді сөзін Владимир Козлов.

Кеше басталған жарыссөзде бірінші болып сөйлеген прокурор Козловтың кінәсі толық дәлелденгенін айтып, оған 9 жыл сұраған болатын. Ол Әминовке - 5 жыл, Сапарғалиға - 4 жыл жаза тағайындауды өтінген еді.

Тамыз айында басталған сот процесінде істері қаралып жатқан тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов, оппозициялық саясаткер Серік Сапарғали және қоғамдық белсенді Ақжанат Әминовқа «конституциялық құрылымды күшпен өзгертпек болды», «әлеуметтік араздық тудырды» және «қылмыстық топ құрды» деген айыптар тағылған.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG