Accessibility links

Рината Әлібекова: «БАҚ қызметі биліктің бақылауында болмауы тиіс»


Медиа-форум барысын түсіріп тұрған телеоператор. Алматы, 20 қыркүйек 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Медиа-форум барысын түсіріп тұрған телеоператор. Алматы, 20 қыркүйек 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

«Article 19» халықаралық ұйымы Қазақстанның «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңы сөз бостандығына қауіп төндіретінін айтып, заңға қоғам мүддесін ескеретін өзгерістер енгізуге шақырған.

Мамыр айында «Article 19» халықаралық ұйымы Қазақстанның «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңының сөз бостандығына қатысты халықаралық стандарттарға сәйкестігіне сараптама жасаған. Ұйым 2011 жылы 28 желтоқсанда Қазақстан парламенті қабылдап, 2012 жылдың 18 қаңтарында президент Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған заңда биліктен тәуелсіз реттеуші орган көрсетілмегенін, тіркеу және лицзензия берудің нақты әрі айқын тәртібі жоғын айтады.

«Телерадио хабарларын тарату туралы» заңындағы контентке байланысты міндеттемелер мүдделі тараптар мен қоғамның пікірлерін ескеріп жазылуы тиістігін айтқан «Article 19» ұйымы Қазақстан парламентін заңға өзгерістер енгізуге шақырып, өз рекомендацияларын берген.

Азаттыққа сұхбатында «Article 19» ұйымының Орталық Азиядағы өкілі Рината Әлібекова заңның халықаралық стандарттарға сай келмейтін тұстарына назар аударады.

Азаттық: – Рината ханым, «Article 19» ұйымы үш жыл бұрын қабылданған «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңға неге енді ғана назар аударып отыр?

«Article 19» ұйымының Орталық Азиядағы өкілі Рината Әлібекова. Алматы, 2 мамыр 2012 жыл.
«Article 19» ұйымының Орталық Азиядағы өкілі Рината Әлібекова. Алматы, 2 мамыр 2012 жыл.

Рината Әлібекова: – Біз бұл заң қабылданбай тұрып оның жобасына сараптама жасағанбыз. Сол кезде өз ескертулерімізді айтып, өзгерістер енгізу туралы ұсыныс жасаған едік. Бірақ құжат еш өзгеріссіз қабылданғандықтан, оның «тағдырына» әсер ете алмайтындығымызды түсіндік. Сондықтан дәл сол кезде біздің сараптама өзекті болмады.

Азаттық: – Ал қазір сараптама жасауға не түрткі болды?

Рината Әлібекова: – Біздің ұйым («Article 19») Қазақстандағы сөз бостандығын бақылайтын «Әділ сөз» қорымен әріптес ұйымдар. «Article 19» Орталық Азияда 2013 жылдың желтоқсанынан бастап арнайы жобаны жүзеге асырып жатыр, яғни ұлттық заңнамалардың халықаралық стандартқа қаншалықты сай келетіндігі жайлы сараптама жасаймыз. «Әділ сөз» қоры қазір «Сөз бостандығына қатысты заңнаманы жүзеге асыруды көздейтін жол картасы» атты компанияны бастады. Біз соның аясында заңның өзіне ғана сараптама жасадық. Өкінішке қарай, бізде оның қалай жүзеге асырылып жатқандығын сараптайтын мүмкіндік болмады. Бірақ осы заңға қатысты негізгі проблемалар әлі алда – телерадиохабарларды тарату сандық форматқа өткен кезде туындайды деп ойлаймыз. Әріптестердің сөзінше, ресми тұлғалар ондай форматқа өту мерзімінің 2016 жылға, кейбіреулері 2017 жылға шегерілгені туралы айтып жүр.

Азаттық: – Заңның халықаралық стандарттарға сай келмейтін тұстары көп пе?

Рината Әлібекова: – «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңда халықаралық стандарттарға сай келмейтін тұстар баршылық. Әдетте біз ұлттық заңдардың БҰҰ келісімдеріне сәйкестігін саралаймыз. Мәселен, бұл жолы сараптама «Азаматтық және саяси құқықтар туралы пакті», БҰҰ адам құқықтары жөніндегі комитетінің кеңес-ұсыныстары назарға алынып жасалды. Халықаралық құжаттарға сәйкес, қандай да бір шектеу заңда айқын, нақты жазылуы және ол болашақта басқадай жағдайда қолданылатындай кең ауқымда болмауы тиіс. Сонымен бірге, халықаралық стандарттар бойынша, БАҚ қызметі биліктің бақылауында болмауы керек. Яғни, [мемлекеттік] реттеудегі негізгі мақсат – тәуелсіз және плюралистік БАҚ-тардың дамуын көздеуі керек.

Мен осы заңның бізді аса алаңдататын бір тұсына тоқталайын, ол – тәуелсіз реттеуші органның статусының анықталмауы. Яғни, мониторинг жүргізіп, лицензия алушының ұлттық заңнама талаптарына сай болуын және жиіліктерді үлестіруге қатысты тендер өткізуді бақылай алатын реттеуші органның мемлекеттен тәуелсіз екендігі айқындалмаған. Екіншіден, осы реттеуші орган кеңесіне мүше болу процесі де ашық болуы тиіс, бұл да заңда көрсетілмеген. Сондай-ақ, «билік өкілдері, шенеуніктер мен мемлекеттік қызметкерлер бұл кеңеске мүше бола алмайды» деп көрсетілуі керек-тін, бірақ ол туралы да заңда еш нәрсе жазылмаған. Заңның осы және өзге де тұстары ақпарат және сөз бостандығына қатысты халықаралық стандарттарға қайшы келеді.

Азаттық: – Сұқбатыңызға рақмет.

XS
SM
MD
LG