Accessibility links

Құқық қорғаушының ісі «дұрыс ресімдеу үшін» қайтарылған


Құқық қорғаушы Санат Бөкенов сот залында отыр. Қарағанды, 19 қаңтар 2017 жыл.
Құқық қорғаушы Санат Бөкенов сот залында отыр. Қарағанды, 19 қаңтар 2017 жыл.

Бірер жыл бұрын өзін құқық қорғаушымын деп мәлімдеген Санат Бөкеновтің балқаштық бірнеше шенеунікке қатысты «жалған мәлімет таратқаны» үшін қамауда отырғанына бір жылдан асты. Азаматтық некедегі әйелі апелляциялық сот ерін ақтайтын шығар депүміттенеді.

АПЕЛЛЯЦИЯЛЫҚ СОТ ҚАШАН БОЛАТЫНЫ БЕЛГІСІЗ

«Жалған мәлімет таратты» деген айыппен қозғалған іс бойынша 2017 жылғы наурыздың басында балқаштық құқық қорғаушы Санат Бөкеновке үкім шыққанына жеті айдай уақыт өтті. Бірақ істің соңғы нүктесі әлі қойылған жоқ: апелляциялық сот әлі қарамағандықтан, үкім әзірше күшіне енген жоқ.

Санат Бөкенов содан бері Қарағанды тергеу абақтысында қамауда отыр, оны біресе жалпы камераға, біресе жеке қауіпсіздігі үшін өз өтініші бойынша жалғыз кісілік камераға ауыстырған. Ол қазір де қамауда отыр, өзін төрт жылға соттап, жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеуге кескен Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық соты шығарған үкімге қатысты апелляциялық шағым түсірген. Оның жаза мерзімі тұтқындалған күні – 2016 жылғы шілденің 27-сінен бастап есептеледі.

Оқи отырыңыз: Балқаштағы «жалған мәлімет тарату» ісі

Бірақ оның апелляциялық шағымы әлі қаралған жоқ. Облыстық сот кемшіліктерді түзетіп, дұрыстап ресімдеу үшін істі алғашқы сот инстанциясына бірнеше рет қайтарған. Санат Бөкенов сот залынан түсірілген кейбір видеожазбалармен танысуға рұқсат сұраған, олармен танысуына біресе рұқсат етіп, біресе бас тартқан. Бұған қоса, ол түрме камерасында жүргізілген тінтуден кейін кейбір ескерту жазбаларым жоғалып кетті, сондықтан оларды қайта жазуға тура келді деп мәлімдеген. Апелляциялық шағымын қараудың созылып кетуіне бұл да әсер етті деп санайды.

Санат Бөкеновтің азаматтық некедегі әйелі әрі екеуінен туған үш жасар қыздарын бағып отырған Дина Қадаева үкім жарияланғаннан бері талай ай өткенімен, ерінің апелляциялық шағымы әлі күнге неге қаралмай жатқанын түсінбейді. Бұған қоса, ол қамауда отырған азаматтық некедегі ерінің денсаулығын да уайымдайды.

- Некеміз ресми тіркелмегендіктен, оның қоғамдық қорғаушысы бола алмадым, соның кесірінен қиындықтар туып жатыр. Қызым әкесін іздей береді, қатты күтіп жүр. Психикасын жараламау үшін, әкесін есіне түсірмеуге тырысамын, бірақ әкесі жайлы сұрай береді. Әкесіне апарып келсем жақсы болар еді, бірақ қызым шошынып қала ма, білмеймін. Әкесінің денсаулығы сыр беріп, қатты жөтеліп қалыпты. Соншама жыл қамауда отырса жағдайы не болады? – дейді Санат Бөкеновтің азаматтық некедегі әйелі Дина Қадаева.

Құқық қорғаушы Санат Бөкенов пен оның азаматтық некедегі әйелі Дина Қадаева және олардың қыздары. Сурет отбасылық архивтен алынды.
Құқық қорғаушы Санат Бөкенов пен оның азаматтық некедегі әйелі Дина Қадаева және олардың қыздары. Сурет отбасылық архивтен алынды.

Әйел апелляциялық сот дұрыс шешім шығарар деп үміттенеді. Ол ерін ақтайтын шығар деген үмітім бар дейді.

Қарағанды облыстық сотының өкілдері Азаттық тілшісіне «істі дұрыстап ресімдеу үшін қайтарғанбыз, сондықтан апелляциялық шағым қаралатын күн әлі белгіленген жоқ» деп хабарлады.

АДАМ ҚҰҚЫҒЫ БЮРОСЫНЫҢ КОММЕНТАРИІ

Қазақстандағы адам құқығы бюросы Азаттық тілшісіне құқық қорғаушы Бөкеновтің ісін бақылауда ұстап отырмыз деді. Оған екі адвокаттың көмегін ұсынған, бірақ бюро өкілдерінің дерегінше, Бөкенов «жұмыс істеп жатқан адвокатым бар» деген уәжбен олардың қызметінен бас тартқан. Сот кезінде Санат Бөкенов өзін өзі қорғағысы келетінін мәлімдеген болатын. Сот ашық режимде өткенімен, журналистер бұл іске онша көңіл бөлмеді.

Қазақстандағы адам құқығы бюросының Қарағанды облыстық филиалының директоры Юрий Гусаков Азаттық тілшісіне:

Ендігісін сот шешеді. Егер апелляциялық алқа кінәлі деп тануға дәлелдер жеткілікті десе, үкімді күшінде қалдырады. Бірақ ол кісіге адвокаттың көмегі қазір де, кейін де қажет болады. Шынымды айтсам, адвокаттың көмегінен ол кісінің неліктен бас тартқанын түсінбеймін. Ал дәлелдер жеткіліксіз деп тапса, істі алғашқы сотқа қайтаруы мүмкін. Кінәлі емес деп тануы да мүмкін, бірақ ол екіталай. Ол рақымшылыққа ілінген жоқ.

- Ендігісін сот шешеді. Егер апелляциялық алқа кінәлі деп тануға дәлелдер жеткілікті десе, үкімді күшінде қалдырады. Бірақ ол кісіге адвокаттың көмегі қазір де, кейін де қажет болады. Шынымды айтсам, адвокаттың көмегінен ол кісінің неліктен бас тартқанын түсінбеймін. Ал дәлелдер жеткіліксіз деп тапса, істі алғашқы сотқа қайтаруы мүмкін. Кінәлі емес деп тануы да мүмкін, бірақ ол екіталай. Ол рақымшылыққа ілінген жоқ. Неден үміттеніп отырғанын білмеймін, бірақ батылдығынан ештеңе шықпады. Шын мәнінде не болғанын, Бөкенов айтқандай коррупция фактілері болды ма, жоқ па - мен білмеймін. Бірақ қазір бір фактіні тексеріп жатырмыз, - дейді.

Гусаковтың сөзінше, егер Бөкеновке қатысты үкім күшіне енсе, оны жалпы режимдегі нақты қандай колонияға жіберетіні маңызды.

- Жалпы режимдегі колониялардың әр түрі болуы мүмкін. Мысалы, Серік Ахмет (бұрынғы премьер-министр) қамауда болған Қарабастағы колония жөні түзу мекеме, ол жаққа барып, көргенбіз. Жалпы режимдегі колония Жезқазғанда да бар, ол жақтағы колония - бір қабатты түрме әрі ол жақта шектеулер бар, өйткені аралас типтегі жалпы режимдегі колония саналады. Егер ол жаққа жіберсе, ол кісіге ұзақ мерзімді кездесулерге де рұқсат етпейді, өзге жеңілдіктер де берілмейді. Біз жалпы режимдегі колониялардың бәріне ортақ тәртіп енгізуді талап етіп жүрміз, бірақ әзірше оған шамамыз келмей жатыр, - дейді құқық қорғаушы Юрий Гусаков.

2014 жылы Бөкенов жұртқа Балқашта жергілікті билік пәтер бөлуге қатысты алаяқтық әрекеттерді жасырып отыр деген ақпарат жариялаған болатын. Кейін прокуратура «Көрінеу жалған мәлімет тарату, оған қоса лауазымды тұлғаны коррупциялық қылмыс жасады деп қаралау» бабы бойынша оның үстінен қылмыстық іс қозғаған. Іс материалдарына сәйкес, Санат Бөкенов Балқаш қаласының прокуратурасы, ішкі істер бөлімі, әкімдік қызметкерлері мен судьяларды және өзге лауазымды тұлғаларды коррупциялық қылмыс жасады деп дәлелсіз айыптаған.

2017 жылғы наурыздың басында 58 жастағы Санат Бөкеновті төрт жылға соттап, жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеуге үкім кескен. Үкім шығардан бірер күн бұрын Бөкенов «сотқа сенбеймін» деген уәжбен сот отырыстарына қатысудан бас тартқан болатын. Сот бұл әрекетті қорғану амалы деп бағалаған.

XS
SM
MD
LG