Accessibility links

Ерлері «терроризммен» сотталған әйелдер «қысым қатты» екенін айтады


Күйеулері терроризмге қатысты айыппен сотталған әйелдер тұратын жерлерінде Азаттық тілшісімен кездесіп отыр. Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы Маңғыстау ауылы, 10 шілде 2017 жыл.

Маңғыстау облысындағы ерлері терроризмге қатысты баптармен сотталып кеткен әйелдер өздерінің полиция тарапынан қысымға ұшырап отырғандарын айтады. «Еркін жүріп-тұрудан қалдық» деген олар балаларының да мектепте «қара тізімде» жүргеніне қынжылады. Ал полиция инспекторлары министр бұйрығын орындап жатқандарын айтса, мектеп психологы мәлімет үшін ғана жеңіл сауалдар қоямыз дейді.

Маңғыстау облысындағы Мұнайлы ауданына қарасты Маңғыстау ауылындағы (Маңғыстау-5 тұрғын үй массиві) үйлердің бірінде күйеулері қылмыстық кодекстің терроризим және діни экстремизмге қатысты баптарымен сотталған Тұрсынгүл Тұрниязова, Әсел Дәулетова, Динара Қарлығашова балаларымен тұрады.

Ерлері істі болған соң «өмір сүрулері қиынға айналған» бұл әйелдерге жергілікті тұрғындардың бірі әрқайсысы екі бөлмеден тұратын бір ауладағы бірнеше шағын үйлерді тегін паналауға берген. Күйеулерінің түрмеден оралғанын күтіп жүрген әйелдер өздерінің бір жерде жиналып, бір-біріне селбесіп тұрғандарының полицияға «ұнамай, қысым көріп жүргендерін» айтады.

«СЕНДЕР ЭКСТРЕМИССІҢДЕР»

Бірнеше отбасы паналап отырған бұл мекен-жай тым жұпыны. Тек әр бөлек бөлмеде жуынатын, дәретхана тәрізді орындар болмаса, басқа үй жасауы атаулыдан жұрдай. Бірақ бұл жерді тегін пайдаланып отырған әйелдер «осыған да шүкіршілік» етеді.

28 жастағы Тұрсынгүл Тұрниязованың күйеуі 2012 жылы терроризмге қатысты айыппен 15 жылға сотталған. Оның төрт баласы бар. Ең кішісі төрт жарым жаста. Үлкен қызы биыл 7-сыныпқа көшкен. Тұрсынгүл «жолдасы сотталған соң күнкөрісінің мүлде қиындағанын» айтады. Өзінің сөзінше, «сауап жинағысы» келген әлдебір мұсылманның тегін паналатқан үйінде тұру оған және жанындағы өзі тәрізді басқа әйелдерге материалдық тұрғыдан «үлкен көмек». Тұрсынгүл Тұрниязова өздерін учаскелік полицейлердің жиі тексеріп, ал қызын оқу жылы кезінде мектептегі психологтар мен имамдардың «әңгімелесуге шақырып», «мезі еткеніне» шағымданады.

Үйімізге учаскелік инспекторлар да қалаған уақытта келеді. Тіпті балаларымызда үрей пайда болды. Біз «неге келе бересіздер?» десек, «сендер экстремиссіңдер» деді.

- Мектепке шақырған имамнан «не туралы айтасыз?» деп сұрасам «терроризм» туралы дейді. Оны жас балалар қайдан біледі? Үйімізге учаскелік инспекторлар да қалаған уақытта келеді. Тіпті балаларымызда үрей пайда болды. Біз «неге келе бересіздер?» десек, «сендер экстремиссіңдер» деді,- дейді ол.

Оның 12 жастағы қызы Айгүл де намаз оқиды (есімі оның өтініші бойынша өзгертілді). Жасөспірім қыз мектептегі таусылмайтын «әңгімелесулерден» шаршағанын айтады.

- Бес-алты баланы психологтар бір бөлмеге бір сағатқа қамап қояды. Содан соң музыка қосып, «ал енді көңіл көтеріңдер, билеңдер, қазір имам келеді» дейді. Бізден «мешітке барасың ба, намаз оқисың ба?» деп сұрай береді. Менімен ешкім дос болғысы келмейді. Маған бәрі жаман көзбен қарайды, - дейді ол мұңайып.

Айгүл өзі тәрізді кейбір балалардың «ата-аналары намаз оқитын болған соң ғана ерекше бақылауда» екенін айтты.

- Келесі жылы орамал тағып барамын. Бірақ оған не дейтінін білмеймін. Мұғалімдер маған мини юбка ки деп айтты, - дейді ол.

ВИДЕО: Ерлері «терроризммен» сотталған әйелдер шағымы

Тұрсынгүл Тұрниязова қызына мектеп талап еткен киім үлгісін «арнайы тіктіргенін» айтады. Оның сөзінше, қызына сөз келмесін деп, басына бантик тағып, қара юбкасының ұзындығын тізесінен сәл төмен түсірген.

- Әрине, келесі жылы орамал тағады. Өйткені, балиғат жасқа келеді. Қызымның сабағы жақсы. Оның басына орамал таққанында тұрған не бар? - дейді ол.

Ол күзетшілердің өзінің ұзын көйлегі мен орамалынан «бәлкім сенде бомба бар шығар» деп күдіктеніп, мектепке кіргізбегенін де айтты.

«НЕГЕ БІЗДІҢ ҚИМЫЛЫМЫЗДЫ ШЕКТЕЙДІ?»

34 жастағы Әсел Дәулетова да екі баласымен осы мекен-жайда тұрып жатыр. Оның күйеуі - 2016 жылы қылмыстық кодекстің терроризмге қатысты бабымен алты жылға сотталып кеткен. Әсел күйеуін «дүкенде сауда жасап, отбасын асырап жүрген қарапайым адам болған еді» деп сипаттайды.

- Оны үйде ұйықтап жатқан жерінен таң намазынан соң ұстап алып кетті. Оны не үшін ұстады? Қандай дәлел бар? Ол жағы маған белгісіз. Тек мен бір жылдан соң Павлодар түрмесінен хат алдым. Ол сонда екен, - деді көзіне жас алған әйел.

Әсел Дәулетова «күйеуі сотталғаннан кейін өзінің есепке алынғанын» айтады.

- Теологтар мен учаскелік полиция тыным бермейді. Өткенде балаларыммен Атырауға туыстарыма кеткен едім. Сол жаққа хабарласты. Ақтауда тұратын анамның үйіне кетсем де соңымнан еріп жүргендері. «Сен теріс ағымдасың, бізде тізімдесің» дейді. Мен не істеп жатырмын теріс ағымда болып? Неге біздің қимылымызды шектейді? Менің де жеке шаруам бар емес пе? - деп кейиді ол.

Маңғыстау-5 тұрғын үй массивіндегі учаскелік полиция бөлімінің ғимараты. Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы, 10 шілде 2017 жыл.
Маңғыстау-5 тұрғын үй массивіндегі учаскелік полиция бөлімінің ғимараты. Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы, 10 шілде 2017 жыл.

Олармен бір ауладағы көрші бөлменің бірінде тұратын Динара Қарлығашова «терроризм» бабымен 2008 сотталған күйеуі түрмеде қайтыс болған соң, 2013 жылы екінші рет тұрмыс құрғанын айтты. Ол күйеуінің жеті жыл бұрын бақилық болғанына қарамастан, өзінің «әлі күнге есептен шығарылмай» отырғанына наразы. Бес баласы бар Динара есепте тұрғанына бола екінші күйеуінің де тергелетініне шағымданды.

- Ұлттық қауіпсіздіктен (Ұлттық қауіпсіздік департаментін айтады – ред.) де, учаскелік полицейлер де келеді үйімізге. Сондағы сұрайтындары -«қайда барасың, кіммен араласасың?». «Террорист» саналған күйеуім қазір жоқ. Енді неге маза бермейтініне таңым бар,- дейді ол.

Оның сөзін қоштаған Жанна Тойлыбайдың да күйеуі 2012 жылы терроризмге қатысты баппен 15 жылға сотталған. Бірақ ол бұл мекен-жайдағы әйелдерден бөлек, өз үйінде тұрады. Оның да төрт баласы бар. Үлкен ұлы биыл 9-сынып бітірген. «Күйеуім қазір Қарағандыда отыр» деген Жанна Тойлыбай да «күйеулері сотталып кетсе де олардың отбасына тыным жоқ» екенін айтады.

- Үнемі бақылаудан шаршадық. Үлкен балам Майкл Джексонның стилі деп балағы қысқалау шалбар киіп еді бәлеге қала жаздады. Тура қылмыскер сияқты қарайды бізге. Өмір сүргің келмей кетеді кейде. Дін істері басқармасы да тыным бермейді. Бар деген сабақтарына барып жатырмын. Сонда не керек екенін түсінбеймін, - дейді ол.

МЕКЕМЕЛЕР ӨКІЛДЕРІ МЕН ИМАМНЫҢ ЖАУАБЫ

Азаттық тілшісі әйелдердің шағымына қатысты әуелі ресми мекемелерге хабарласқан еді. Соның ішінде, «күйеуі қайтыс болса да, есептен шығармау» туралы шағымға, яғни адамның теріс ағымда екенін анықтау мәселесіне қатысты Маңғыстау облысындағы дін істері жөніндегі басқармасы өкілімен сөйлесті.

Әйелдердің күйеулері терроризмге қатысты баптармен сотталғанынан бөлек, басқарма қызметкері Жанна Бейбіттің айтуынша, «жат ағымдағы адамдарды анықтаудың жолдары көп». Маманның сөзіне қарағанда, «оның бәрі әңгімелесу барысында байқалады».

- Кімді (кімнің уағыздарын – ред.) тыңдайтыны туралы сұраймыз. Олар өздерінікі ғана дұрыс деп санайды, - деген маман теологиялық мәселелерге ойысып кетті.

Ал Тұрсынгүл Тұрниязованың қызы Айгүл (аты өзгертілді – ред.) оқитын мектептің директоры Дина Кенжебекова «Мұнайлы аудандық оқу бөлімі берген, «намаз оқитын балаларды тізімге алу» туралы бұйрықты орындап отырғандарын» мәлімдеді.

- Біз аудандық оқу бөлімі тапсырмасымен намаз оқитын балаларды анықтап, тізімін береміз. Кейін психологтар олармен жеке сөйлеседі, - дейді ол.

Мектептегі хиджап киген оқушылар. Қазақстан, 2010 жылдың көктемі. (Көрнекі сурет)
Мектептегі хиджап киген оқушылар. Қазақстан, 2010 жылдың көктемі. (Көрнекі сурет)

Ал Айгүлмен «әңгімелескен» мектеп психологы Қамар Исмайлова өздеріне берілген сауалнамаға ғана жауап алғандарын айтты.

- Мақсатымыз - намаз оқитын баланы анықтау. Сол себепті тоқсан сайын сауалнама аламыз. Нешінші «сыныпта оқисың, үйіңізде намаз оқитын адам бар ма, жасыңыз нешеде, үйіңізде нешінші баласыз?» деп қана сұраймыз, - дейді ол.

Маңғыстау облыстық мешітінің бас имамы Смайыл Сейітбеков мектептегі оқушыларға арнайы қысым жасамайтындарын ескертті. Оның сөзінше, облыс имамдары мектептерге тек арнайы шақыртумен ғана барады.

- Біз қазір мүлде барып жүргеніміз жоқ. Біздерді мектептерден өздері шақырады, әйтпесе біз өз бетімізбен барып уағыз айтпаймыз, - деді ол Азаттыққа.

Ал Маңғыстау ауылының учаскелік полицейі Әділбек Құлбайымбетов Азаттыққа шағым айтқан әйелдерді білетін болып шықты. Полиция қызметкері бұл адамдарды бақылайтындарын да айтты.

- Ол жерде төрт семья тұрады. Олардың бәрі тіркеуде. Біз оларды 10 күн сайын тексеріп, не ішіп жатыр, немен айналысып жатыр - бәрін біліп отыруымыз керек. Заңдылығын басшыдан сұраңыз,- деп қысқа қайырды.

Маңғыстау ауылындағы учаскелік полицияның аға инспекторы Бақытжан Майлақов өз әрекеттерін «министрдің 2016 жылғы 22 желтоқсандағы №1179 бұйрығына сай жүргізіп жатқандарын» айтты.

Осы жерде тұрған адамның бірі құдай сақтасын аяқ асты ЭКСПО-17 көрмесінде ұсталса, біз міндетті түрде жазаланамыз.

- Бұл заңды. Бізде бұйрық бар. Егер олар мекен-жайында болмаса, біз шұғыл түрде кезекші бөлімге, болмаса діни экстремизммен күрес бөліміне баяндаймыз. Осы жерде тұрған адамның бірі құдай сақтасын аяқ асты ЭКСПО-17 көрмесінде ұсталса, біз міндетті түрде жазаланамыз. Ол кісінің ол жаққа барғандағы мақсаты не екенін білмейміз ғой,- дейді ол.

Ішкі істер министрінің бұл бұйрығында учаскелік инспекторлардың «профилактикалық есепте тұрған адамдарға қатысты ақпарат (мекенжай, отбасы, өмір салты мен мінез-құлқы, т.б.) жинауға, қылмыс жасауға ықпал етуі мүмкін себептер мен жағдайларды анықтауға, теріс ағым ұстанатын адамдар есебін жүргізіп, 10 күн сайын полицияға ақпарат жолдауға міндетті» екені жазылған. Теріс ағым ұстанатын адам тұрғылықты жерінде болмау фактісі анықталса, тиісті жерлерге шұғыл хабарлануы тиіс.

«БАРЛЫҒЫ ЗАҢСЫЗ»

Қазақстандағы адам құқын қорғау жөніндегі бюро жетекшісі Евгений Жовтис құқық қорғау органдарының «әйелдерді есепке алу» әрекеттерін заңсыз деп санайды. Оның айтуынша, «адам құқығының сақталуы терроризм мен діни экстремизмнің алдын аламыз деген желеудің көлеңкесінде қалған».

- Ол әйелдердің есепке алынуы мүлде заңсыз. Оларды есепке алып, бақылаудың өз механизмдері бар - оларды қозғалысын шектеп, жеке өміріне араласу үшін діни экстремизмге қатыстылығын көрсететін сот шешімі болуы немесе олар шартты түрде сотталған, немесе мерізімінен бұрын босап шыққан болуы тиіс, - дейді құқық қорғаушы.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис.
Құқық қорғаушы Евгений Жовтис.

Азаттық тілшісі құқық қорғаушыдан учаскелік полиция сілтеме жасаған бұйрық туралы да сұрады. Алайда Евгений Жовтис советтік кезеңде «сенімсіз адамдар» деген ұғым болғанын еске алып, полицияның жұмысы азаматтардың құқықтық жағдайына әсер етпеуі керек екенін айтты.

- Біз қазір өзімізді құқықтық механизмдер шеңберінде әрекет ететін мемлекет деп санаймыз. Ал министрліктің бұйрығы өз қызметкерлеріне ғана арналған. Оның басқа адамдарға ешқандай қатысы жоқ, - дейді Евгений Жовтис.

Азаттық күйеуі терроризмге қатысты сотталып кетіп, өзі қысымға ұшырап жүрген маңғыстаулық әйелдердің бірі жайлы бұған дейін де жазған болатын. Қазақстанға 2011 жылы Моңғолиядан көшіп келген, бірақ әлі азаматтық алып үлгермеген Ғазиза Октябрь «теріс ағым» айыбымен елден шығарылғалы жатыр. Ол да Маңғыстау ауылындағы осы үйлердің бірінде тұрып, полиция талабымен кейін басқа жерге көшіп кеткен. Оның азаматтық алу туралы арызы тамыздың 8-і күні сотта қаралмақ.

ВИДЕО: «Теріс ағым» айыбы - оралманға азаматтық бермеуге себеп

Маңғыстау облыстық дін істері жөніндегі басқарма мамандарының мәліметіне қарағанда, облыста 400-ге жуық адам «салафит» ретінде қара тізімде тұр, ал 2015 жылы Сирияға Ақтаудан кеткен адамның саны 80 болған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG