Accessibility links

Еңбек мигранттарын тіркеу ережесі қалай өзгерді?


Қазақстаннан шығарылатын еңбек мигранттары. Тараз, 22 қыркүйек 2008 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстаннан шығарылатын еңбек мигранттары. Тараз, 22 қыркүйек 2008 жыл. (Көрнекі сурет)

Үкімет ЕАЭО елдерінен келетін жұмыс күші еркін жүріп-тұруы үшін шетелдіктерді есепке алу ережесін өзгертті. Енді Еуразия экономикалық одағы елдерінің мигранттары Қазақстанда арнайы рұқсатсыз 90 күн жүреді, ал өзге ТМД елдерінің рұқсаты жоқ азаматтары шекарадан шығарылып жатыр.

Өзбекстанның (ЕАЭО-ға кірмейді – ред.) Наманган облысы тұрғыны Исраил Жораев Қарағанды қаласына жұмыс істеуге «бір ай бұрын келген», «ауылдастарымен бірігіп Қарағанды вокзалында самса сатқан». Бірақ жұмыс істеуге рұқсаты болмаған ол енді сот шешімімен еліне қайтарылады.

- Қарағандыға наурыздың 24-і келдім. Бес күнде көші-қон полициясына барып, қағазыма печать бастыруым керек еді. Соны бастырғаным жоқ. Тексеріс кезінде ұстап алды, - дейді Исраилдің өзі.

Бірақ ол Өзбекстанға қайтарылғанымен, «құжаттарын реттеген соң Қазақстанға оралатынын» айтады. Ал Қарағандының «Алтын арба» базарында киім-кешек сататын Тәжікстан (ЕАЭО-ға кірмейді – ред.) азаматтары «ықтияр хатпен жұмыс істеп жүргендерін» айтады. Олардың бірі Тәжікстан астанасы «Душанбеден келдім» деген Мансур:

- Жұмыс істегеніме бір апта болды. Тұрғылықты тіркеуге тұрдым. Ықтияр хат алдым. Бұл сауда орны иесінің де ықтияр хаты бар, - дейді.

«30 КҮНДІ ҰЗАРТПАЙТЫН БОЛДЫҚ»

Ішкі істер министрлігі (ІІМ) көші-қон департаментінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Нұрғали Рыстановтың сөзінше, сәуірде қабылданған үкіметтің шетелдіктерді есепке алу қағидалары туралы №190 қаулысы бойынша, «Өзбекстан сияқты елдер азаматтарының Қазақстанда болу шарттары өзгерген».

- Ол өзгерістер Қазақстанға визасыз кіре алатын ТМД мемлекеттерінің азаматтарына арналды. Өзбекстанмен арада екіжақты халықаралық шарт бар. Олардың Қазақстандаболу мерзімі 30 күн. Ол мерзім ары қарай ұзартылмайтын болды. Себебі 30 күн жеке сапарға жеткілікті. Ал еңбек мигранты болса, жұмыс істеуге рұқсатын алып, еңбек мигранты ретінде ішкі істер органдарында тіркелу керек, - дейді Нұрғали Рыстанов.

Еңбек мигранттарын тіркеу ережесі қалай өзгерді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:14 0:00

Үкімет қаулысында Қазақстанға келген еңбек мигранттарын тіркеу оларға берілген рұқсаттың мерзімі бойынша ресімделетіні жазылған. Ал ЕАЭО елдері еңбекшілері Қазақстанда тіркеусіз 90 күн және ол мерзімді ұзартқан жағдайда одан да ұзақ бола алатыны көрсетілген. Нұрғали Рыстановтың айтуынша, ЕАЭО азаматтары Қазақстанда «салықсыз жұмыс істей алады».

- ЕАЭО азаматтарына қатысты өзгерістер енгізілді. Олар Қазақстанда арнайы рұқсатсыз және ешқандай төлемсіз жұмыс істей алады. Жұмыс берушімен келісімшарт толтырады да, ішкі істер органдарында бір жыл мерзімге тіркеледі. Мерзімі біткен соң тағы бір жылға соза алады, - дейді инспектор.

Рыстановтың мәліметіне қарағанда, «Қазақстанға келетін дамыған 48 мемлекет азаматтары шекарадан өткенде тіркеледі. Қазақстанға кірген соң оларға ішкі істер органдарында тіркелудің қажеті жоқ. Азаматтары Қазақстанда визасыз 15 күн жүре алатын 15 ел тағы бар. Олар да шекарадан өткенде тіркеуге алынады, ішкі істер органдарында тіркелуден босатылған».

Көші-қон полициясы берген деректерге қарағанда, «Қазақстанда көші-қон интернет порталы ашылған. Жеке тұлғалар электрондық кілт арқылы порталға кіріп, жұмысқа алған мигранттарының тіркеуін соза алады. Ал еңбек мигранты жұмыс рұқсатын жергілікті атқару органдарынан алады». Қазақстанның көші-қон заңы бойынша, жұмыс істеуге рұқсат алған еңбек мигранты айына екі айлық есептік көрсеткіш көлемінде (4 мың 242 теңге – 12 доллар шамасы) салық төлеуі тиіс.

Қазақстан заңдары бойынша жеке тұлға бес еңбек мигрантын коммерциялық емес жұмысқа жалдай алады. Ал заңды тұлғалар жергілікті әкімдіктерге өтініш тапсыру арқылы шетелдік жұмысшыны мемлекеттік квотамен әкеледі. ІІМ дерегінше, 2015 жылы Қазақстан ішкі істер органдарында 1 миллионнан астам шетелдік тіркеуге алынған. Оның 100 мыңнан астамы - еңбек мигранттары. Олардың көбі Оңтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарында, Алматы қаласында шоғырланған. Жыл басынан бері 16 мыңнан астам еңбек мигрантына жұмыс істеуге рұқсат берілген.

XS
SM
MD
LG