Accessibility links

Телефонды ұрлатпау амалдары


Ұрлық. Көрнекі сурет.
Ұрлық. Көрнекі сурет.

Қазақстанда қалта телефонын жоғалтқан адам көп жағдайда оны қайтара алмайды. Ресми дерек бойынша, бұл саладағы ұрлықтардың тек 26 пайызы ғана ашылған.

Жақында телефонын ұрлатып алған Шымкент тұрғыны Ілияс Бурханов оның жеке коды (IMEI-код) болмағандықтан полицияға шағым жаза алмағанын айтады. Ол телефонының қалай қолды болғанын да байқамаған.

- Сәкіде біреуді күтіп отырғам. Кейін әлгі күткен адамыммен кеңсеге кірдім. Бір уақытта қарасам - телефоным жоқ. Сәкіге барсам, ол жерде де жоқ. Телефоныма шалсам - өшірулі. Күзетшілердің камерасынан қарайын десем, дәл сол жерде камера да жоқ екен. Сөйтіп телефоныммен қош айтыстым. Бірақ нөмірімді қалпына келітіріп алдым, - дейді ол.

Қазақстанда қазір телефон ұрлығы ең кең тараған қылмыс қатарына жатады.

«ТЕЛЕФОН ҰРЫЛАРЫНЫҢ ТІЗІМІ»

Ішкі істер министрлігінің дерегі бойынша, елде жоғалған мүліктердің 17 пайызын қалта телефондары құрайды. Министрлік мобильдік телефон ұрлығының көбею себептерін олардың қымбаттығынан, оңай ұрлануы және заңсыз телефондарға сұраныстың артуынан көреді.

Министрліктің Азаттыққа жолдаған жазбаша жауабында: «ҚР бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің статистикасына сәйкес, биыл алты айда 26 487 ұялы телефон ұрлығы (2012 жылы – 44 201) тіркелген. Бұл ретте аталған қылмыстарды ашу 26,2 пайызды құрады» деп жазылған.

Әдетте ұрланған телефонның бұрынғы сим-картасын бірден алып тастайды.
Әдетте ұрланған телефонның бұрынғы сим-картасын бірден алып тастайды.
Министрлік ұрланған телефондар мен телефон ұрлаумен айналысатын адамдарды есепке алумен шұғылданып жатыр.

Бұған дейін Алматы прокуратурасы елдегі ұялы байланыс операторларымен бірлесе отырып, ұрланған телефондарды жеке коды арқылы өшіріп тастау әдісінің қолданыла бастағанын мәлімдеген болатын. Прокуратура «жұмыс істемейтін телефонды сатып алу ешкімге тиімсіз» екенін айтып, мұның телефон ұрлығын азайтуға көмектескенін атап өткен еді.

САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫ

Әйткенмен кейбір азаматтар құқық қорғау органдарынан гөрі түрлі қосымшаларға иек артқан дұрысырақ деп есептейді.

Бұған дейін екі телефонын жоғалтып үлгерген Алматы тұрғыны Бекзат Әлібек полицияға шағым жазғанымен телефоны сол күйінше табылмағанын айтады.
Мобильді телефон жөндеумен айналысатын әйел. Көрнекі сурет.
Мобильді телефон жөндеумен айналысатын әйел. Көрнекі сурет.
Жақында ғана қымбат телефон сатып алған сұхбаттасымыз енді ұрылардан қосымшаның көмегімен қорғануға көшкен.

- Өзім Apple ID арқылы iCloud-қа тіркеліп, телефонымды сәл де болса қауіпсіздендірдім. Адамның өзі сақтық шараларын жасамаса, ешқандай да қосымша көмек болмайды. Өз басым енді телефонымды мүмкіндігінше қолымда ұстайтын болдым немесе үнемі ішкі қалтамда ұстап жүрем. Себебі соңғы телефонымды дәл Барахолкада көпшілік ортасында сыртқы қалтамнан алдыртып алған едім, - дейді ол.

Тақырыпқа қатысты: АЛМАТЫЛЫҚ ҚАЛТАМАН ТУРАЛЫ МАҚАЛА ОҚЫҢЫЗ

Жаңа технология саласы бойынша маман Нұрмұхамед Ибраев Android операциялық жүйесіндегі телефондарда да ұрылардан қорғайтын тегін қосымшалар бар екенін айтады.

- Ұрланған телефоннан СМС жіберіп, ұрыны телефонға түсіретін, өзінің қай жерде тұрғаны туралы ақпарат беретін, сол арқылы телефонды қашықтықтан блоктауға мүмкіндік беретін өте көп қосымшалар бар. Бұл қосымшалардың бірін өндіруші алдын-ала орнатса, бірін адамның өзі орнатып алса болады. Мысалы, мына бір қосымшаны айтуға болады. Өзімде де осы қосымша орнатылған, - дейді ол.

Bloggers.kz жобасының авторы Елдар Құдайбергенұлы смартфондары бар адамдар үшін ұрылардан қорғану мүмкіндігі барын айтады.

Мобильді телефонмен сөйлесіп тұрған әйел. Көрнекі сурет.
Мобильді телефонмен сөйлесіп тұрған әйел. Көрнекі сурет.
- «Антивирустардың» ішінде де «антивор» функциясы болады. Әуелі қосымша түрінде болатын «антивирусты» тауып орнатып аласыз. Оның ақылы, ақысыз түрлері де бар. Баптаулардың ішінде «антивор» функциясын тауып, қосып аласыз. Телефонға бөтен SIM карта салынған жағдайда автоматты түрде ол өзі туралы ақпаратты алдын-ала бекітілген нөмірге жібереді, - дейді ол.

Ал елдегі ұялы байланыс операторлары телефонын жоғалтып алған адамдарға төмендегідей шарттарды орындауға кеңес береді.

«КаР-Тел» компаниясының Азаттыққа жолдаған жазбаша жауабында: «Егер ұялы телефоныңызды ұрлатып алсаңыз төмендегідей амалдарды орындаңыз: құқық қорғау органдарына хабарласып, телефонның қорабын және сатып алғаныңыз туралы мәліметтерді көрсету керек. Клиенттерді қолдау қызметіне хабарласып, құжат деректерін айтып, SIM-картаны блоктау қажет. Мысалы, «Билайн» клиенттері 0611 нөмірін теру арқылы құлыптай алады. Ұялы телефонда орнатылған барлық сервистер мен бағдарламалардың паролін өзгерткен жөн» деген кеңес айтылады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG