Accessibility links

Жүргізушінің телефонға алаңдауы - қауіпті


Жол апатынан мыжылып кеткен көлік. Көрнекі сурет
Жол апатынан мыжылып кеткен көлік. Көрнекі сурет

Зерттеушілер көлік апаттарының біразына рульде келе жатқан жүргізушінің телефонға алаңдауы себеп болатынын айтады. Мұны жүргізушілер де мойындайды, бірақ олардың тыйымға байланысты уәждері бар.

Алматы қаласының тұрғыны Марат Әлімқұлов көлік жүргізіп келе жатып телефонмен сөйлесу қауіпті екенін айтады. Оның айтуынша, мұны 16 жылдық көлік айдау тәжірибесі дәлелдеген.

- Көлік жөндеу шеберханасында мастер болып істеймін. Көлікте отырғанда да маған адамдар хабарласып жатады. Оларға жауап берем деп бірде басқа көлікті соғып кеттім. Бірде көлігім жолдан шығып кетті. Осы сияқты жайттар қайталанғаннан кейін рульде телефонмен сөйлеспеуге тырысатын болдым, - дейді Марат Әлімқұлов.

АПАТТЫҢ ТӨРТТЕН БІРІ - ТЕЛЕФОННЫҢ КЕСІРІНЕН

Washingtonpost басылымы жариялаған ұлттық қауіпсіздік кеңесінің баяндамасында АҚШ-та телефонның кесірінен болатын жол апаттарының саны ресми статистикадағы көрсеткіштен әлдеқайда көп екені баяндалған.

Ондағы мәліметке сүйенсек, шынайы деректердің жинақталуына негізінен жол-көлік оқиғасына ұшыраған кезде "телефон қолданғанын жасыратын" жүргізушілер кедергі жасайды.

Басылымның жазуынша, «зерттеушілер үш жылдағы адам өлімі болған 180-нен астам апат оқиғаларын зерттеген».

«Бұл жағдайлардың бәрінде де жүргізушілердің телефон қолданғаны дәлелденген. Осы жылдардың бірінде – 2011 жылы жол апаттарының тек 52 пайызы ғана телефонмен байланысты апат ретінде тіркелген» дейді мақала авторы.

«Қоғам телефон кесірінен болатын жол апаттарының толық тіркелмейтіні жайлы білуі тиіс. Бұл статистикалардың ұлттық басымдықтарды анықтауға, қаржылық шешімдерге, ақпарат құралдарының назар аударуға, заңнама және саясатқа, тіпті қоғамдық көліктер мен жол жөндеуге әсері бар» дейді зерттеуді қаржыландыруға көмектескен жалпыұлттық өзара сақтандыру компаниясының өкілі Билл Уинсор.

Көлік апаттары туралы көрме. Ирак, 7 мамыр, 2012 жыл
Көлік апаттары туралы көрме. Ирак, 7 мамыр, 2012 жыл

Басылымның жазуынша, АҚШ-та болатын жол апаттарының төрттен бір бөлігі телефонға байланысты.

ТЫЙЫМ САЛУ ШАРАЛАРЫ

Көлік жүргізіп келе жатып телефонмен сөйлесу кесірінен болатын жол апаттарының санын азайту үшін көптеген елдерде оған түрлі тыйым салу шаралары қарастырылған.

Ақпарат бойынша, АҚШ-та көлік айдап келе жатып телефонмен сөйлескен жүргізушіге жүз доллар көлемінде айыппұл салынады. Ал Ұлыбританияда телефон хабарламасын оқыған жүргізуші мың фунт стерлингке дейін айыппұл төлейді.

Қазақстанда да көлік жүргізіп келе жатқан адамға телефон қолдануға тыйым салынған. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 461-бап 1-бөліміне сәйкес, "көлік басқарып келе жатып телефон немесе радиостанция қолданған" жүргізушіге 8 мың 655 теңге (шамамен 58 АҚШ доллары) көлемінде айыппұл салынады.

Қарағандыдағы жүргізушілердің құқығын қорғайтын «ОСА» ұйымының жетекшісі Руслан Лазута мұндай қатаң шараларды қолдағанмен, "заңсыздықтарды анықтауды жолдағы инспекторларға емес, камераларға тапсырған жөн - әйтпесе жемқорлықты өршітіп жібереді" дейді.

- Кейбір дамыған елдердің тәжірибесінен білем. Ол жақта бұған өте қатал қарайды. Өте қымбат айыппұлдар төлетеді. Мысалы, Чехияда айыппұл көлемі - 100 еуро. Ол жақта айналаның бәрі камера. Ешкім құр сөзге сенбейді. Ол жақтағы азаматтар бұл тұрғыда заңды өте қатты сыйлайды. Телефонмен сөйлесуді тек дәлелмен ғана жазалау керек. Айыппұлдарды ұлғайту тек жүргізушілердің қалтасын қағады. Одан ештеңе де өзгермейді, - дейді ол.
Апатқа ұшыраған көлік. (Көрнекі сурет)
Апатқа ұшыраған көлік. (Көрнекі сурет)

Көлік жүргізіп келе жатып телефонмен сөйлесетін әдетті түгелімен жоюға болатынына күдік келтірген көлік шебері Марат Әлімқұлов "бұған жарнама мен айыппұл ғана әсер етер" деп есептейді.

- Телефонмен сөйлескендерді қаладағы камералар міндетті түрде түсіріп жатыр. Менің ойымша, көшелерге "көлікте сөйлескен жүргізуші осындай айыппұл төлейді" деп үлкен жарнамалар іліп қойса, азаятын шығар. Әрбір жүргізушіге айыппұл салынбайынша қандай да бір шаралар әсер етеді деп ойламаймын, - дейді Марат Әлімқұлов.

Қазақстандағы телефон кесірінен туындайтын жол апаттары жайлы жол полициясы комитетінен деректер ала алмадық.

Жол полициясы комитетінің бұған дейін жариялаған мәліметінше, 2012 жылы елдегі жол-көлік апаттары саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 17,9 пайызға ұлғайған. Жыл бойы 14 мыңнан астам апат тіркеліп, үш мыңнан астам адам көз жұмған, 17 мыңнан астам адам жарақат алған.

Комитеттің дерегінше, апаттардың негізгі себебі - "жүргізушілердің жол ережесін өрескел бұзуы".
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG