Accessibility links

"Құқық қорғаудың қылмыстық-процестік негіздерін жаңғырту"


Батыс Қазақстандағы сот отырысы. 3 қараша 2017 жыл. (Көрнекі сурет)

Адвокаттар мен сарапшылар Қазақстанның қылмыстық-процестік заңдарын жаңғыртуды көздейтін заң жобасының артықшылықтарын айтады, бірақ олар өзгерістердің болашақ қатерлері мен кемшіліктері де бар екенін ескертеді.

Алматылық адвокат Елена Дворецкаяның айтуынша, қазір талқыланып жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметінің қылмыстық-процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының негізгі мақсаты қылмыстық процесс барысында азаматтарды қорғауды жақсарту және оның репрессиялық сипатын қылмыстық қудалаудың тиімділігіне зиян келтірмей азайту деп көрсетілген. Бұдан бөлек, істі қарау кезінде қорғаушы мен айыптаушы тараптардың теңдігі адвокаттардың процессуалдық мүмкіндіктерін ұлғайту есебінен артады деп болжанады.

...практик адвокат ретінде жұрттың қуанышына қосылмаймын, өйткені қылмыстық процестің өзге салалары мен процедураларын айтарлықтай өзгертпей бұл ұсыныстар іске аспайды...

- Бізге тергеу судьясының өкілеттігін көбейту, бұл жағынан прокурордың өкілеттігін қысқарту, бұйрық өндірісі деген институт енгізу, айғақ жинау тәртібіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу сияқты өзгерістерді панацея ретінде ұсынады. Бірақ практик адвокат ретінде жұрттың қуанышына қосылмаймын, өйткені қылмыстық процестің өзге салалары мен процедураларын айтарлықтай өзгертпей бұл ұсыныстар іске аспайды деп санаймын, - дейді Елена Дворецкая.

Заң жобасы авторы - бас прокуратура едәуір көп өзгерістер ұсынып отыр. Күдіктілерді санкциясыз қамауда ұстау мерзімі 72 сағаттан 48 сағатқа дейін, ал кәмелетке толмағандар үшін 24 сағатқа дейін қысқарады. Бірақ аса ауыр қылмыстар мен террорлық баптар бойынша ұсталғандарды санкциясыз қамауда ұстау мерзімі бұрынғыша қалады.

Бұған қоса, жария емес тергеу амалдарын жүргізуге енді сот рұқсат беретін болады, ал айғақтарды дәлелдеу тергеліп жатқан қылмыс бойынша ғана жүргізіледі деп болжанады.

- Бұл жерде адвокаттардың «сіздер, яғни қылмыстық қудалау органдары шектен шығып кеттіңдер» деп айтуға қақы бар. Мысалы, сіз ұрлыққа қатысты қылмысты тіркедіңіз, ал қарақшылық немесе тонау белгілерін іздей алмайсыз, - дейді бас прокурордың аға көмекшісі Болат Бейісов.

Оның сөзінше, бұл нормалардың бәрі күдіктінің құқығын қорғауды көздейді, ал бірқатар экономикалық қылмыстар бойынша қамауға алу сияқты бұлтартпау шарасын қолдану мүмкіндігі қысқарған, ол көлеңкелі экономикаға қатысты қылмыстарды тексеруге байланысты баптар бойынша ғана қолданылуы мүмкін.

- Егер әлемде ең көп тараған қылмыс – салық төлеуден жалтаруды алсақ, бұл бап бойынша алғаш қылмыс жасағандар қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. Бұл жақсы ма? Әрине, жақсы. Салықты кездейсоқ төлемей қалған адамдардың жағдайына түсіністікпен қарамақпыз, - дейді Болат Бейісов.

Адвокаттар (солдан оңға қарай)​ Жохар Өтебеков, Елена Дворецкая және Бауыржан Азанов қылмыстық-процестік заңдарды жаңғырту мәселелері бойынша өткен дөңгелек үстел мәжілісінде отыр. Астана, 8 қараша 2017 жыл.
Адвокаттар (солдан оңға қарай)​ Жохар Өтебеков, Елена Дворецкая және Бауыржан Азанов қылмыстық-процестік заңдарды жаңғырту мәселелері бойынша өткен дөңгелек үстел мәжілісінде отыр. Астана, 8 қараша 2017 жыл.

Адвокат Жохар Өтебековтің айтуынша, 2014 жылғы қылмыстық-процессуалдық кодекс адвокаттардың белгілі бір жағдайда тергеу судьясына жүгінуіне алғаш рет мүмкіндік берген. Адвокат әуелі тергеушіге өтініш жасайды, ал ол бас тартса, тергеу судьясына жүгінеді. Заң жобасында өтінішпен жүгінетін жағдайларды ұлғайту қарастырылған.

- Осы құқық жазылған қылмыстық-процессуалдық кодекспен үш жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Мен түрлі істер бойынша сараптама тағайындауды сұрап адвокат ретінде тергеу судьяларына кемі бес рет жүгіндім, бірақ олар бір рет те келіспей қойған. Ал мұның себебі қарапайым - тергеу судьялары сараптама үшін жауапкершілікті мойнына мүлде алғысы келмейді, тергеуші қалай өткізеді оған бәрібір, жалпы, оларға тергеу барысын онша қазбалай бермеу жайлы саяси нұсқау бар деп естігенбіз. Сондықтан мына жобалары орынды, дұрыс бастама. Бірақ шынайы практикада тергеу судьясының сараптама тағайындауы сияқты новелла іске аспай ма деп қорқамын, - дейді Жохар Өтебеков.

Бұған қоса, ол мына реформа аяқталғаннан кейін де қылмыстық өндіріс толықтай жаңғырады деп айтуға болмайды, өйткені «негізгі проблема – сот болып тұр, проблема тергеу амалдарында да, айыптауда да емес, соттардың күдіктіге кінәлі деп қарауға бейім көзқарасында бұғып жатыр» дейді.

Бүкіл ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша алқабилер сотын енгізу - судьялар мен құқық қорғау корпусы өкілдерінің көзқарас-пайымын өзгертуге болатын жалғыз вариант.

- Бүкіл ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша алқабилер сотын енгізу - судьялар мен құқық қорғау корпусы өкілдерінің көзқарас-пайымын өзгертуге болатын жалғыз вариант. Бізде заң шығару аясында оны өзгертудің бұдан өзге жолы жоқ - қылмыстық процесті жетілдіруді осылай ғана қамтамасыз етуге болады, - дейді Жохар Өтебеков.

EUCJ (Еуропа Одағының Қазақстанда қылмыстық сот төрелігін жетілдіру жобасы – ред.) жобасының аға ұлттық сарапшысы Назгүл Ерғалиева заңдағы өзгерістер қоғамға ықпал ету тәртібін өзгертуге бағытталуы тиіс деп санайды.

- Заңдарымызда жақсы, жатық етіп жазылған дүниелер бар, бірақ ол тәртіпті өзгертеді дегенді білдірмейді. Ал мына өзгерістер мінез-құлықты қаншалықты өзгерте алады? – дейді Назгүл Ерғалиева.

Оның пікірінше, реформаларды жоспарлап, оларды іске асыру үшін қылмыстық-процессуалдық процестің алдыңғы реформасының нәтижелерін «не іске асты, ал несі іске асқан жоқ» деген принциппен ғылыми тұрғыда әрі дәйекті талдау қажет.

Қазақстандағы адам құқығы бюросының Астана филиалының заңгері Ілияс Әділбаевтың айтуынша, заң жобасында ұтымды қадамдар жасалып жатыр. Ол «жобада қарастырылған көп дүниелерді «иә» деп құптағың да келеді, бірақ «жоқ» деп ескерту айтқың да келеді» дейді.

Сот жария емес тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарламау туралы шешім қабылдап, тергеушінің әлгі өтінішін бекітеді, сонымен бітті – іс тоқтайды, уақытша тоқтайды.

- Азаматтарға жария емес тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлауды ұсынады, бірақ қылмыстық қудалау органдарында мұндай хабарламаны кейінге қалдыру немесе мүлде хабарламауды сұрап сотқа жүгіну құқығы бар. Адамның жеке өміріне қатысты құқығы қаншалықты қорғалатыны қамтылмаған. Сот жария емес тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарламау туралы шешім қабылдап, тергеушінің әлгі өтінішін бекітеді, сонымен бітті – іс тоқтайды, уақытша тоқтайды. Ал ары қарай не болатынын ешкім қадағаламайды - әлгі мерзімдерді қадағалайтын ешқандай база, ешқандай жүйе жоқ, - дейді Ілияс Әділбаев.

Бұған қоса, оның айтуынша, заң жобасының қорғаушы және айыптаушы тараптардың теңдігі мәселесі қарастырылған бөлігінде адвокат айғақ жинау барысында сотқа сауалнама жүргізу туралы өтініш бере алады деген ереже бар, бірақ әлгі құжаттарды айғақ деп тану туралы шешімді қылмыстық қудалау органдары қабылдайтын болады. Бұған қоса, Ілияс Әділбаевтың айтуынша, қанша уақытқа ұсталғанына қарамастан күдікті азаптауға душар болмас үшін қылмыстық-процессуалдық өндіріс жүргізуге дұрыс жағдай әлі күнге дейін жасалмаған.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметінің қылмыстық-процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы парламент Мәжілісінің жұмыс тобына түсті.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG