Accessibility links

Ипотека: жеті рет өлшеп, бір рет піш


Аштық жариялаған борышкерлерді полиция алып бара жатыр. Астана, 27 мамыр 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Аштық жариялаған борышкерлерді полиция алып бара жатыр. Астана, 27 мамыр 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

«Ипотекалық несиені байлардың ғана қалтасы көтереді» деген сөзді билік жиі қайталайды. Бірақ ипотекалық дүрбелең тұсында несие алып, девальвациядан кейін төлем қабілетінен айырылған адамдар не істемек?

Теңгенің ақпанның 11-і күні тағы да бір демде девальвацияға ұшырауы ипотекалық борышкерлер үшін күтпеген соққы болды. Теңгенің ресми құны бір күнде 19 пайызға арзандады. Бірақ соңғы кезде билік халықты қаржылық сауатын ашуға, оңды-солды несие алудан сақтануға жиі шақырған еді.

Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовтің пікірінше, ипотекалық несиені төлеуге шамасы бар адамдар аз.

Tengrinews.kz. агенттігі Қайрат Келімбетовтің теңге девальвациясына дейінгі баспасөз жиындарының бірінде айтқан «…Ипотеканы төлейтін шамасы бар азаматтарға беру керек. Олар жалақысы көп, былайша айтқанда бай адамдар. Ипотекаға пәтер сатып алуға қазақстандықтардың 5-10 пайызының ғана шамасы келеді» деген сөздерін келтіреді.

НЕСИЕ ФОРМУЛАСЫ

Қазақстанда ипотекалық несие алу да, оны жабу да қымбатқа түседі. Екінші деңгейлі банктердің ипотекалық несие беру шарттары бір-біріне ұқсайды. Тек пайыздық мөлшерлемесі, бастапқы жарна мөлшері мен қайтару мерзімі жөнінен ғана аздаған айырмашылық бар.

Полиция наразылық акциясына шыққан борышкерлерді автобусқа күштеп мінгізіп жатыр. Астана, 22 мамыр 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Полиция наразылық акциясына шыққан борышкерлерді автобусқа күштеп мінгізіп жатыр. Астана, 22 мамыр 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Мысалы, банк клиенті 90 мың доллар тұратын пәтер сатып алу үшін 30 жылға (360 ай) несие алды делік. Ол сатып алатын пәтер құнының 10 пайызы көлемінде банкке бастапқы жарна төлейді. Банктің сыйақы мөлшерлемесі – 13,5 пайыз, ал жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі - 14,6 пайыз немесе одан жоғары болуы мүмкін. Бұған қосымша банк клиенттің есеп-шотына ақша аударғаны үшін 1 пайыз комиссия алады. Банк шарттарына сәйкес, клиент банкке ай сайын 916 доллар төлеп тұруы тиіс.

Ақыры клиент банк берген 79 мың 200 доллар несиені ғана емес, 249 мың 880 доллар пайыздық үстемені де қайтаруы тиіс болып шығады. Яғни пайыздық үстеме несие сомасынан үш есе асып кетеді.

БАНКТЕР ЖӘНЕ ИПОТЕКА

Қазақстанда жыл сайын миллиондаған шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Оның бір бөлігі ипотекалық несиеге сатылады. 2011-2012 жылдары ипотекаға сатылған баспана көлемі біраз өсті. 2012 жылы бұл көрсеткіш пайдалануға берілген бүкіл шаршы метр көлемінің 20,6 пайызын құрады.

Банктер мен ипотекалық мекемелер тұрғындарға қайталама нарықта (жаңа үй емес, үйді кісі қолынан алуды айтады - ред.) баспана сатып алу үшін де ипотекалық несие береді.

Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі және ипотекалық несиеге сатылған баспана (мың шаршы метрмен):

2004 2005 2006 2007 2008 2009 2010 2011 2012 2013
мың шаршы метр 2591 4992 6245 6679 6848 6403 6409 6531 6742 6844
ипотекаға
сатылғаны
107 741 747 1081 1055 637 817 1193 1393 -

Қазақстанда ипотекалық дүрбелең 2004 жылы басталып, ипотекалық несиеге сатылған баспана көлемі тоғыз жыл ішінде 13 есе өсті.

Мұнымен қатар екінші деңгейлі банктердің (ЕДБ) халыққа берген ипотекалық несие көлемі де өсті. Ұлттық банктің статистикалық бюллетенінде келтірілген деректерге қарағанда, банктердің ипотекалық несие көлемі тоғыз жылда 8,7 есе өсіп, 2013 жылдың аяғында 863 миллиард 800 миллион теңгеге жеткен.

2007 жылға дейін Қазақстанда жылжымайтын мүлік бағасы күн санап қымбаттады. Алматыда бір бөлмелі қарапайым пәтердің құны 80 мың долларға дейін жетті. Бірақ 2008-2009 жылдары қаржы дағдарысы басталып, банктер несиені қайтару мерзімін кешіктіру проблемасына, одан ары қайтарылмаған несиелер проблемасына тап болды.

Ипотекалық борышкерлер президенттен көмек сұрап, акция өткізді. Астана, 22 мамыр 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Ипотекалық борышкерлер президенттен көмек сұрап, акция өткізді. Астана, 22 мамыр 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Дағдарыс кесірінен жұмысынан, кәсібінен айырылған адамдар "проблемалық” борышкерлерге айналды. Оларға ипотекаға сатып алған баспанасынан айырылу қаупі төнді. Төлем қабілетін жоғалтқан борышкерлер қоғамдық ұйымдар құрып, банктерден сыйақы пайыздарын шегеруді талап ете бастады.

Борышкерлер проблемасы әлі шешілген жоқ. Несиені қайтаруға шамасы келмеген борышкерлердің көбі баспанасынан айырылды, енді біреулері ипотекаға алған пәтерінде "қай күні қуып шығады" деген қорқынышпен тұрып жатыр. Проблемалық несие көлемі жөнінен Қазақстан банк секторы әлемде алдыңғы орындардың біріне шықты.

Қаржылық қадағалау комитетінің 2013 жылғы желтоқсан айындағы есебі бойынша, төлем мерзімі 90 күннен көп уақытқа кешіктірілген несиелер 4 триллион теңгеден асқан немесе екінші деңгейлі банктердің несие портфелінің 31,4 пайызына жеткен.

ПАЙЫЗДЫҢ ТҮСУІН КҮТУ

Жыл басында ипотекалық несиенің пайызы төмендеуі мүмкін деген үміт пайда болды. Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов қаңтарда өткізген брифингінде несие бойынша жылдық тиімді пайыздық мөлшерлемені түсіру мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеп, „биыл жылдық ставканы азайтуды көздеп, қазір бұл мәселені банктермен талқылап жатырмыз” деген еді.

Бірақ сарапшылардың пікірінше, ипотекалық несиелер көбі доллар бағамына тәуелді. Ал ақпанның 11-і күні жасалған девальвация жылдық тиімді пайыздық мөлшерлеме төмендетілген күннің өзінде ипотекалық несие беру көлемін өсіруге мүмкіндік бермейді.

Экономист Меруерт Махмутова Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында «Мұның алдындағы девальвациядан кейін Қазақстанның банк секторы қайтарылмаған несие көлемі жағынан әлемде бірінші орынға шыққан. Теңге тағы құлдырағандықтан, бұл проблема ушыға түседі» деп жазады.
XS
SM
MD
LG