Accessibility links

Жаңа мелодрама медициналық проблеманы да қозғады


«Ақерке, сені сүйемін» фильмінен көрініс.

Астаналық жас режиссерлер түсірген «Ақерке, сені сүйемін» фильмі ақпанның 2-сінен бастап облыс кинотеатрларында прокатқа шығады. Фильмде сүйек кемігін ауыстырар кезде донор жетіспеуі проблемасы да айтылған.

ӨМІРДЕН АЛЫНҒАН ОҚИҒА

Жаңа кинокартинаның сценарийіне Астанадағы өнер университетінде оқыған студент қыздың қан рагына шалдығып, сауығып кетуі үшін оған өзге студенттердің көмектесуге қалай тырысқаны туралы өмірден алынған оқиға арқау болған.

– Біздің курста музыка театры актрисасы мамандығы бойынша Ақерке деген қыз оқыды. Бірінші курстан бастап Азамат деген сүйген жігіті болды. Екеуінің арасында керемет махаббат болды. Өзгелер екеуінің махаббатына қызығатын. Ақерке үшінші курста оқып жүргенде қан рагына шалдығыпты, бірақ өкінішке қарай оны ешкімге айтпапты. Біз мұны төртінші курста ғана білдік. Емделмей жүріп, бір жылын жоғалтып алды, – дейді фильмнің тең режиссері Нәзия Назарбек Алматыда өткен жабық көрсетілім кезінде.

Фильм режиссерлерінің бірі Нәзия Назарбек. Алматы, 30 қаңтар 2017 жыл.
Фильм режиссерлерінің бірі Нәзия Назарбек. Алматы, 30 қаңтар 2017 жыл.

Ол фильмді курстасы Мейірім Арғымбаевамен бірлесіп түсірген. Екеуі де Астанада бес жыл режиссерлікті оқыған.

Нәзияның айтуынша, Ақеркенің сырқатын білгеннен кейін бүкіл университет болып жұмылып, оны емдетуге ақша жинауға кіріскен. Студенттер сауда-ойын-сауық орталықтарында екі апта бойы қайырымдылық концерттерін қойған. Бұл жайлы БАҚ-тар жазғаннан кейін денсаулық сақтау органдары Германияда емделу үшін Ақеркеге кезектен тыс квота беруді ұйғарған. Бірақ өкінішке қарай, дерт әбден меңдеп алған бойжеткен 2013 жылы қайтыс болған.

– Мен адамдардың бұлай жанашырлық танытуын бірінші рет көрдім. Оқиғаның негізгі желісін өзгеріссіз қалдырдық. Бірақ әлдебір суреттемелер қостық, онсыз фильм қызықсыз болып шығар еді, – дейді Нәзия Назарбек.

Ақеркенің құрбысының рөлін Нәзияның өзі ойнайды. Бұған қоса фильмде Ақеркенің ең жақын құрбысы болған тағы екі бойжеткен де бар. Актерлердің көбі – актерлер даярлайтын факультетінің студенттері немесе түлектері.

«КӨК ТИЫНСЫЗ БАСТАЛҒАН ІС»

Фильм жас режиссерлер Нәзия Назарбек пен Мейірім Арғымбаеваның өздері құрған шағын киностудияда түсірілген. Екеуінің ұстазы Құралай Ешмұратованың айтуынша, олар түсірілімді «көк тиынсыз бастаған». Бірақ Нәзияның айтуынша, екеуі фильмді өз ақшасына бастап, кейін түскен азын-аулақ ақшаны сосын іздеуге кіріскен.

Режиссер бір жарым жылда түсірілген фильмге қанша ақша кеткенін де білмейді, сондықтан продюсерден сұрауға кеңес берді. Бірақ продюсер де «мұны бухгалтер біледі» деген уәжбен бұл сұраққа жауап бере алмады.

Фильмде ешқандай әсерлі көріністер де, қымбат көліктер де (кейіпкер студенттер автобуспен жүреді), сән-салтанаты келіскен апартаменттер де (кейіпкерлердің өмірі өнер университеті аудиторияларында, жұпыны жатақханада немесе ауруханада өтеді) жоқ.

Фильмде саясат, идеология да мүлде жоқ. Өмірді еш әсірелеусіз көрсеткен. Мысалы, жатақханада тұратын студенттердің тұрмысы сол қалпында көрсетілген. Жатақханалар сияқты, студенттердің күнделікті тұрмыс-тіршілігі де совет заманынан бері мүлде өзгермеген сияқты.

Қазақстанда шағын бюджетке тәуір фильм түсіруге болғанымен, үлкен прокатқа шығу қиын. «Ақерке, сені сүйемін» фильмінің бұл жағынан жолы болған. Екінші режиссердің айтуынша, Қазақстан облыстарының 70 пайызында прокатшылар фильмді кинотеатрларда көрсетуге келіскен.

МЕЙІРІМДІЛІККЕ БАУЛУ

Нәзия Назарбектің айтуынша, Ақеркенің рөліне жарияланған кастингке 200-дей бойжеткен қатысқан. Актерлерді іріктеуге Азамат пен Ақеркенің құрбылары қатысқан. Әр үміткерге 20 минуттан кеткен. Кастингке келген үміткерлерге «Шашыңды тақырлап алдыруға келісесің бе?» (фильмде науқас кейіпкердің шашын тақырлап алып тастайды) деген сұрақ қойылған. Бәрі «жоқ» деп жауап берген.

– Кастингке Айсәнім келген кезде бәріміз әбден қалжырап отырғанбыз, сондықтан одан «Шашыңды тықырлап алдыруға келісесің бе?» деп бірден сұрауды ұйғардық. Ол «Иә» деді. Фильм не жайлы болатынын да, кімнің рөлін ойнайтынын да білмейтін адамның жауабына қайран қалдық, – дейді режиссер.

Айсәнім Қастеева (қазақ бейнелеу өнерінің классигі Әбілхан Қастеевтің шөбересі) Азаттық тілшісіне кастингке курстас қыздың үгіттеуімен барғанын, ал Азаматтың рөлін сомдаған Нұрлан Наурызбаевты кастингке кейін ертіп апарғанын айтты. Бұл – екеуінің кинодағы алғашқы қадамы. Айсәнім – дизайнер, Нұрлан – архитектор. Екеуі де – Қазақ мемлекеттік құрылыс-сәулет академиясының түлектері. Кастинг өтетін кезге қарай екеуі бір-бірін ұнатып жүрген. Ал түсірілім басталған кезде ерлі-зайыпты болып үлгерген.

Актерлер Айсәнім Қастеева мен Нұрлан Наурызбаев. Алматы, 30 қаңтар 2017 жыл.
Актерлер Айсәнім Қастеева мен Нұрлан Наурызбаев. Алматы, 30 қаңтар 2017 жыл.

Режиссер Нәзия Назарбектің айтуынша, екеуінің махаббаты бас кейіпкер прототиптерінің арасындағы сүйіспеншілікті ашу үшін өте маңызды болған.

Кәсіпқой оператор Әубәкір Сүлеевтің қатысуы, фильмнің ойдан ештеңе құрастырылмай өмірден алынған оқиға желісімен түсірілгені, сценарий авторы әрі режиссерлердің бірінің әлгі оқиғаның тікелей қатысушысы болғаны фильмдегі өмір шындығын, мейірімділікті шынайы етіп көрсетеді. Онда юмор, өмірге деген құштарлық, махаббатқа деген сенім бар.

Кинотанушы Зухра Табаеваның айтуынша, бөтен адамдардың жанашырлығы адамдардың өмірін жақсартып қана қоймай, өмірлерін де ұзартады.​

МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ПРОБЛЕМА

Фильм авторлары прокаттан түскен қаржыны қатерлі ісік дертіне шалдыққан бір баланы емдетуге жұмсауды ұйғарған. Оған 200 мың доллар қажет. Кинокартина түсірілім тобы жиналған ақшаны қай баланы емдеуге жұмсауды шешетін ана және бала орталығына бермек.
Фильм Қазақстанда лейкоз дертіне шалдыққан адамның өмірін құтқарудың көбінесе жалғыз жолы саналатын сүйек кемігін ауыстыру үшін донор жетіспеу проблемасын тағы көрсетеді. Фильмдегі дәрігер кейіпкер «елде донорлар қоры жоқ болғандықтан дүниежүзілік донорлар қорына өтініш жолдадық» деп қынжылады.

Қазақстанда 2011 жылы құрылған донорлар қоры, нақтырақ айтқанда, сүйек кемігі донорлары регистрі бар. Бірақ әлгі регистр көлемі өте шағын. Донор HLA-антигендер жүйесі жағынан науқасқа барынша сай болуы тиіс. Бұл сәйкестік тіпті бірге жақын туыстардың ішінде 30 пайыздан аспауы мүмкін.

Жария дереккөздерде қазір әлгі регистрде шамамен 6 мың донор бар деп көрсетілген. Мамандар науқастарға жан-жақты көмек көрсету үшін ел халқының кемі 1 пайызы донор болуы қажет деп санайды. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 170 мың адам болуы тиіс. Бірақ дамыған елдерде 0,2 пайыздың өзі (Қазақстан үшін – 34 мың) жақсы көрсеткіш деп есептеледі. Мемлекет бір донорды регистрге енгізу үшін 150 мыңнан 700 мың теңгеге дейін ақша жұмсайды. Бұл ақша мемлекет есебінен төленеді, бірақ регистрге донор енгізудің жылдық лимиті 2 мың адамнан аспайды.

Ұлттық донорлар регистріне енгізуді мемлекет тарапынан жеткіліксіз қаржыландыру проблемасынан бөлек, адамдар да донор болуға әзір болуы тиіс. Ал Қазақстанда ондай адамдар онша көп емес.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG