Accessibility links

Рұқсат берілгенімен намазханалар ашылмай тұр


Көше бойында намаз оқып отырған жігіт. Алматы, 28 қараша 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Көше бойында намаз оқып отырған жігіт. Алматы, 28 қараша 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Арнайы діни ғимараттардан бөлек орындарда құлшылық етуге тыйым салынған алты жылдан кейін дін істері және азаматтық қоғам министрлігі жаңа ереже қабылдады. Ережеге сәйкес, енді темір жол, автовокзал, әуежай, порттарда құлшылық ету бөлмелерін ашуға рұқсат берілді. Бірақ Астанадан ондай намазхананы табудың сәті түспеді.

НАМАЗХАНА ІЗДЕУ

Дін туралы заңға сәйкес, құлшылық ету бөлмелері мемлекеттік мекемелер, мектептер мен ауруханалардан 300 метр аулақта орналасуы тиіс. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Азаттыққа хабарлауынша, ведомство діндар азаматтардың өтініші бойынша "300 метрге қатысты" тыйымды зайырлы білім беру мекемелері үшін ғана қалдыратын жаңа нұсқаулық қабылдауды ұйғарған.

Алты жылдан кейін намазханалар қайта ашылды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:21 0:00

Шенеуніктердің сөзінше, мектептердің жанында намазхана ашуға тыйым салынады, өйткені "Білім туралы" заңда "білім берудің зайырлы сипаты - білім саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі принциптерінің бірі" деп көрсетілген. Бұған қоса, мемлекеттік мекеме мен түрме ғимараттарында да намазхана ашуға рұқсат етілмейді.

Жаңа талаптарға сәйкес, құлшылық ету бөлмелерінің жалпы көлемі 20-дан 100 шаршы метрге дейін әрі ол жерде дәрет алуға арналған санитарлық торап болуы тиіс. Бөлмедегі санитарлық, өрт және өзге де қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету жауапкершілігі намазхана орналасқан бөлменің иесіне жүктеледі. Құлшылық ету бөлмесін ашу үшін жергілікті атқарушы органдардың келісімі қажет.

Азаттық тілшісі қаладан құлшылық ету бөлмелерін іздеп табуға тырысты, бірақ олар вокзалдарда да, әуежайда да әзірше ашылмаған болып шықты. Астананың жаңа теміржол вокзалы өкілдері "бізде әзірше намазхана ашылған жоқ, жаңа ереже жайлы ештеңе білмейміз" дейді. Астанадағы Назарбаев атындағы әуежай қызметкерлері де осылай дейді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб-мүфти Серікбай қажы Ораз. Астана, 18 қыркүйек 2017 жыл.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб-мүфти Серікбай қажы Ораз. Астана, 18 қыркүйек 2017 жыл.

Осы аптада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб-мүфти Серікбай қажы Ораз Азаттық тілшісіне "намазханалар бүкіл жерде ашылғанын" айтқан еді. 18 қыркүйек күні Серікбай қажы Ораз Азаттыққа:

- Кеше түнде ғана - сағат 23:15-те Алматыдан ұшып келдім, екінші қабаттағы дәріхананың жанында намазхана бар, - деген болатын.

Бірақ сол күні кешкісін Азаттық тілшісі Астана әуежайындағы таба алмады. Намазхана жоқ екенін Астана әуежайының анықтама қызметі де растады.

ПІКІРЛЕР

Саясаттанушы Талғат Мамырайымов құлшылық етуге арналған бөлмелер ашуға рұқсат беру - жоғары жақтағы белгілі бір топтардың ықпалы деп санайды. Оның пікірінше, Қазақстандағы кейбір діни топтардың, мысалы салафиттердің артында қазіргі биліктегі элиталық топқа жататын адамдар тұр.

- Дегенмен бұл жайт бізде көп шектелетін діни сенім еркіндігін кеңейту қажет екенін жоққа шығармайды. Элиталық топтардың ішінде дін мәселесіне қатысты жіктелу бар. Бұл мәселе елдегі бүкіл саяси жағдайды, өз билігін нығайту үшін биліктің әлдебір тақырыпты жанталасып іздеп жатқанын көрсетеді. Оларға әлдебір күшпен күрес керек. Ол күресті билік өзінің түрлі құқықтарын күшейтуге себеп ретінде пайдаланады, - дейді Талғат Мамырайымов.

"Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени музейі ғимаратындағы медресе бөлмесінде намаз оқып отырған ер адам. Түркістан, 3 маусым 2017 жыл. (Көрнекі сурет)
"Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени музейі ғимаратындағы медресе бөлмесінде намаз оқып отырған ер адам. Түркістан, 3 маусым 2017 жыл. (Көрнекі сурет)

Бұған қоса, ол мұны Қазақстанда жуық арада болмайтын "демократиялық өзгерістер жағынан ілгерілеу ретінде" қарастырудың керегі жоқ дейді. Саясаттанушының сөзінше, биліктің салафиттерді зұлымдық көзі ретінде көріп, оларды саяси саладағы қысымды күшейту немесе терроризммен күрес ретінде пайдалануына элитааралық қайшылықтар мен алауыздық мүмкіндік бермей отыр. Оның сөзінше, Қазақстанда "террорлық қатер жоқ, мұның бәрі ойдан шығарылған өтірік сөздер".

Саясаттанушы Ислам Қураевтің айтуынша, діни терроризм мен құлшылық ету бөлмелерінің арасында байланыс жоқ, ал елде экстремизм мен терроризм тақырыбын тым дабырайтып көрсетеді.

- Бұл – осы тақырыпты көп қаузайтын ақпарат құралдарының ісі. Ал мемлекет ондай дабылға шара қолдануға мәжбүр болды, өйткені бұл қатер бізге де шынымен келуі мүмкін. Әдетте фанаттар терактілерді «дінсіздер» көп жерлерде жасайды, сондықтан құлшылық етуге баратындар ықтимал құрбан немесе радикал болуы мүмкін емес. Терроршының діни немесе ұлттық сипаты жоқ, сондықтан бәрін осы қисын тұрғысынан қарай беру дұрыс емес, - дейді Ислам Құраев.

Ол құлшылық ететін бөлмелер ашуға рұқсат беруге Ислам ынтымақтастығы ұйымы елдерінің ғылым және технологиялар бойынша өткен саммиті мен қоғамдық резонанс тудырған, кей түзетулері ел конституциясына қайшы әрі пысықтауды қажет ететін "Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне дін қызметі және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасы ықпал етті деп санайды.

- Әлемдік тәжірибеде мұндай тәсілді "қамшы мен қант" деп атайды, яғни мемлекет, бір жағынан "бұрышқа тұрғызып жазалайды", ал бір жағынан бүлініп бара жатқан ештеме жоқ деп басынан сипайды, - дейді Ислам Қураев.

Алты жыл бұрын Қазақстанда "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" заңға сәйкес, бүкіл мемлекеттік мекемелер, қарттар үйлері мен түрмелердегі құлшылық ету бөлмелерін жаба бастаған болатын. Олардың орнына кітапханалар, тәрбие жұмысын жүргізуге арналған бөлмелер ашып, кейбірін тұрмыстық және өзге бөлмелерге айналдырып, жабдықтаған. Ол кезде билік құлшылық етуге арналған бөлмелерді жабу себебін дін туралы жаңа заң күшіне енуімен байланысты түсіндірген, бірақ алты жылдан кейін, егер жаңа нұсқаулық қабылданса, намазханалардың жұмыс істей беруіне болатын болып шықты.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG