Accessibility links

Нарымбаев пен Мәмбеталиннің жақтастары сот залына сыймады


Белсенділер Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбеталин сот залында. Алматы, 9 желтоқсан 2015 жыл.
Белсенділер Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбеталин сот залында. Алматы, 9 желтоқсан 2015 жыл.

Сәрсенбіде азаматтық белсенділер Серікжан Мәмбетәлин мен Ермек Нарымбаевтың сотын уақытша тоқтату талап етілді. Адвокаттардың бірі «араздықты қоздыру» бабының заңға сәйкестігін тексеру үшін сотты конституциялық кеңеске жүгінуге шақырды.

«Ұлтаралық араздықты қоздырды» деп айыпталатын азаматтық белсенділер Серікжан Мәмбетәлин мен Ермек Нарымбаевтың ісін қараған Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының бүгінгі отырысы белгіленген уақыттан екі сағаттай кешігіп басталды. Журналистер мен сотталушылардың туыстарынан бөлек, белсенділердің процеске қатысқысы келетін жақтастары сот залына сыймады.

СОТ ӨТЕТІН ЗАЛДЫ АУЫСТЫРДЫ

Сотқа әуелі журналистер мен Серікжан Мәмбетәлиннің әке-шешесі және Ермек Нарымбаевтың бауырын ғана кіргізді. Судья Марал Жарылғасова отырысты енді бастай берген, бірақ залдағы журналистер одан Гүлжан Ерғалиева мен Рысбек Сәрсенбайұлы сияқты белгілі журналистерді де кіргізуді сұрады. Судья олардың қатысуына рұқсат етті.

Сот залына кірген Гүлжан Ерғалиева «Мәмбеталин мен Нарымбаевтың көптеген жақтастарын күзетшілер сотқа кіргізбей жатыр» деп мәлімдеді. Судья ескерту жасағанымен, Ерғалиева өз дегенінен қайтпады. Ол «залдан шығыңыз» дегенді тыңдамаған соң судья жасауылдарды шақыруды бұйырды. Бірақ осы тұста сәл кібіртіктеген судья ақыры залдан өзі шығып кетті. Ал сот ғимараты вестибюлінен процеске кіре алмай қалғандардың наразы дауыстары естіліп жатты.

Біраздан кейін сот залына кірген Алмалы аудандық сотының төрағасы Әрішев ондағы жұртқа «бұдан гөрі кеңірек зал бар, бірақ ол аудио және видео жазатын құралдармен жабдықталмаған» деп хабарлады. Ол сот залындағы орындарды санап шығып, залға тағы бірнеше кісіні кіргізуді бұйырды. Сот залында процеске қатысушылардан бөлек 40 шақты адам отырды. Бірақ сотқа кіре алмағандардың наразы үні вестибюль жақтан әлсіз болса да естіліп тұрды.​

ӨТІНІШТЕР

Сот отырысы сотталушылар мен екеуінің адвокаттарының өтініштерін мәлімдеуден басталды. Серікжан Мәмбетәлиннің адвокаты Ермұрат Мұқанов журналистердің аудио және видео жазып, фотоға түсіруіне рұқсат беруді сұрады. Аудио жазуға рұқсатын берген судья Марал Жарылғасова сот отырысы басында фото түсіруге бірер минут қана бөлді, ал видео түсіруге тыйым салды.

Ермек Нарымбаев «қылмыс құрамы жоқ» деген уәжбен сотты қылмыстық істі тоқтатуға шақырды. Оның мәлімдеуінше, Серікжан Мәмбетәлин екеуінің үстінен қозғалған іс саяси мақсатпен қолдан жасалған әрі заңды негізі жоқ.

Нарымбаевтың өтінішін қостаған Мәмбетәлин «бұл істе жапа шегушілер де жоқ, тергеу кезінде іс қолдан жасалды» деп мәлімдеді. Оның адвокаты Ермұрат Мұқанов судьядан процесті уақытша тоқтатып, қылмыстық кодекстің белсенділер айыпталатын «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздықты қоздыру» деген 174- бабының конституцияға сәйкестігін тексеру үшін конституциялық кеңеске жүгінуді сұрады.

Мәмбетәлиннің адвокаты клиентіне қатысты бұлтартпау шарасын өзгертіп, оны кепілақшаға босатуды да өтінді. Серікжан Мәмбетәлиннің бұрын сотталмағанын ескерткен адвокат қан қысымы жоғары болғандықтан клиенті медициналық көмекке зәру екенін айтты.

Ермек Нарымбаевтың адвокаты Жанар Балғабаева да бұлтартпау шарасын қайта қарап, қамауды ешқайда кетпеу туралы қолхатқа ауыстыруды сұрады. Ол «клиентіме қатысты бұлтартпау шарасы өзгертілсе, бірнеше қоғам қайраткері кепіл болуға әзір» деп мәлімдеді. Адвокат атаған қайраткерлердің ішінде саясаткер Әміржан Қосанов, журналист Гүлжан Ерғалиева, ақын Мұхтар Шаханов, «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайұлы бар.

Белсенді Ермек Нарымбаев сот залында тұр. Алматы, 9 желтоқсан 2015 жыл
Белсенді Ермек Нарымбаев сот залында тұр. Алматы, 9 желтоқсан 2015 жыл

Бұлтартпау шарасын өзгертуді сұраған сотталушылар «денсаулығымыз нашарлап кетті» және «тергеу абақтысында адам төзгісіз жағдайда отырмыз» деген уәждер келтірді. Екеуі абақтыдағы жағдайды «адамшылыққа жат» әрі «гестаполық» деп атады.

- Бізден гөрі өріп жүрген егеуқұйрықтар еркін, - деп мәлімдеді Ермек Нарымбаев.

Бұдан кейін сотталушылардың туыстарын - Серікжан Мәмбетәлин үшін анасы Анастасия Мәмбетәлинаны, Ермек Нарымбаев үшін бауыры Арман Нарымбаевты - қоғамдық қорғаушы ретінде тану туралы өтініш берілді.

Серікжан Мәмбетәлин «Ермек Нарымбаев екеуміздің арамызда ешқандай сөз байласу болған жоқ әрі екеуміздің көзқарастарымыз бен қорғану тактикамызда көптеген айырма бар» деген уәжбен қылмыстық істі бөліп қарауды сұрады. Бұл өтінішті Нарымбаев та қостады.

Нарымбаев екеуінің үстінен қозғалған істі «қолдан жасауға қатысы бар» деген уәжбен Серікжан Мәмбетәлин Алматы қаласы ішкі істер департаменті бастығы Серік Күдебаев пен ІІД қызметкерлерін қылмыстық жауапқа тарту туралы өтінішін де мәлімдеді. Оны Нарымбаев та қолдады. Екеуі әлгі өтініштерін жазбаша ресімдеп, канцелярия арқылы сотқа беруді сот үстінде адвокаттарына тапсырды.

Прокурор Нұрдәулет Бекбенбетов өтініштердің көбіне, оның ішінде конституциялық кеңеске жүгінуге қатысты мәлімдемеге қарсылық білдірді. Сотталушылардың өтініштері бойынша шешім қабылдау үшін кеңесуші бөлмеге кететінін мәлімдеген судья Марал Жарылғасова өз шешімін бейсенбі күні таңертең жариялайтынын айтты.

Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбетәлин "авторы Қазақстан мұсылмандары одағы жетекшісі Мұрат Телібеков" деп болжанған кітаптың үзінділерін Facebook әлеуметтік желісінде жариялағаны үшін қылмыстық жауапқа тартылған. Мәмбетәлин мен Нарымбаевты биыл қазанда пәтерлерінде тінту жүргізіп, компьютерлері мен ұялы телефондарын тәркілегеннен кейін тұтқындаған. Белсенділер тағылған айыптарды мойындамайды.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG