Accessibility links

«Наурыз.kz» авторлары елге деген сүйіспеншілікті күшейткісі келеді


«Наурыз.kz» фильмінің экраннан түсірілген кадры. Бір жылдан соң есін жиған әкім туралы эпизодты ойнап тұрған актер Талғат Кенжеболатов (сол жақта), Алдабек Шалбаев, Жанаргүл Жаныаманова.

Наурыз мерекесі қарсаңында Қазақстан кинотеатрларында «Наурыз.kz» фильмі көрсетіле бастайды. Оны көріп, авторларының алғашқы көрермендерге айтқанын естігеннен кейін Азаттық тілшісі «Наурыз.kz» Тимур Бекмамбетовтің «Шыршалар» («Ёлки»), Ричард Кёртистің «Нағыз махаббат» («Реальная любовь»), тіпті Голливуд фильмдерімен таласуға лайықты қазақстандық фильм деген ойға келді.

БЕС НОВЕЛЛА ЖӘНЕ МАХАББАТ ҮШТАҒАНЫ

Қазақстандық прокатқа наурыздың 16-сы шығатын «Наурыз.kz» жаңа комедиясы бес новелладан тұрады. Новелла кейіпкерлері Алматыда, Алматы облысында және Шымкентте тұрады. Фильмде тіпті екі америкалық кейіпкер де бар, олардың рөлін қазақстандық актерлер ойнаған.

Бірінші новелланың кейіпкерлері – қазақстандық университет студенттері. Екіншісінде – ауылда тұратын екі зейнеткер мен осы екі зейнеткер ғашық болып қалған медбике. Тағы бір новелла жұмыс бабымен Шымкентте тұратын сүйген қызын (ол да америкалық) күтпеген жерден қуантуды ұйғарған америкалық жігіт туралы. Ол аяқ астынан, ескертпей келіп, ғашығына сыйлық жасамақ болады.

Тағы бір новелланың кейіпкері - жазатайым оқиғадан соң терең ұйқыға ұқсас ессіз күйде (кома) жатып, бір жылдан кейін бір түн ғана ұйықтадым деген оймен бірден міндеттерін атқаруға кіріскісі келетін ауыл әкімі. Бірақ бұл кезде оның орнына орынбасары әрі оның болашақ күйеубаласы әкім болып алады. Экс-әкімнің, яғни жаңа әкімнің болашақ қайынатасының жанын жараламау үшін оған ессіз күйде жатқанын да, ауылда бір жыл ішінде болған жайттарды да айтпауды ұйғарады.

«Аталар» новелласының кейіпкерлерін Саят Мерекенов пен Анатолий Креженчуков ойнаған. «Наурыз.kz» фильмінің экраннан түсірілген кадры.
«Аталар» новелласының кейіпкерлерін Саят Мерекенов пен Анатолий Креженчуков ойнаған. «Наурыз.kz» фильмінің экраннан түсірілген кадры.

Бесінші новеллада радиода хабар жүргізуші бойжеткен мен ол қарапайым таксист деп ойлап қалған транспорт компаниясы бастығының таныстығы жайлы баяндалады.

Новеллаларға ортақ нәрсе - әлгі хикаялардың бәрі Наурыз мерекесі күндері бір мезетте болады. Кейіпкерлер бір-бірімен байланысты болып шығады әрі фильмде бәрінің жолдары тоғысады.

Фильмді режиссер әрі сценарий авторларының бірі Асқар Бисембин құрған Skinny Man Production тәуелсіз кинокомпаниясы түсірген. Фильмге Берік Айтжанов, Алдабек Шалбаев, Саят Мерекенов, Жанар Дугалова сияқты танымал киноактерлер түскен. Анатолий Креженчуков пен Екатерина Дзвоник – Алматы театрларының белгілі актерлері. Әнші әрі композитор Марат Омаров өзінің рөлінде ойнаған. Кейіпкерлер экраннан композитор, әнші, актер Талғат Кенжеболатовты (Kental) да көреді.

Фильм мазмұнында саясат та, идеология да жоқ. Бірақ тоқал тақырыбы жанамалай болса да қозғалған. Кейіпкер қыздардың бірі – үйлі-баранды адамның тоқалы я көңілдесі.

ЖАНРЫ - ХАЛЫҚТЫҚ КОМЕДИЯ

Авторлары фильм жанрын халықтық комедия деп атайды. Оның нақты анықтамасы табылмады. Әлгі жанрдың мән-мағынасы бас продюсер Олег Головашкиннің сөзінен түсінікті болды.

- Бұған дейін ұлттық нарықта ең қиын жанрлардың бірі – халықтық комедия болмаған. Халықтық комедияны түсіру неге қиын? Өйткені бұл – әр түрлі қалада түсірілетін, өте көп актер түсетін жанр. Ал біз жас-кәріге бірдей етене жақын комедия түсіргіміз келді, - дейді ол.

Фильм Қазақстанда тұратын әлеуметтік деңгейі, жасы, ұлты әр түрлі адамдардың тағдыры жайлы баяндайды.

Режиссер әрі сценарий авторларының бірі Асқар Бисембиннің пікірінше, бұл жанрдың негізін әр туындысы тамаша ағылшын әзілі мен парасатқа бай британдық кинорежиссер Ричард Кёртис «Нағыз махаббат» фильмі арқылы қалаған. Асқар Бисембин «Нағыз махаббат» «Ёлки» (режиссер Тимур Бекмамбетовтің) сияқты фильмдерден он есе күшті фильм деп санайды.

«Наурыз.kz» фильмі сценариінің үш авторының бірі, режиссер Асқар Бисембин журналистермен сөйлесіп тұр. Алматы, 11 наурыз 2017 жыл.
«Наурыз.kz» фильмі сценариінің үш авторының бірі, режиссер Асқар Бисембин журналистермен сөйлесіп тұр. Алматы, 11 наурыз 2017 жыл.

- Біз де сондай сапаға ұмтылдық. Жұрттың салыстыратынын білемін. Ең бастысы, салыстырғандаұтылып қалмасақ болғаны, - дейді ол.

«Нағыз махаббат» пен «Наурыз.kz» фильміне ортақ нәрсе - екеуі де бірнеше новелладан тұрады (бірақ британдық фильмде олар көбірек ) әрі екеуінде де кейіпкерлер бір-бірімен тоғысады.

Шындығында, өзге комедиялармен де ұқсастықтар табуға болады. Мысалы, терең ұйқыдан оянған ауыл әкімінің басындағы жағдай басты рөлде Луи де Фюнес ойнаған француздың ертедегі «Мұздатылған» («Замороженный») кинокомедиясын еске түсіреді. Екі фильмде де бас кейіпкерді психологиялық ауыр соққыдан қорғау үшін жақындары ол жазатайым оқиғаға дейін өмір сүрген ортасын қалыптастыруға тырысады.

Киножоба - «Наурыз.kz» фильмінің бас продюсері Олег Головашкиннің идеясы.

- Әуелгіде Жаңа жыл туралы фильм түсірсек қайтеді деген идеяны талқыладық. Бірақ ол Бекмамбетовтің «Ёлкасын» қайталау болып шығады деп шештік. Сондықтан тамаша дәстүріміз – адам саны 200 миллиондай болатын түркі халықтары тойлайтын Наурыз мерекесі тақырыбына жүгінуді жөн көрдік. Біз ең бастысы, фильм кинотеатрларда көрсетіле бастайтын наурыздың 16-сы көрерменге жақсы әсер қалдыру үшін тырыстық. Әлдебір игіліктің, тазалықтың, көңілді, көктемгі дүниенің дәмі болсын деп ойладық. Егер көрерменімізге ондай әсер қалдыра алсақ, өзімізді бақытты санап, бір жарым жыл босқа өтпепті деп есептейміз, - дейді ол журналистерге.

ПІКІРЛЕР

Әдетте жергілікті кинотанушылар, киносыншылар қазақстандық кинематографистердің жаңа өнімдерін сирек мақтайды. Бұл жолы бәрі басқаша болып шықты.

Кинотанушы Андрей Черненко «Наурыз.kz» - жақсы фильм» деп санайды. Ол новеллалар желісінің «бір-біріне серпін беріп, жатық өрбуі» - фильмнің артықшылығы деп біледі. Кинотанушының пікірінше, фильмдегі үш новелланың аяқталмай қалғаны кейіпкерлердің өмірін келесі бөлімдерде жалғастыруға мүмкіндік береді.

Жаңа фильм жайлы киношолушы Анна Дармодехина да жақсы пікір білдірді.

Жабық көрсетілімнен кейін актер Талғат Кенжеболатов пен әнші Адеми фойеде «Таксист» новелласында айтылатын әнді шырқады. Алматы, 11 наурыз 2017 жыл.
Жабық көрсетілімнен кейін актер Талғат Кенжеболатов пен әнші Адеми фойеде «Таксист» новелласында айтылатын әнді шырқады. Алматы, 11 наурыз 2017 жыл.

– Мұндай жақсы картиналар сирек кездеседі. Оның қаншалықты жақсы түсірілгеніне, сценарий мен диалогтардың әбден ойластырылғанына тіпті қайран қалдым, қазақстандық комедия, фильмдерде бұл жағы әрдайым ақсап жатады. Ал мына фильмде бәрі мінсіз. Маған жалғыз ұнамағаны – Берік Айтжанов пен Жанар Дугалованың романтикалық қарым-қатынасы. Бұл - қазақстандық кинематографқа ортақ проблема. Соған қарағанда, біз романтик емеспіз-ау осы. Мына рөлге Берік Айтжановты таңдағандары онша дұрыс болмаған сияқты. Меніңше, Жанар Дұғалова да онша сомдай алмады. Ал қалғанының бәрі тамаша. Бұл – өзіміздің төл өнім, таза ұлттық өнім. Бізде халықтық комедия түсіруге талайлар тырысқан. Бірақ мынау нағыз халықтық комедия болып шыққан, - дейді ол.

Бас продюсер Олег Головашкин үш бөлімнен тұратын франшиза жасау жоспары әу бастан болғанын айтады. Фильмнің бірінші бөлімі прокатқа әлі шыққан жоқ, ал екінші бөлімінің жобасы қазірден дайын. Авторлары экшэн сияқты қосымша жанрлар енгізуге уәде етеді. «Әлдебір уолт-диснейлік емес, өзіміздің ұлттық кейіпкерлерімізді енгіземіз. Біз елге деген сүйіспеншілік сияқты дүниені енгіземіз» дейді «Наурыз.kz» жобасының продюсері.

XS
SM
MD
LG