Accessibility links

Әблязовқа кепіл болған кәсіпкерлерді президент Назарбаев қырына алды


БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов.
БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов.

Қазақстан президенті 2003 жылы Мұхтар Әблязовты түрмеден босатуды сұрап, оған кепіл болған Нұрлан Смағұловты және басқа да кәсіпкерлерді жауапқа тартпақшы. Саясаткерлер мұны саяси билік пен бизнестің жымдасып кеткенінің көрінісі деп бағалайды.

Өткен аптаның соңында президент Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпкерлермен кездесуде «Астана групп» компаниясының төрағасы Нұрлан Смағұловқа:

«Шетелде қуғында жүрген кәсіпкер Мұхтар Әблязов осыған дейін сыбайлас жемқорлық үшін сотталып, қамауда отырғанда, оған рақымшылық жасауды өтініп, енді ол елге қызмет етеді деп кепілдік бергендер арасында сен де болдың» - дей келе, - «Әблязовты қолдап хат жазғандардың аты-жөндерін атамай-ақ қояйын, бірақ сендер ол үшін жауап бересіңдер», - деп ескертті.

Нұрлан Смағұлов өз кезегінде «қазір Әблязовпен баррикаданың екі жағында екендігіне қапаланып отырғандығын» жеткізді.

АРАШАШЫЛАРДЫҢ ӨЗ БАСЫНА БҰЛТ ҮЙІРІЛДІ

Қазақстандық бірқатар саясаткерлер Азаттық радиосына берген сұхбатында бұл жайт президенттік деңгейде қаралатын мәселе емес дей келе, адамдар арасындағы қарым – қатынасты президенттің сынға алуы оның беделіне нұқсан келтіретінін айтады. Сонымен қатар олар саяси билік бизнестен алшақ тұруы керек деген пікірде.

«Жаса Азаттық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жасарал Қуанышалиннің айтуынша, Әблязовқа ара түскен достарының аты аталмағанмен, кімдер екені белгілі және оларды не күтіп тұрғанын халық жақсы біледі.

- Өз басын сыйлайтын президент ондай әрекетке баруы тиіс емес. Шектен шыққан жағдай деп айтуға болады. Біреудің кінәсі бар болса, заң аясында жұмыс жасау керек. Бұл - ештеңені жасырмаймын және аямаймын деген сөзі, - дейді Жасарал Қуанышалин.

«Азат» Жалпы ұлттық социал-демократиялық партиясы жетекшілерінің бірі Әміржан Қосанов Қазақстанда кәсіпкерлердің билікке уәде беріп қана белгілі бір жетістікке жете алатынын байқауға болады деген пікір білдірді. Оның айтуынша, Мұхтар Әблязов заңға қайшы әрекет жасамаған болса, өзінің кінәсіз екенін заң алдында дәлелдеп шығуы керек.

- Бұл мәселе Конституцияның кепілі болып отырған президенттің деңгейінде жүргізілетін мәселе деп ойламаймын. Екі дос ортасында болатын әңгімеге жарасатын шығар, алайда демократиялық қоғамда орын алатын мәселе емес. Президент пен Н.Смағұловтың екеуара диалогы - Қазақстандағы саяси жүйенің бизнеспен қарым-қатынасы қандай екеніне баға беріп отыр, - дейді Әміржан Қосанов.

ӘБДІЛДИН АУЫЗША ӨТІНІШ АЙТҚАН

Қазақстан коммунистік партиясының төрағасы Серікболсын Әбділдин 2003 жылы депутаттық қызмет барысында президентпен болған кездесуде түрмеге қамалған Әблязовтың кінәсіз екенін айтып, президентке қамаудан босатуын ауызша өтініш жасағандардың бірі болғанын айтады. Оның айтуынша, Әблязовты түрмеден босатуын сұрап өтініш хат жазғандардың ішінде «Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы, қазір қамауда отырған М. Жәкішев те болған. Әбділдин президент өз кезегінде Әблязовтың кінәсін мойындағаны туралы өтініш хат жазуын ескерткенін айтады.

- Менің ойымша, оларды қорқытқан. Кінә табам десе, кез-келген адамнан табады. Қолынан іс келетін адамдарды бірінен кейін бірін ұстап алып, түрмеге жабу ұлттың келешегіне үлкен зиянын тигізеді. Бес-алты жыл бұрын президент бір жиналыста кәсіпкерлерге: «Осы отырған қай-қайсысыңды болса да, прокурорға қодарыңнан жетектеп апарып тапсыра аламын» деді. Демек, бұл – іс-қимылдың барлығы қылмысқа әкеліп тұр деген сөз.

"ПРЕЗИДЕНТТІҢ БҰЛ ІСКЕ ТІКЕЛЕЙ АРАЛАСУЫ ЗАҢДЫ"

Саясаттанушы Расул Жұмалы Қазақстан үшін 2 миллиард доллар үлкен қаражат екенін алға тартады. Оның айтуына қарағанда, БТА банк – Қазақстандағы ірі банктердің бірі болғандықтан оның құлдырауы экономиканың әлсіреуіне үлкен әсер етті. Ол дәл осы себептен президенттің бұл іске тікелей араласуы заңды дейді.

- Мәселе біреудің кепілдік бергенінде емес. Егер заң бұзушылық орын алса, заң алдында жауап беруі керек. Біреу кепілдік берген екен деп кешіру дегенді өз басым түсіне бермеймін.

М. Әблязов 2001 жылы бірқатар басқа кәсіпкерлермен бірге реформа жүргізуді мақсат тұтқан «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын құрған болатын.

Бір жыл өте салысымен, Әблязов KEGOC ұлттық электр компаниясының басшысы болып тұрған кезде заң бұзды деп айыпталып, 6 жылға сотталып кетті.

Мұхтар Әблязов сол кезде ол айыптаудың саяси астармен тағылғандығын айтқан болатын. Ол бір жылдан астам уақыт Қазақстанда түрмеде отырды. Мұхтар Әблязов 2003 жылы түрмеден босатылды, ал 2005 жылы БТА банкті толық бақылауына алды.

БТА банкінің бұрынғы төрағасы, қазір шетелде қашып жүрген Мұхтар Әблязов Қазақстан президентінің күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың сыбайластық істерін әшкерелейтін бірнеше деректерін Қазақстанның құзырлы орындарына жолдаған.

Бас прокурор Қайрат Мәми кәсіпкерлер кеңесінің бірінші пленарлық отырысында президент Н. Назарбаевқа Әблязовтің ісін аяғына дейін жеткізетініне уәде берді.
XS
SM
MD
LG