Accessibility links

Назарбаев: «Ерлердің де арасында жақсылары бар»


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Көрнекі сурет
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Көрнекі сурет

Наурыздың 1-і президент Нұрсұлтан Назарбаев Nazarbayev University студенттерімен кездесті. Назарбаев ер азаматтарға қарағанда әйел басшылар жауаптырақ деген пікір білдірді. Ол «21-ғасырдың президенті 2-3 тілде сөйлеуі керек» және «ашаршылық болмаса, қазақ халқы 50 миллионға жетер еді» деген ойлар айтты.


Президент оқу орнының студенттерінің тегін білім алып жатқанын, тегін жатақханамен қамтамасыз етілгенін атап өтіп, мұндай тәжірибенің басқа мемлекеттерде жоқ екендігіне назар аударды.

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев университетте «Болашақ» бағдарламасының түлектері де сабақ беріп жүргенін айтып өтті.

АШАРШЫЛЫҚ ТУРАЛЫ ПІКІР

Кездесу барысында президент Назарбаев өткен ғасырдың 30-шы жылдары қазақ халқының аштықтан қырылуына қатысты ойын айтты. Бұл қаралы оқиғаның биыл 80 жылдығы елде аталып өтілетіндігін ескерткен президент, ашаршылық болмаса, қазақ халқының саны әлдеқайда көп болар еді деді.

- Бұл нәубет болмаса біздің санымыз шамамен 45-50 миллион адам болар еді. Аталарымыз бен әкелеріміз сол кездегі қиындықтар жайында айтатын. Біздің халқымыз басынан көп жамандықты өткізді. Біз осыдан нәтиже шығарып, бұдан ары қарай алға жылжуымыз шарт, - деді ол.

Президенттің сөзінше, «1929-1933 жылдары аштықтан қазақтардың 40 пайызға жуығы қырылған».

ӘЙЕЛДЕР ЖАУАПТЫРАҚ

Президент Назарбаев ер азаматтарға қарағанда әйел басшылардың жауаптырақ болатындығын атап өткен еді.

- Жеке өмірлік тәжірибемнен байқағаным, басқаларға қарағанда әйел басшы, әйел министр әрқашан жауаптырақ және шынын айтады. Ерлерден кешірім сұраймын. Бұл ерлердің мүлдем жауапсыз екенін білдірмейді, олардың арасында да жақсы адамдар бар, - деді президент бейсенбі күні Nazarbayev University студенттерімен кездесуде.
Президент өте білімді болуы шарт. 21-ғасырдағы Қазақстанда президент 2-3 тілді меңгеру керек.

Қазақстан халқының 51% әйелдер екендігін атап өткен ол, оларды қоғамдық-саяси өмірге көбірек тарту керектігін айтты. Дегенмен «олар өздерінің басты міндеті отбасы, жаңа өмір сыйлау екенін ұмытпауға тиіс» деді.

Президент «әйелдер үнемі теңдік үшін күреседі. Мұның жақсы-жаман екенін білмеймін, өйткені өмірде әйелдің өз рөлі бар, ерлердің өз рөлі бар» екендігін атап өтті.

ПРЕЗИДЕНТ ҚАНДАЙ БОЛУ КЕРЕК?

Нұрсұлтан Назарбаев өзіне «президент қандай болуы керек?» деген сұрақты көп қоятындығын айтады.

- Мен осы мәселе бойынша қазір ойлап, зерделеудемін. Өзімнің тәжірибем бойынша жастарға жазбалар қалдырғым келеді. Бүгінде кейбір ой-пікірлерімді салмақтап қойдым,- деді ол.

«Салмақтап қойған» пікірлерінің шетін шығарған Назарбаев:

- Президент өте білімді болуы шарт. 21-ғасырдағы Қазақстанда президент 2-3 тілді меңгеру керек. Базалық білім алып, түрлі салалардан өмірлік тәжірибе жинап, елдің экономикасын біліп, көп ұлтты халықтың негізін, болмыс-бітімін тануы керек. Халықты түсініп, ниетін біліп, дұрыс бағытта басқара алуы шарт, - деді.
XS
SM
MD
LG