Accessibility links

2011 жылы саясаткерлер айтқан ең оғаш сөздер


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев президентті ұлықтау рәсімінде. Астана, 8 сәуір 2011 жыл
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев президентті ұлықтау рәсімінде. Астана, 8 сәуір 2011 жыл

Өтіп бара жатқан жыл шетелдік және қазақстандық саясаткерлердің «тауып айтам деп, қауып айтқан» афоризмдерін жиі естідік. Бір президент инвесторларды еліне келтіру үшін қыз-келіншектерін мақтады, ал Қазақстанның бұрынғы мәдениет министрі «ұрғаным бар» деген тіркесі арқылы тарихқа енді. Ішкі істер министрі жылды «қажет болса, тағы да атамыз» деген сөзбен қорытындылады.


ҚОСУЛЫ ҚАЛҒАН МИКРОФОН

Қараша айының 20-ы күні Каннда өткен "Үлкен жиырмалықтың" cаммитінде Франция президенті Никола Саркози мен АҚШ президенті Барак Обама баспасөз мәслихатының басталуын күтіп, жабық есіктің арғы жағында әңгімелесіп отырған болатын. Екеуі жағаларына тағылып тұрған микрофондардың қосулы тұрғанын байқамай қалған.

Залда отырған оншақты журналист екі президенттің Израильдің премьер- министрі Бенджамин Нетаньяху туралы пікірлерін үш минут бойы тыңдап отырды. Саркози Обамаға: «Мен оның қасында шыдап отыра алмаймын. Барып тұрған суайт өзі» деп салды. Обама оған: «Одан әбден зәрезеп болыпсың ғой? Мен болсам, онымен күн сайын жұмыс жасауға мәжбүрмін» деп жауап береді.
Франция президенті Николя Саркози (сол жақта) мен АҚШ президенті Барак Обама "Үлкен жиырмалық" саммитінде. Канн, 3 қараша 2011 жыл
Франция президенті Николя Саркози (сол жақта) мен АҚШ президенті Барак Обама "Үлкен жиырмалық" саммитінде. Канн, 3 қараша 2011 жыл

Саясаткерлер оңаша отырғанда айтылғандықтан алғашында журналистер бұл диалогты жариялаған жоқ. Бірақ, франциялық бір вебсайт бұл сөздерді жариялап жіберген соң, Рейтерз тілшісі оны растады.

Осылайша «суайт» туралы пікірлер әлемге тарап кете барды. Одан кейін бұл жөнінде үш елдің де жетекшісі ләм-мим жақ ашқан жоқ.


МЕДВЕДЕВТІҢ «БОҚТЫҒЫ»

Желтоқсанның 6-сына қараған түнде, парламент сайлауының нәтижесіне наразы шерушілерді Мәскеу полициясы басып-жанши сала, белгісіз біреу Twitter ("Твиттер") арқылы басқа бір адамның жазған анайы хабарын өз аккаунты арқылы көпке таратып жібереді. Твит-хабарламада былай деп жазылған: «Бүгін өзінің блогына «ұрылар мен қарылар партиясы» деп жазатын адамның к... жалағыш мал екені анық болды».

Кейін бұл твиттің әуелгі авторы Константин Рыков есімді Дума депутаты екені анықталды. Ал желтоқсанның 6-сы бұл хабарды өз аккаунты арқылы таратқан Ресей президенті Дмитрий Медведев болып шықты.
Ресей президенті Дмитрий Медведевтің Twitter аккаунты
Ресей президенті Дмитрий Медведевтің Twitter аккаунты

Медведевтің аккаунтынан бұл твитті көрген ресейліктер «мал» деген сөздің наразылық шеруіне шыққаны үшін түрмеге қамалған блогер Алексей Навальныйға қатысты айтылғанын бірден ұқты. Өйткені Навальный өзінің блогында Ресейдің билеуші партиясы «Единая Россияны» «ұрылар мен қарылар партиясы»деп атап, ол сөзі афоризмге айналып кеткен болатын.

Кремльдің баспасөз қызметі даулы твитті өшіртіп, жуып-шаюға тырысты. Мынадай ресми мәлімдеме жасады: «Бүгін түнде Дмитрий Медведевтің твиттер аккаунтына қате ретвит кіріп кеткен. Тексергенде, мына нәрсе анық болды. Кіретін парольді өзгерткенде аккаунтқа жауапты қызметкер Медведевтің парағына рұқсатсыз кіріп кетіп, өрескел қателікке жол берген. Айыпкер міндетті түрде жауапқа тартылады».

«УКРАИН ҚЫЗДАР ШЕШІНЕ БАСТАЙТЫН КЕЗДЕ КЕЛІҢІЗДЕР!»

Қаңтар айында, тілі орысша шыққан Украинаның президенті Виктор Янукович Давостағы әлемдік экономикалық форумда украинша сөз сөйлеймін деп ыңғайсыз жағдайға ұшырады. Біріншіден, ол Украина мен Польша бірлесіп өткізетін 2012 жылғы футбол чемпионатына арналған ұранды ана тілінде дұрыстап айта алмады. Сосын ірі шетелдік инвесторларды өз елінің қыз-келіншектері сыртқы киімдерін шеше бастайтын көктем маусымында Украинаға келуге шақырды.

«Украинская правда» вебсайты жариялаған Януковичтің баяндамасында мынадай сөздер бар:
Виктор Янукович, Украина президенті. Киев, 8 шілде 2011 жыл
Виктор Янукович, Украина президенті. Киев, 8 шілде 2011 жыл

«Ханымдар мен мырзалар, бүгін мен сіздерді Украинаның борщын ішуге шақырамын (осыдан соң «Украинаға тарт!» деген ұранды үш рет қайталап әрең айтты). «Украинаға тарт!» деген ұран біздің Евро-2012 кампаниясының ұраны еді. Украинаға қарай ат басын бұрып, Киевтегі гүлдеген талшынды және ауа райы жылынғанда шешіне бастайтын украин қыздарын өз көздеріңізбен көріп кетіңіздер!»

«КОНСТИТУЦИЯ» СӨЗІ ТҮСІП ҚАЛҒАН АНТ

Биыл сәуірдің 8-і Астанада өткен президент инаугурациясы кезінде қайта сайланған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ант беріп тұрып конституцияның 42-бабындағы 1-тармағын сөзбе-сөз емес, өзіне ұнаған түрде айтып берді. Ант беріп тұрып «конституция» сөзін айтпай аттап өтті.

Қазақстан республикасының президентi: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан республикасының конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк беруге, Қазақстан республикасы президентiнiң өзiме жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға салтанатты түрде ант етемiн», - деп халыққа ант берген сәттен бастап қызметiне кiрiседi.

Ал Нұрсұлтан Назарбаев оны: «Қазақстан халқына адал қызмет істеуге, Қазақстан республикасыменен [конституциясы] оның заңдарын қатал сақтауға, азаматтардың құқықтарыменен бостандығына кепілдік беруге, Қазақстан республикасының [президентінің] өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал орындауға салтанатты түрде ант етемін» деп оқып шықты.

please wait

No media source currently available

0:00 0:00:26 0:00
Жүктеп алу



«ҚАЗІРГІ ПРЕЗИДЕНТКЕ ДАУЫС БЕРДІМ»

Биыл көктемде мерзімінен бұрын өткен президенттік сайлауға үміткер ретінде қатысқан «Табиғат» экологиялық одағының жетекшісі Мэлс Елеусізов та «тарихта қалатын» ерекше сөз айтты.
Мелс Елеусізов, "Табиғат" қозғалысының жетекшісі. Алматы, 14 ақпан 2011 жыл
Мелс Елеусізов, "Табиғат" қозғалысының жетекшісі. Алматы, 14 ақпан 2011 жыл

Сайлау өткен күні Алматыдағы №247 сайлау учаскесінде дауыс беріп шыққаннан кейін ол: «Мен қазіргі президенттің жеңіп шығатынына кәміл сенемін, сондықтан оған өз дауысымды бердім», – деп мәлімдеді.

Сөйтіп сайлау кезіндегі «бәсекелесі» Нұрсұлтан Назарбаевты қолдап шықты.


«ЕШ УАҚЫТТА ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ БОЛҒАН ЖОҚ»

Шілденің 27-сінде Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында малшылар слетінде президент соңғы жылдар жиі айтып жүрген қазақ елінің тарихына қатысты әйгілі сөзін тағы да қайталады.

– Жиырма жылда жүз жылға тұратын жағдайды шештік. Еш уақытта Қазақ мемлекеті болған жоқ, себебі шекарасы болған жоқ. Тұңғыш рет қазақтың шекарасын шегелеп, Біріккен Ұлттар ұйымына жеткіздік. Еш уақытта қазақ өзі таңдап өз астанасын салған жоқ. Өз астанасын қазақ тұңғыш рет өзі сайлады. Сарыарқаның төрінен, солтүстік жағынан, кең байтақ жерімізді біреуге беріп қоямыз ба деп мен әдейі соны жасадым, – деді Назарбаев.

please wait

No media source currently available

0:00 0:20:19 0:00
Жүктеп алу




«ҰРҒАНЫМ БАР»

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашевтің «ұрғаным бар» деген сөзі де көптеген ой-пікірге түрткі болды. Кейін ол бұл сөздің «нақты адамдарға» қатысты айтылғанын айтып, «ұрғаным бар» деген тіркеске түсініктеме берді.

Талғат Мамашев қыркүйектің 6-ы күні өткен «Этникалық көші-қон: құрылтай шешімдері және жаңа заң» атты дөңгелек үстелде: «Егер нақты ұсыныстарың болса, құдайға шүкір есігіміз ашық. Ал жөні жоқ ана жерге барып, мына жерге барып, телеарналарды айналып, журналистерді жағалап, біздің төңірегімізге су құйып жүрген ағайындар да бар. Біз оның бәрін білеміз. Мен әрі-беріден соң, қазақша айтқанда, ұрғаным бар. Турасын айтайын: әр нәрсенің орны бар. Сыйлап жүрміз бе – сыйластықпен жүріңдер адам сияқты. Ал жөні жоқ есіріп, құтырғанды қою керек» деген болатын.

«ЖАҢАӨЗЕНДЕГІ ЕРЕУІЛШІЛЕР - ОРАЛМАНДАР»

Қыркүйектің 29-ы күні «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Тимур Құлыбаев Expert пікірталас клубының отырысында «Жаңаөзендегі ереуілшілер – Түркіменстан, Қарақалпақстаннан тұтас ауыл болып көшіп келіп жатқан оралмандар» деп санайтындығын айтқан еді.
Тимур Құлыбаев, Самұрық-Қазына Ұлттық әл-ауқат қорының төрағасы. Астана, 4 қазан 2011 жыл
Тимур Құлыбаев, Самұрық-Қазына Ұлттық әл-ауқат қорының төрағасы. Астана, 4 қазан 2011 жыл

- Жалпы қаланың әлеуметтік құрылымы көп адамды қабылдай алмайды. Сондықтан Жаңаөзенге беттеген көші-қонды баяғыда тыю керек еді, - деген еді Тимур Құлыбаев.

Жаңаөзендік ереуілші мұнайшылар осыдан кейін Тимур Құлыбаевтың кешірім сұрауын талап етіп, құжаттарын көріп кетуге шақырған болатын.

«ҚҰЛЫБАЕВТЫ ҚАЙТАЛАУ»

Алайда желтоқсанның 16-сы болған Жаңаөзен оқиғасына орай Қазақстан президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев та Тимур Құлыбаевтың сөзін қайталады.

«Маңғыстаудағы тәртіпсіздіктерге қатысқандарды Қазақстанның толыққанды азаматы деп айтудың өзі қиын. Жанжал бастағандар Жаңаөзенге Түрікменстан мен Өзбекстаннан көшіп келгендер. Үкімет оларға қолдан келген жағдайдың бәрін жасады. Енді олар өздерін паналатқан елдің тұрақтылығын бұзып отыр» деді ол.

«ӨЗЕНМҰНАЙГАЗДЫҢ МҰНАЙЫ ТАУСЫЛДЫ»

Желтоқсанның 16-сындағы Жаңаөзен оқиғасына орай Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізген президент Нұрсұлтан Назарбаев «мұнайшылардың жұмыссыз қалуына «ӨзенМұнайГаз» компаниясы өндіріп жатқан мұнайдың таусылып келе жатқаны да бір себеп деп айтып өтті.

– ...«Өзенмұнайгаз» өндірісінің мұнайы таусылып келе жатыр. Ол табиғи мәселе. Әр жерде ондай кен орындары алдымен болады да, сонан кейін таусылады. Ол таусылған сайын жұмыс беру жағдайы қиындай түседі елге. Соған қарамай қаншама құрылыстар әлеуметтік, балабақшалар, мектептер, ауруханалар салынып жатыр. Кіп-кішкентай қалаға.
Жаңаөзенге Түркіменнен, Қарақалпақстаннан көп адамдар келіп, шоғырланды. Оларға жұмыс тауып беру оңай емес.
Нұрсұлтан Назарбаев

Бұл қалада ең басында мұнша халық тұрмау керек еді. Соған қарамай жағдайдың бәрі жасалып жатыр. Ал, тұрғындары аз қалаға біз кейінгі кезде шашырап кеткен қандастарымызды шеттен алып келіп, орнықтырып жатырмыз. Жаңаөзенге Түркіменнен, Қарақалпақстаннан көп адамдар келіп, шоғырланды. Оларға жұмыс тауып беру оңай емес, - деген болатын Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан президентінің бұл сөзі өзінің күйеу баласы, әрі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Тимур Құлыбаевтың «оралмандар» туралы сөзіне біршама ұқсас еді.

«НЕ ДЕЙСІҢДЕР ЕНДІ!!»

Желтоқсанның 24-і Ақтауда Жаңаөзен оқиғасына қатысты құрылған үкіметтік комиссияның жетекшісі, бірінші вице-премьер Өмірзақ Шүкеев, «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының жаңадан тағайындалған басшысы Ләззат Қиынов және «Қазмұнайгаз» Барлау. Өндіру» компаниясының жаңа басшысы Алик Айдарбаев «Қаражамбасмұнай» кәсіпорнының жұмыстан шығарылған 200 еңбеккері кездескен еді.
Өмірзақ Шүкеев, бұрынғы бірінші вице-премьер. Ақтау, 24 желтоқсан 2011 жыл
Өмірзақ Шүкеев, бұрынғы бірінші вице-премьер. Ақтау, 24 желтоқсан 2011 жыл

Кездесу басында «7 ай қиналдық қой, 7 ай» деген әлдебір әйелге «Жеті ай қиналсаң..., жеті ай қиналсаң кеше келіп елбасы оның бәріне нүкте қойып кетті ғой. Соның бәрін ескеріп, адамдардың бәрін жазалап кетті ғой! Енді, одан артық не дейсіңдер енді! - деген Өмірзақ Шүкеевтің дауысы естілді.



«ҚАЖЕТ БОЛСА, ТАҒЫ ДА ҚАРУ ҚОЛДАНАМЫЗ!»

– Сіздерге айтайын, олар да автоматпен қаруланған. Егер қажеттілік туса, біз де қару қолданамыз. Біз әуелі наразы топты сабасына түсіретін амал қолданамыз. Егер олар біздің полицейлерді өлтіре бастаса, кешірерсіздер, сонда не істеуіміз керек екен, әрине қару қолданамыз! – деп мәлімдеді ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов желтоқсанның 18-і Ақтау қаласында өткен баспасөз мәслихатында.

please wait

No media source currently available

0:00 0:00:16 0:00
Жүктеп алу


Желтоқсанның 16-сы Жаңаөзенде болған қанды оқиға кезінде полиция жасағының наразылық танытушыларға оқ атқанына сенер-сенбесін білмей отырған кейбір жұрт министрдің бұл сөзінен соң оқтың атылғанына һәм «қажеттілік туса», тағы да атылатынына әбден сенді.

(Бұл мақаланы дайындауға тәржімеші Сағынай Кәрім де қатысты).
XS
SM
MD
LG