Accessibility links

Назарбаев жолдауында «ел басқаруды үйрену керегін» де айтты


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған жолдауын оқу кезінде. Астана, 14 желтоқсан 2012 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған жолдауын оқу кезінде. Астана, 14 желтоқсан 2012 жыл.
Желтоқсанның 14-і күні Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы опера және балет театрында қазақстандықтарға арналған "Қазақстан-2050" стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыт-бағдары" деген тақырыпта кезекті жолдауын оқыды.

Президент Назарбаев жыл сайынғы жолдауларын көктемге қарай жариялайтын. Бұл жолдауын Қазақстанның тәуелсіздік күні (16 желтоқсан) қарсаңында жасады. Оның өзінде бұл бір күн қалғанда ғана хабарланды.

Нұрсұлтан Назарбаев жолдауында 1997 жылы қазан айында қабылданған "Қазақстан-2030" стратегиясының "барлық міндеттері орындалғанын" айтты.

- Біздің басты мақсатымыз - 2050 жылы әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру. Біздің бұған қажеттінің бәрі - ресурстарымыз, білімді адамдар, ұйысқан ұлт, бәрі бар, - деді Назарбаев.

Оның айтуынша, «2050 жыл - қазіргі дүниежүзілік қауымдастық жоспарларын межелеп жасайтын нақты уақыт».

Қазақстан президенті «Біздің басты мақсатымыз 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру» деді. Ол өңдеу саласын 2025 жылға қарай екі есеге, 2040 жылға қарай үш есеге ұлғайту қажеттігін айтты.

Назарбаев бұл жолдауында келесі жылы төменгі сатыдағы әкімдердің сайлауын өткізуге тапсырма беріп:

- Барлығы 2533 әкім сайланады. Оның ішінде ауылдар мен ауылдық округтердің, аудандық маңызы бар 50 қаланың әкімдері бар. Бұл - барлық әкімдердің - 91,7 пайызы, - деді.
Барлығы 2533 әкім сайланады. Оның ішінде ауылдар мен ауылдық округтердің, аудандық маңызы бар 50 қаланың әкімдері бар.

Бұдан бөлек, қазақ жазуын 2025 жылы латын қарпіне көшіруге дайындықты бастай беру туралы да айтты.

Ол тіл мәселесіне қатысты:

- Мамандар халықаралық және аударылмайтын сөздерді қазақ тіліне аударуға әуес. Терминологияда көптеген мәселелер бар, мәселен, көне грек тілінен келген «музей» және «архив» деген сөздерді көптеген тілдер қабылдады. Біз оларға жасанды тәржіме жасап, «мұражай», «мұрағат» дедік, «композитор» - «сазгер», «пианино» - «күйсандық» болып кетті, - деді.

Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясының мақсаты инновациялық дамуға жағдай жасау, білімнің маңыздылығын жоғарылату екенін айтып өтті. Ол үкіметке Қазақстанды өндірісін дамытудың жаңа кезеңінің жоспарын жасауды тапсырып:

- Енді екі жылдан кейін индустриалды-инновациялық дамудың бірінші бесжылдығы аяқталады, - деді.

Ол мемлекеттік активтерді басқару жүйесін модернизациялау қажет екенін де мәлімдеді.

- Ел біртұтас корпорация сияқты жұмыс істеуі қажет, ал мемлекет оның ядросы болуы тиіс. Қазақстан - алыс-жақынды көршілерімен салыстырғанда, экономикалық жағынан да, көлемі және халық саны тұрғысынан да шағын мемлекет. Сондықтан корпорация, компания өз шаруашылығын басқарып, күнделікті оған ақша салып, одан пайда табуға ұмтылатыны сияқты біз де елімізді басқаруды үйренуіміз керек, - деді Қазақстан президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев елдің сыртқы саясаттағы бағыты өзгермейтінін айтты.

- Көрші Ресей, Қытай, Орталық Азия елдері, АҚШ, Еуропа Одағы және Азия елдерімен ынтымақтастықты дамыту - сыртқы саясаттың басты бағыты. Кеден одағы, Еуразиялық экономикалық кеңістік пен Еуразия экономикалық одағындағы барлық мәселе өзара ымыра арқылы шешіледі. Кеден одағы мен Еуразиялық экономикалық кеңістікті нығайта береміз. Алдағы мақсат - Еуразия экономикалық одағын құру, - деді ол.

Нұрсұлтан Назарбаев елдегі діни жағдайға да тоқталды. Ол қазір "кейбір сыртқы күштердің қазір жастарды шынайы ислам жолынан тайдырып, теріс ағымдарға еруге мәжбүрлеп отырғанын" айтты.

- Олардың (теріс ағымдардың - ред.) сөзіне ерсек, біз әпке-қарындастарымыз бен қыздарымызды бетін тұмшалауға мәжбүрлеп қана қоймай, бір дастархан басында отырудан қалады екенбіз... Мұндай саясаттың неге әкеліп соғатынын көріп отырмыз. Біз менталитетімізге қайшы мұндай құбылыстардан бас тартуымыз қажет. Мен жастарды алға, 21-ғасырға сүйреймін, ал осындай мәселелер бізді артқа тартып келеді, - деді президент.

Назарбаев Қазақстан азаматтарының құқықтарын сақтауға, этникалық және тілдік белгілері бойынша азаматтардың дискриминацияға ұшырамауына уәде берді.
XS
SM
MD
LG