Accessibility links

«СССР құларда эко-белсенділік шектелген жоқ»


Семейдегі алғашқы атом қаруы сынағы. 29 тамыз 1949 жыл.
Семейдегі алғашқы атом қаруы сынағы. 29 тамыз 1949 жыл.

Ақпанның 28-і халықаралық «Невада-Семей» қозғалысының құрылғанына 25 жыл болады. 1989 жылы пайда болған бұл қозғалыс Семей полигонында ядролық сынақ өткізуге қарсы шықты.

Семей полигонында сынақ жасауға қарсы шыққан мыңға жуық адам алғашқы жиынын 1989 жылғы ақпанның 28-і күні Алматыдағы жазушылар одағы ғимаратының алдында өткізіп, кейін акциялар Семей өңірінде жалғасты. Ұлттық-патриоттық бағыттағы экологиялық қозғалыс ретінде сипатталған ұйымға сол кезде СССР жоғарғы кеңесінің депутаттығына кандидат ретінде тіркелген ақын Олжас Сүлейменов жетекшілік етті.

«Невада-Семей» қозғалысына «қайта құру» мен «жариялылық» саясатын ұстанған советтік билік шектеу қойған жоқ. 1989 жылы Семей полигонындағы ядролық сынақты тоқтатуды талап етіп, ереуілдеткен жұмысшылар мен шахтерлерге жоғарғы кеңес қолдау көрсетті. 1991 жылы тамыздың 29-ы күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. Ресми мәліметтер бойынша ядролық сынақ бірден тоқтады деп сипатталса да, кейбір ақпараттарға қарағанда сынақ одан кейін де бірнеше жыл жалғасқан.

Азаттық радиосының тілшісі осыған орай 1990 жылдары елде жоғары басшылық қызметтер атқарған, Семей полигонын жабуға қатысты құжаттар әзірлеуге қатысқан саясаткер Серікболсын Әбділдинмен сұхбаттасқан еді.

Азаттық: – Ұзақ жылдар бойы ядролық сынақ алаңы боп келген Семей полигонын жабуда «Невада-Семей» қозғалысының шынайы рөлі қандай болды?

Серікболсын Әбділдин: – «Невада-Семей» қозғалысының қалай құрылғаны көз алдымда. Полигонды жабуға тікелей осы қозғалыс себеп болды десек,
Саясаткер Серікболсын Әбділдин.
Саясаткер Серікболсын Әбділдин.
біржақтылық болады. Ықпал еткені рас. Бірақ Семей полигонын жабу туралы әрекеттер одан бұрын басталғанын ұмытпау керек. Сол кездегі Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Кешірім Бозтаев компартияның бас хатшысы Михаил Горбачевқа бұл жөнінде арнайы хат жолдап, мәселені бірінші көтерген болатын. Әрине ондай хаттың артында үлкен жауапкершілік болатыны белгілі.

Азаттық: – Семей полигонын жабу жөнінде талаптарға Мәскеу қалай реакция танытты?

Серікболсын Әбділдин: – Кешірім Бозтаевтың хаты келгенде мен Мәскеуде қызметте болдым. Ол кезде СССР саясатының түрліше құбылып тұрған заманы еді. Бұрынғы сірескен жүйе жіби бастаған кез. Сондықтан полигонды жабуға өре түрегеліп қарсы қарсы шыққандар бола қойған жоқ. СССР министрлер советі Кешірім Бозтаевтың хатынан кейін Семей полигонын жабуға арналған қаулының жобасын жасағанда қызмет бабы бойынша арасында мен де болдым, республикамыздың көзқарасын білдірдім. Сынақ полигонындағы әскери-өнеркәсіптік кешен мәселесі бойынша, яғни қандай жолдармен жабу керек деген мәселе ғана біршама сұрақ тудырды.

Азаттық: – «Невада-Семей» қозғалысының ықпалымен 1990 жылы наразылық акцияларын өткізген республикадағы ірі кәсіпорындардың жұмысшыларына ​
Ақын Олжас Сүлейменов.
Ақын Олжас Сүлейменов.
Қазақ ССР жоғарғы кеңесі де қолдау көрсетіпті. Сіз ол кезде Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқардыңыз емес пе?

Серікболсын Әбділдин: – Жоғарғы кеңестің қолдау көрсеткені рас. Мәселені Кешірім Бозтаев бірінші болып көтергенімен, белсенді қоғамдық жұмыстарды Олжас Сүлейменов бастаған қозғалыс жүзеге асырды. Халықты көтеріп, көзқарасын жүйелеген – «Невада-Семей» қозғалысы. Қозғалысты жоғарғы кеңес те қолдады. 1990 жылдың мамыр айында Семей полигонында ядролық сынақты тоқтату туралы жоғарғы кеңес арнайы қаулы қабылдады. Сол қаулы бойынша полигонда жарылыс тоқтаған. Ең үлкен саяси шешімдердің бірі – сол қаулы. Яғни 1991 жылы тамыздың 29-ы күні Семей полигонын жабу туралы Қазақ ССР-інің президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығы шыққанда сынақ онсыз да тоқтап тұрған.

Президент жарлығы ГКЧП оқиғасынан кейін, яғни 1991 жылы тамыздың 19-ында төтенше жағдайлар жөніндегі комитеттің мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттеніп, ақыры советтік билікті ыдыратуға айналған орталық биліктегі саяси аласапыран кезінде шықты. Сондықтан оған назар аудара қоятындай болған жоқ. Бәрі онсыз да түсінікті еді.

Бірақ қазір айтылып жүргендей Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығынан кейін, не болмаса «Невада-Семей» қозғалысының белсенділігінен соң Семей полигонындағы ядролық сынақ біржола тоқтап қалған жоқ. Бір өкініштісі, жарылыстар 1995 жылдың мамыр айына дейін жалғасты.

Семей полигоны

19 қазан - Семейде соңғы жарылыс болған күн
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:53 0:00
Жүктеп алу
1949 жылдан бастап ядролық сынақтар жүргізген Семей ядролық полигоны 1991 жылы жабылды. Полигонда 40 жылға созылған сынақ барысында 400-ден астам ядролық жарылыс (олардың 116-сы жер бетінде) жасалды. Полигон аймағындағы халықты басқа жаққа көшірмегеннің кесірінен мыңдаған адам қатерлі ісік, жүйке ауруына шалдығып, көптеген сәбилер дүниеге мүгедек болып келді. Кейбір деректерге сүйенсек, қазір Семей полигоны аумағындағы «Найманжал», «Балтемір», «Қосқұдық» алтын кеніштерінде геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Азаттық: – Сіздің пікіріңізге қарағанда советтік кезеңнің соңғы сатысында экология мәселесін алға ұстап саяси-қоғамдық іспен шұғылданатын қозғалыстарға айтарлықтай қысым болмаған секілді. Ресейдің Қазақстандағы әскери полигондары мен Байқоңыр ғарыш аймағынан ұшырылатын зымыран отындарына байланысты экологиялық талап қойғысы келетін қоғамдық ұйымдардың белгілері қазір де бар. Осы екі кезеңдегі экологиялық талап қою еркіндігін салыстыра аласыз ба?

Серікболсын Әбділдин: – Екеуін салыстыруға келмейді. Байқоңырдан ұшырылатын зымыранға гептилді пайдаланбау жөнінде талап қойып, наразылық білдірген жастарды біртіндеп те, тобымен де жазаға тартып жатқанын көріп жүрміз. 1990 жылдары «Невада-Семей» қозғалысы да халықтың талап-тілегін көтерді. Әлгінде айтқанымдай билік оған қарсы болған жоқ, жазалауды былай қойғанда. Халықтың қолдан жасалған экологиялық апаттардың әлі күнге зардабын тартып отыруы менің ойымша қазіргі Қазақстандағы саясаттың олқылығы. Өкінішке орай, тіпті қазіргіні айтпағанда бұрынғы Семей полигонының зардабын жою жұмыстары да сол күйі аяқсыз қалды.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рақмет!
XS
SM
MD
LG