Accessibility links

Ресми БАҚ «Жаңаөзен сотының ашықтығына» сүйсінді


"Айт-PARK" клубының ұйымдастырушысы Нұрлан Ерімбетов Жаңаөзен соты кезінде ресми БАҚ көп сілтеме жасаған сарапшыға айналды. Алматы 3 қараша 2009 жыл.
"Айт-PARK" клубының ұйымдастырушысы Нұрлан Ерімбетов Жаңаөзен соты кезінде ресми БАҚ көп сілтеме жасаған сарапшыға айналды. Алматы 3 қараша 2009 жыл.

Маусымның 4-і күні Жаңаөзендегі оқиғаға қатысты сот үкімі оқылды. Бұл үкімге қатысты мемлекеттік және билікшіл бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) бір-біріне ұқсас ақпарат таратты.

«Хабар» және «Қазақстан» телеарналары кешкі қорытынды жаңалықтарында Жаңаөзен ісі бойынша үкім шыққанын хабарлағанмен, үкімге тоқталмай, тек «соттың ашық, барлық мүдделі тараптың қатысуымен» өткенін баса айтып өтті. Осылайша көрерменге айыпталушыларға қанша жыл жаза кесілгені туралы мәлімет түсініксіз болып қалды.

«СОТ ЖАРИЯЛЫЛЫҚ СЫНАҒЫНАН ӨТТІ»

Жаңаөзендегі оқиғаға қатысты сот үкімі шыққаннан кейін сот залында айыпталушылардың туыстары мен жақындары наразылық білдіріп, у-шу болған еді.

Ал мемлекеттік телеарналар көрсеткен сюжетте сот залынан түсірілген көріністер болмады. Тек «соттың ашық өткеніне көзі жеткен» сарапшылар қаз-қатар сөйлеп шықты. Солардың бірі, саясаттанушы Нұрлан Ерімбетовтің Маңғыстау облыстық баспасөз қызметінің залында айтқан пікірі билікшіл ақпарат құралдарының көпшілігінде басылды.
Әрқайсысы өзінің ағайын-туысқандарына айтатын әңгімесімен шықты. Сондықтан, меніңше, біз үшін үлкен сабақ.
- Сот ашықтық, жариялылық сынағынан өтті. Себебі достарымыз да, ағайындарымыз да, жауларымыз да, көре алмаушылық танытқан ағайындарымыз да осыны көрді. Басы-қасында жүрді, әрқайсысы өзінің шешімімен шықты қазір. Әрқайсысы өзінің ағайын-туысқандарына айтатын әңгімесімен шықты. Сондықтан, меніңше, біз үшін үлкен сабақ, - дейді Нұрлан Ерімбетов.

Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Раушан Сәрсенбаева, саясаттанушы Нұрлан Ерімбетов, құқықтанушы Марат Башимов сияқты жиыны бес-алты сарапшының үкімге қатысты пікірлерін ресми ақпарат құралдарының барлығынан дерлік байқауға болады.

Ал айыпталушылардың туыстары мен адвокаттарының сөздері ешбірінде көрінбейді.

«УНИВЕРСАЛ СӨЙЛЕМДЕР»

Билікшіл басылымдар телеарналарға қарағанда үкім туралы жинақты ақпарат берген жоқ, Маңғыстау облыстық баспасөз қызметінің таратқан ақпаратын өзгеріссіз басуға тырысты.

Сот үкімі туралы «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Экспресс-К» басылымдары жазған мақалада айырмашылық аз. Мысалы, «Айқын» газетіндегі маусымның 5-і күні жарық көрген «Сот процесі талапқа сай өтті» деген мақала былай басталған:
Желтоқсан оқиғасы кезінде ресми БАҚ жариялаған мақалалар. Көрнекі сурет
Желтоқсан оқиғасы кезінде ресми БАҚ жариялаған мақалалар. Көрнекі сурет

«Бүгін Ақтау қалалық сотында 2011 жылдың 16-17 желтоқсанында Жаңаөзен қаласында қирату, тонау, өртеу және бейбіт тұрғындар мен полиция қызметкерлеріне күш қолданумен ұштасқан жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды және оларға қатысты деп айыпталған 37 тұлғаға қатысты қылмыстық іс бойынша үкім жарияланды, деп хабарлады Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі.

Аталмыш қылмыстық іс бойынша сот отырыстары ашық тәртіпте барлық мүдделі тараптардың қатысуымен өтті. Процесті бұқаралық ақпарат құралдары, халықаралық және республикалық бақылаушылар, қоғам өкілдері бақылады.

Сот отырысына 6 мемлекеттік айыптаушы, 12 қорғаушы қатысып, 170 жәбірленуші мен 92 куәгер тыңдалып, іс бойынша айғақ заттар зерттелді»

Бұл сөйлемдерді «Егемен Қазақстан», «Экспресс-К»-дан да ұшыратуға болады.

«Нұр-Астана» газетінің жаңа саны бейсенбі күні шығады екен. «Жас қазақ» басылымының сайты әлі жаңармаған. Ал «Алаш айнасы» басылымының сайтында бүгін бірнеше мақала жарияланған, бірақ Жаңаөзендегі үкімге қатысты жазба таба алмадық.

Маусымның 4-і күні Ақтауда Жаңаөзендегі оқиғаға қатысты сот үкімі оқылды. 37 айыпталушының 13-і үш пен жеті жыл аралығында жазаға кесілді, кейбірі шартты жазамен, кейбірі амнистияға ілініп босатылды, үш азамат ақталып шықты.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG