Accessibility links

Юлия Галышева: Жарысқа гипспен шықтым


Юлия Галышева (оң жақта) Пхенчхан олимпиадасында жүлде алған сәт. Ортада франциялық Перрин Ляффон, сол жақта-канадалық Жюстин Дюфур-Лапуант. 11 ақпан 2018 жыл.

Пхенчханда өтіп жатқан қысқы олимпиадада қазақстандық Юлия Галышева фристайлдың могул түрінен қола медаль иеленді. Қазақстан бұл спорт түрінен олимпиадада алғаш рет жүлде алды.

Фристайлдың могул түрінде үш финалдық кезең бар. Бірінші финалда іріктеуден өткен жиырма спортшы сынға түседі. Үздік нәтиже көрсеткен 12 спортшы “екінші финалға” өтеді. Ал шешуші “үшінші финалға” (big final – “үлкен финал”) жоғары нәтиже көрсеткен алты могулшы шығады.

"ТӨРТІНШІ ОРЫН АЛСАМ АУЫР СОҚҚЫ БОЛАР ЕДІ"

Галышева “бірінші финалда” жетінші орын алып, үздік он екілікке қиналмай енген. Ал “екінші финалда” алтыншы орын алып, шешуші финалға соңғы орынмен өтті.

- Ең қорыққан сәтім осы “екінші финал” болды. “Үшінші финалға” өте алмаймын деп ойладым. Тағы да жетінші орын аламын ба деп қатты уайымдап кеттім (Сочи олимпиадасында 7-орын алып, “үшінші финалға” өте алмай қалған - ред) Себебі алтыншы орында тұрғанда алдымда әлі екі спортшы бар еді. Олардың біреуі менен озғанда финалсыз қалар едім. Бірақ екеуі де қателесті, - деді ол.

Юлия Галышева жарыс жолында.
Юлия Галышева жарыс жолында.

Шешуші “үшінші финалға” шыққан алты спортшының ішінен Галышева жарысты бірінші болып бастады Төрешілер оған 77,40 ұпай берді. Одан кейінгі австралиялық Джакара Энтони 75,35 ұпай алып, Галышевадан қалып қойды. Үшінші-төртінші шыққан канадалық Жюстин Дюфур-Лапуант (77,56) пен франциялық Перрин Ляффон (78,65) жоғары ұпай жинап, Галышеваны үшінші орынға сырғытты. Алда іріктеу кезеңінде ең үздік нәтиже көрсеткен австралиялық Бриттни Кокс пен канадалық Энди Науди қалған. Төменде екі қарсыласының шығар сәтін күтіп тұрған Галышева “бәлкім, бесінші орын...” деп басын төмен түсірді.

Юлия Галышева "үшінші финалға" қатысып жатқан сәт.
Юлия Галышева "үшінші финалға" қатысып жатқан сәт.

​Ал таудың басында тұрған Қазақстан фристайл құрамасының бапкері Елена Круглыхина рация арқылы төменде тұрған басқа жаттықтырушыларға “босаңсымаймыз, соңына дейін күтеміз” деп жатты.

Австралиялық Бриттни Кокс кедергілердің бірінде сальто айналғанда қателесіп, Галышеваны оза алмады – 75,08. Қазақстандық спортшы кем дегенде төртінші орын алмақ. Алда канадалық Науди қалды. Бірақ канадалық спортшы төменнен қатты жылдамдықпен ылдилап келе жатып, жылдамдыққа ие бола алмай трассадан шығып кетті. Ол жарысты орта жолдан тоқтатты. Осылайша, Юлия Галышева өзінің үшінші олимпиадасында қола медальға ие болды. Нәтижесін көргенде спортшы жылап жіберді.

- Мен әлі [жүлде алғанымды] толық сезінген жоқпын. Бірақ өте бақыттымын. Командама рахмет. Ішімнен төртінші орын алғанша бесінші орын алғаным жақсы деп ойлап тұрдым. Себебі төртінші орын алсам, соққы болар еді. Ауа райы суық болғанымен қатты кедергі келтірген жоқ. Тек қолым ауырып тұр. Үш апта бұрын АҚШ-тағы жарыста қолымды сындырып алғанмын. Қазір бір қолым гипспен оралып тұр. Жарысқа гипспен шықтым, - деп қолын көрсетті Галышева.

Журналистер сұрағына жауап берген соң олимпиададағы арнайы комиссарлар Галышеваны допинг тексеруге алып кетті.

Юлия Галышева құттықтау қабылдап жатыр. Жарысты Қазақстан спорт және мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да арнайы кеп тамашалады.
Юлия Галышева құттықтау қабылдап жатыр. Жарысты Қазақстан спорт және мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да арнайы кеп тамашалады.

"АЛТЫН МЕДАЛЬ ТАЛАП ЕТКЕН ЕДІМ"

Галышеваны бұл жарысқа бірнеше бапкер дайындады. Ол командаластарымен бірге АҚШ, Еуропа, Алматы және Өскеменнің тауларында жаттықты. Пхенчхан олимпиадасында Галышеваны жанында болып, сөреден шығарып, кеңес беріп жүрген бапкері Елена Круглыхина “қола медальға көңілі толмады”.

Юлия Галышеваның бапкері Елена Круглыхина олимпиада ойындарында.
Юлия Галышеваның бапкері Елена Круглыхина олимпиада ойындарында.

- Кішкене жылдамдық жетпеді. Алтын болар деп едім және алтын талап еттім. Ал Юлияның өзі медаль алғысы келді. Шамасы бұдан да жақсы нәтижеге жетер еді. Жылдамдықты да көбейткісі келмеді. Тәуекелге барғысы келмеген шығар. Медальсыз қалғаннан қола алған әлдеқайда жақсы. Үшінші финалға” соңғы алтын орынмен ілінгенде біраз ұрысып алдым. Жігерлендіргім келді. [Юлия] өте қатты қобалжыды. Олимпиада ғой. Бірақ соңғы сәтке дейін медаль болатынына сендім. Ертең ерлер арасындағы жарыста екі медаль алғымыз келеді, - деді команда бапкері.

Фотогалерея: Галышеваның жүлдесі

Ақпанның 12-cі күні ерлер арасындағы могул жарысының финалы өтеді. Қазақстаннан Дмитрий Рейхерд пен Павел Колмаков жарысты “бірінші финалдан” бастайды. Қазақстан олимпиадада үшінші күнінен кейін бір қола медальмен жалпы есепте 11-орында келеді. Олимпиада ақпанның 25-і күні аяқталады.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген. Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи, Рио, Пхенчхан олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

Меншікті тілшіміз

Джакартаға аттанған Азаттықтың меншікті тілшісі Руслан Меделбек жазғы Азия ойындарынан сіздерді хабардар етіп тұрады.

Руслан Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

"Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014, Рио - 2016, Пхенчхан олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG