Accessibility links

Онкология институында 20 жыл күткен жөндеу жүріп жатыр


Республикалық онкология ауруханасының ауласы. Алматы, 8 мамыр 2014 жыл
Республикалық онкология ауруханасының ауласы. Алматы, 8 мамыр 2014 жыл

Қазақстан онкологтары шетелдік әріптестерін ракты ерте анықтау бағдарламаларының табысты нәтижелерімен таныстырды. Ал республикалық онкология ауруханасында көп күткен жөндеу біткен жоқ.

2011 жылы Қазақстанда ракты ерте анықтаудың скрининг бағдарламалары іске қосылғаннан кейін қатерлі ісікке шалдыққан жандар көбірек анықтала бастады. Жуырда Алматы қаласында өткен онкологтардың бесінші съезінде алыс-жақын шетел ғалымдары мен дәрігерлері осылай деп мәлімдеді.

Эльдар Ш. өңеш рагына шалдыққанын қатерлі ісікті ерте анықтау бағдарламасының арқасында үш жыл бұрын білген. Қазір ол Алматы қаласындағы, 20 жылдан кейін жөнделіп жатқан республикалық онкология ауруханасында емделіп жатыр.

"Мұнда түскенімде аурухананың іші тозып кеткен болатын. Жұлма-жұлма қабырғалар, ескі төсектер, шіріп кеткен баспалдақтар. Қазір жөндеп жатыр, іші қатты шу" дейді Эльдар Ш. Азаттық тілшісіне.

Ауруханаға басшылық жасайтын қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында көптен күткен жөндеу жұмыстары былтыр басталған. Онкология институтының басшылығы науқастарға қолайсыздық тудырған жөндеу жұмыстары күзге қарай бітеді деп уәде етеді.
Дәулет Байпейісов
Дәулет Байпейісов


"Өкінішке орай, жөндеу жұмыстары ұзаққа созылатын процесс қой. Жер үстінен емдеудің қазіргі заманға сай желілік үдеткіштері орнатылатын қосымша бөлмелер салынып жатыр" дейді қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты директорының стратегиялық даму жөніндегі орынбасары Дәулет Байпейісов Азаттық тілшісіне.

Қосымша бөлмелер салу мен ғимаратты күрделі жөндеуге денсаулық сақтау министрлігі 200 миллион теңге бөлген.

"Ағымдық жөндеу жұмыстарын өз қаржымызға, ал күрделі жөндеуді мемлекеттік бюджет есебінен жасатамыз. Алты ғимараттың төртеуі бітті. Екі ғимараттың жөндеуін биыл маусым айының ортасына қарай аяқтау жоспарланып отыр" дейді институт директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Гүлжайнат Өстемірова.
Гүлжайнат Өстемірова
Гүлжайнат Өстемірова


Гүлжайнат Өстемірованың Азаттық тілшісіне айтуынша, келешекте төсек саны азаяды, бірақ науқастарды химиялық терапиядан өткізетін күндізгі стационарлар ашылады.

Былтыр Қазақстанда 33 мыңнан аса адамның қатерлі ісікке шалдыққаны анықталған. Ал жыл сайын елде онкологиялық дертке жаңадан шалдыққан 90 адам тіркеледі. Қазақстанда рак диагнозынан жыл сайын 17 мың адам қайтыс болады. 146 мың қазақстандық осындай диагнозбен есепте тұр.

Қазақстанда рак дертіне шалдыққандар санының көбеюін ең әуелі бұрынғы Семей ядролық полигоны зардабынан көреді. Қазақстанда совет ядролық бағдарламасынан қалған, экологиялық ластанудың көзі деп есептелетін басқа мекендер де көп. Дәрігерлер халықты кәсіби медициналық тексеруден жыл сайын өтуге шақырады. Көп ұзамай бұл талап жалпыхалықтық міндетті шараға айналады.

«Халық денсаулығы және денсаулық қорғау жүйесі» кодексіне енгізу ұсынылған түзетулерге сәйкес, жұмыс берушінің медициналық тексеруден, оның ішінде қатерлі ісік диагностикасынан өтпеген адамды жұмысқа алуға құқығы жоқ. Жұмыс берушіге қызметкерлерін жыл сайын кәсіби тексеруден өткізуге жағдай жасау міндетін жүктеу де ұсынылады. Қазір заң жобасы парламент мәжілісінің талқылауында жатыр.
  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG