Accessibility links

72 тонна көмір түсіріп, 2 мың теңге алатын оралман


Жайғали Жанаев, көмір түсіруші оралман. Алматы облысы Талғар ауданы Дәулет ауылы, 8 қараша 2011 жыл.
Жайғали Жанаев, көмір түсіруші оралман. Алматы облысы Талғар ауданы Дәулет ауылы, 8 қараша 2011 жыл.

«Егер ендігі өмірім осылай өтсе, о дүниедегі тозақтан айырмашылығы болмай қалар» дейді құжатын ала алмай жүрген оралман жігіт.


Жайғали Жанаев төрт ай бұрын Қарақалпақстаннан көшіп келіпті. Қазір Алматы облысы Талғар ауданы Дәулет ауылының іргесінде орналасқан көмір қоймасында вагоннан көмір түсіреді. Жеті шақырым жердегі Жалғамыс ауылынан жұмысына жаяу келеді.

ОН АДАМҒА – 1 МЫҢ 440 ТОННА КӨМІР

– Күніне жиырма вагонға дейін көмір түсіреміз. Әр вагонға 72 тонна көмір тиеледі. Сонда барлығы 1 мың 440 тонна болады. Ал бір вагонды түсіргеніңе екі мың теңге ғана төлейді. Он жұмысшы бармыз, – дейді Жайғали Жанаев.

«Бір вагон көмірді екі мың теңгеге түсіресіз дер ме сонда?» дедік таңданысымызды жасыра алмай.

– Иә, түсіреміз. Басқа не істейміз! Мамандығымыз жоқ. Жұмысқа алмайды. Ол жердегі көмір түсіретіндердің барлығы – оралмандар. Жергілікті
Көмір тиеген вагондар. Алматы облысы Талғар ауданы Дәулет ауылы, 8 қараша 2011 жыл.
Көмір тиеген вагондар. Алматы облысы Талғар ауданы Дәулет ауылы, 8 қараша 2011 жыл.
қазақтар мұндай жұмысты өлсе де істемейді, – деген Жайғали. – Қазір жұмысқа қайта кетемін. Бастығымыз «тағы да сегіз вагон көмір келе жатыр» деген. Түнімен болса да түсіріп қоюымыз керек, – деді.

Оның айтуынша, жұмысшылар вагондардың келген уақытына қарай күн-түн демей жұмысқа шыға береді екен.

Жайғалидың сөзінен тағы бір ұққанымыз – жұмысшы мен жұмыс берушілердің арасында ешқандай келісім-шарт жоқ.

– Бізде келісім-шарт деген жоқ. Тек «мә, саған – мә, маған» деген әңгіме. Егер істегің келмесе, кете беруіңе болады, – деді.

Таңертең Жайғалидың жұмыс орнына барған едік. Түнде келген сегіз вагон көмір әлдеқашан түсіріліп, босап қалыпты. Көмір тиеуге келген ұзын-сонар көліктер тізбегінен басқа жұмысшылардан ешкімді көре алмадық

Бұл көмір қоймасының иесі Нұрлан деген азамат жұмыс орнында болмады. Өзін таныстырудан бас тартқан жігіт ағасы:

– Күніне сегізден жиырма вагонға дейін көмір келеді. Оның барлығын түсіру, әрине, ауыр жұмыс. Сондықтан жұмысшылар тұрақты істемейді.
Көмір тиеуге келіп тұрған көліктердің бірі. Алматы облысы Талғар ауданы Дәулет ауылы, 8 қараша 2011 жыл.
Көмір тиеуге келіп тұрған көліктердің бірі. Алматы облысы Талғар ауданы Дәулет ауылы, 8 қараша 2011 жыл.
Әрі кеткенде бір-екі ай ғана шыдайды. Сондықтан тұрақты жұмысшылар ала алмаймыз, – деді.

«Жұмысшылардың еңбекақысы тым төмен екен. Бір вагон көмірді түсіруге екі мың теңге төлейтіндеріңіз рас па?» деген сауалымызға жауап бермеді.

«УАҚЫТТАРЫҢ БІТСЕ, ӨЗБЕКСТАНҒА КЕТІҢДЕР»

Жайғали қазір балдызы Қайраттың советтік үлгімен салынған шағын-шағын төрт бөлмелі жер үйінде екі отбасы болып тұрады екен.

Квота тигенше осында болатындарын, басқа барар жерлері жоғын айтады. Алайда оралман куәлігін әлі алмапты.

– Оралмандыққа құжаттарды жинап, жақында Талдықорғанға бір таныс кісіден беріп жібердік. Қарақалпақстаннан алғаш келгенде Талғар аудандық көші-қон басқармасының бастығы Рүстем деген жігіт бізге рұқсат қағазды (Қазақстанда тұру визасын) екі айға ғана жазып берген еді. Құжат жинап үлгергенше ол мерзімі бітіп кетті. Сосын қайтадан көші-қон полициясына барып едік, «уақыттарың бітсе, Өзбекстана кетіңдер» дейді. Біз ол жақтың тіркеуінен біржола шығып келдік қой, Паспортымызда «тіркеуден шығарылды» деген мөр де бар. Қайта барғанымызбен бізді ешкім қабылдамайды. Амалсыз Өзбекстанның Қазақстандағы елшілігінен «Өзбекстанның азаматы» деген анықтама қағазды кісі басына 115 доллардан беріп, сатып алдық, – дейді Жайғали.
Амалсыз Өзбекстанның Қазақстандағы елшілігінен «Өзбекстанның азаматы» деген анықтама қағазды кісі басына 115 доллардан беріп, сатып алдық

Оның айтуынша, Талғар аудандық көші-қон полициясының өкілдері «Қазір заң өзгеріп жатыр. Екі айдан кейін белгілі болады. Сондықтан уақытша тұруға ғана рұқсат береміз. Егер осы аралықта оралмандыққа құжат жинап үлгерсеңдер, өздерің Талдықорғанға апарып тапсырыңдар» деп түсіндірсе керек.

Біз Талғар аудандық көші-қон полициясынан «өзгерген заң» туралы ешбір түсініктеме ала алмадық. Мұның анық-қанығын Алматы қалалық көші-қон полициясы басқармасының өкілі Гүлсім Метербайқызынан сұрап едік, ол кісі:

– Сырттан келген қандастарымызға «екі ай, үш ай» деген шектеу жоқ. Оралман мәртебесін алуға құжат тапсырғаннан кейін бес күннің ішінде куәлікті береміз. Ал азаматтық алу үшін өзі келген елдің азаматтығынан шыққаны туралы анықтама талап етеміз, – деді.
XS
SM
MD
LG