Accessibility links

Билікті қолдайтын үш партия парламентке өтті


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының мүшелерімен бірге. Астана, 16 қаңтар 2012 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының мүшелерімен бірге. Астана, 16 қаңтар 2012 жыл.

Орталық сайлау комиссиясы парламент сайлауының алдын-ала қорытындысын жариялады. Билік партиялары жеңісті мерекелеп жатыр, оппозиция бұл нәтижемен келіспейді.


Қаңтардың 16-сы күні Қазақстан орталық сайлау комиссиясы парламент сайлауының алдын ала нәтижесін жария етті.

Облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссияларынан алынған алдын ала мәліметтерге сәйкес, ресми мәлімет келесідей болып отыр:

«Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясына сайлаушылардың 80,74 %;
Қазақстан патриоттары партиясына - 0,89 %;
Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясына - 7,46 %;
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясына - 1,59 %;
Қазақстанның коммунистік халық партиясына - 7,2 %;
Қазақстан социал-демократиялық «Ауыл» партиясына - 1,46 %;
«Әділет» демократиялық партиясына сайлаушылардың 0,66 % дауыс берген.

- Бұл әзірше алдын ала мәліметтер, өйткені аумақтық сайлау комиссияларының хаттамалары бізге бүгін түсе бастайды. Ал сайлау туралы заң бойынша хаттамаларды жеткізуге екі күндік мерзім беріледі. Хаттамалардың түсуіне қарай біз сайлаушылардың сайлауға келуі бойынша, сондай-ақ дауыс беру нәтижелері бойынша мәліметтерді нақтылайтын боламыз, - деп атап өтті брифингте Қазақстан орталық сайлау комиссясының төрағасы Қуаныдық Тұрғанқұлов.

Партиялық тізімдер бойынша сайланатын парламент мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауының түпкілікті қорытындыларын орталық сайлау комиссиясы аумақтық сайлау комиссияларының хаттамалары негізінде 2012 жылғы 22 қаңтардан кешіктірмей анықтауы тиіс.

Сайлаудың алдын ала ресми нәтижесі қаңтардың 16-ына қараған түні жарияланған экзит-пол қорытындысын қайталап отыр.

Сөйтіп, кезектен тыс парламент сайлауында билікке жақын үш партия: «Нұр Отан», «Ақ жол» және Қазақстан коммунистік халықтық партиясы жеті пайыздық межеден өтіп, парламенттен орын иеленді.

«ТЕҢДЕССІЗ САЙЛАУ»

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қаңтардың 16-ы күні парламент сайлауының алдын ала қорытындысы жарияланғаннан кейін «Нұр Отан» партиясы мүшелерімен кездесіп, өзі басқаратын партияның мүшелерін «сенімді жеңісімен» құттықтады.

Президенттің айтуынша, бұл «жариялығы, ашықтығы, тазу өтуі жөнінен теңдессіз сайлау болған». Ол Жаңаөзен тұрғындарының «сайлауға аса белсенділігін» де атап өтті.

- Біздің азаматтарымыз тұрақтылық, тыныштық, толеранттық, көп ұлтты халқымыздың достығы үшін дауыс берді. Тіпті Жаңаөзендегі оқиға бізді одан әрі біріктірді. Жаңаөзендіктердің өздері де өте белсенді дауыс берді, олар да біздің бағытымызды қолдады деп сенемін. Бұл қазақстандықтардың топтасқанын, олардың тұрақтылықты сақтауға деген ықыластарын білдіреді, - деді президент Нұрсұлтан Назарбаев.

Ресми дерек бойынша, Маңғыстау облысы бойынша сайлаушылардың 74,2 пайызы дауыс берген.
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:43 0:00
Жүктеп алу

«БҰРМАЛАУШЫЛЫҚТЫҢ КӨКЕСІ»

Парламент сайлауының алдын ала нәтижесі шыққанға дейін Азаттық радиосы Жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясының бас хатшысы Әміржан Қосановтан экзит-пол қорытындысына қатысты пікір сұраған еді. Ол экзит-пол нәтижесімен келіспейтінін айтып, «бұл - бұрмалаушылықтың барып тұрған көкесі» деп атады.

- Өйткені, бұған керек десеңіз, біз ғана емес, тіпті бізге немқұрайлы қарайтын адамдардың өздері күліп жатыр. Сондықтан мұның бәрі қазіргі таңда Ақорданың маңайындағы әлеуметтанушылардың тапсырма бойынша жарияланатын сайлау қорытындыларына алғашқы артиллериялық дайындық деп білеміз, - деді Әміржан Қосанов қаңтардың 16-сы күні Азаттық тілшісіне.

Ол кезектен тыс парламенттік сайлаудың алдын-ала қорытындысы бұрмаланатын болса, наразылық шарасын өткізетінін айтты.

- Біз алдын-ала қорытындысын күтеміз. Бірақ егер көпе-көрнеу бұрмалаушылық болатын болса, біз міндетті түрде наразылық акциясын өткіземіз. Оның формасын партия мүшелері өзара ақылдасып, шешеді, - деді Әміржан Қосанов.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕГІ ПІКІРЛЕР

Дүйсенбіге қараған түнгі сағат 12-ден кейін экзит-пол қорытындысы белгілі болғаннан кейін әлеуметтік желілерде интернет-қолданушылардың пікірлері пайда бола бастады.

Қазақстаннан тыс жерде жүрген оппозиция өкілі Ержан Досмұхамедов Азаттық тілшісіне Facebook ("Фейсбук") арқылы: «Кез-келген авторитарлы мемлекеттегідей нәтижесін алдын-ала болжауға болатын еді» десе, саясаттанушы Данияр Әшімбаев: «Жалпы мұндай көрсеткіштер болатынын күткен едім. Бірақ сайлауға бұдан да аз адам қатысады деп ойлаған ем» деп жазады.

Ал саясаткер Серікжан Мәмбеталин: «Енді ЖСДП митингпен жауап беруі керек немесе өздерін оппозиция емес екенін мойындаулары керек» деп жазыпты.

Белсенді интернет-қолданушы Тимур Бектұр Twitter-де («Туиттерде»): «Бейшара ЖСДП... Жылайтын болды тағы да...» деп жазса, Амангелді Құрметұлы есімді журналист «ЖСПД тағы алданды, билік ҚХКП орнына "Әділетті" өткізсе де ренжімес едік. Компартия деген атының өзі қазақтың құлағына түрпідей тиер» деп жазады.

Қаңтардың 15-і күні Қазақстанда кезектен тыс мәжіліс және мәслихат сайлауы өтті. Орталық сайлау комиссиясы оған сайлаушылардың 75 пайызы қатысқанын мәлімдеді.

Кезектен тыс парламент сайлауының түпкілікті қорытындысы осы аптаның ішінде шығуы мүмкін деп хабарланды.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG