Accessibility links

Саусақ шошайтқаны үшін сотталған қамаудан шықты


Қазақстан парламентінің сенат төрағасы Қайрат Мәмиге ортаңғы саусағын шошайтқан Қанат Шалахаев деп абақтыдан босатылған адам журналистерден қашып барады. Павлодар, 15 қаңтап 2013 жыл. Сурет журналист Есенбек Базарқұлдан алынды.
Қазақстан парламентінің сенат төрағасы Қайрат Мәмиге ортаңғы саусағын шошайтқан Қанат Шалахаев деп абақтыдан босатылған адам журналистерден қашып барады. Павлодар, 15 қаңтап 2013 жыл. Сурет журналист Есенбек Базарқұлдан алынды.

Павлодарда сенат төрағасының кортежіне ортаңғы саусағын көрсеткен жігіт бес күндік қамаудан шықты. Сот бұл әрекетті «ұсақ бұзақылық» деп, құқық қорғаушылар «көзқарас білдіруге тыйым салу» деп таныды.

Қаңтардың 15-і күні кешке 22 жастағы Павлодар тұрғыны Қанат Шалахаев қаладағы әкімшілік сот жазасын өтейтін мекемеден босап шықты. Алайда ол сыртта күтіп тұрған журналистермен сөйлеспей кетіп қалды.

«ҚОҒАМДЫҚ ТҰЛҒАНЫ ҚОРЛАУ»

Павлодарда парламент сенатының төрағасы Қайрат Мәмидің кортежіне саусағын көрсеткен Қанат Шалахаев қаңтардың 10-ы күні қамауға алынған еді.

- Қаңтардың 10-ы күні түскі сағат 14.00 шамасында аэропортқа барар жолда 1991 жылғы жас жігіт кетіп бара жатқан кортежге әдепсіз ишара көрсетіп, қоғамдық тұлғаның адами қадір-қасиетіне тиді, - деді Азаттық тілшісіне қаңдардың 14-і күні сот өкілі Үміт Жұматаева.
Сенат төрағасы Қайрат Мәмиге ортаңғы саусағың шошайтты деген Қанат Шалахаев қамауда отырған арнайы қабылдау орнының сырт көрінісі. Павлодар, 15 қаңтар, 2013 жыл.
Сенат төрағасы Қайрат Мәмиге ортаңғы саусағың шошайтты деген Қанат Шалахаев қамауда отырған арнайы қабылдау орнының сырт көрінісі. Павлодар, 15 қаңтар, 2013 жыл.

Оның айтуынша, жас жігіттің бұл қылығын кортежді шығарып салып тұрған, жолдың шетіндегі полиция қызметкерлерінің бірі байқаған. Павлодарлық азамат сотта «бұл әрекетінің әдейі жасалмағандығын» айтып, өз кінәсін мойындаған.

- Азаматқа әкімшілік кодекстің 330-бабы (ұсақ бұзақылық, яғни қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларды қорлап тиiсу, жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын, төңiрегiндегiлердi сыйламаушылықты бiлдiретiн басқа да iс-әрекеттер) бойынша айыпты деп танып, 5 тәулікке қамауға алынды, - дейді сот өкілі.

Бірақ Қайрат Мәмидің кортежіндегілер бұл жайттан бейхабар болып шықты. Бұл туралы Азаттыққа парламент сенатының баспасөз хатшысы Талғат Жұмағұлов айтты.

- Ондай ешқандай жайт болған жоқ, біз көрген де жоқпыз, сондықтан қандай да бір мәлімдеме жасай алмаймыз. Бұл туралы біз ақпарат құралдарынан естіп-білдік, - деді Талғат Жұмағұлов.

БАСТЫ ТАҚЫРЫП - ОРТАН ТЕРЕК

Қанат Шалахаевқа қатысты ақпарат шыққаннан кейін ортаңғы саусақ тақырыбы әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр.

Қолданушылардың бірі «Балаларға обал болатын болды. Жұртқа белгілі санамақтан «ортан терек» дегенді алып тастайтын болды. Қап...» десе, басқалары оны «қылмыскер саусақ» деп те атап жатты.
Қарапайым халық, үлкен-кіші лауазым иелерінің ары-бері, улатып-шулатып өтетін кортеждеріне дәл осылай реакция танытады.

Бұдан бөлек, көптеген Facebook қолданушылары саусаққа қатысты суреттер мен бейнероликтер орнатып қойды.

Құқыққорғаушы Андрей Гришин, павлодарлық азаматқа қатысты үкімді «көрнекі процесс» деп санайды.

- Қарапайым халық, үлкен-кіші лауазым иелерінің ары-бері, улатып-шулатып өтетін кортеждеріне дәл осылай реакция танытады. Меніңше кортеж әдеттегідей жол ережесін елемей, жоғары жылдамдықпен зулап өткен болар. Сондықтан оның артынан ортаңғы саусақты көрсету қылмыс емес. Ал бұл ишараға қатысты соттың реакциясы ақылға қонымсыз, - дейді құқыққорғаушы.

«САУСАҚ КӨРСЕТУ ҚЫЛМЫС ЕМЕС»

Ал заңгер Виктория Тюленева заңда саусақты көрсету қорлау ретінде көрсетілмегеніне назар аударады.

- Заңда қандай ишара қорлау, ал қайсысы қорлауға жатпайтындығы атап көрсетілмеген. Дәл мына жағдайды азаматтың өз ойын еркін білдіруге тыйым салу деп бағалауға болады. Бұдан бөлек, ол саусағын нақты кімге көрсетті – сенат төрағасына ма, оның көлігінің жүргізушісіне ме, әлде жалпы жол ережесін бұзғандарға ма, белгісіз. Дегенмен заңды қолданып жазалағысы келсе, 5 тәулікке қамауға алмай, ескерту берсе де жеткілікті болар еді, - дейді заңгер.
Ол саусағын нақты кімге көрсетті – сенат төрағасына ма, оның көлігінің жүргізушісіне ме, әлде жалпы жол ережесін бұзғандарға ма, белгісіз.

Алайда Павлодар облысы ішкі істер департаменті басшысы Сұлтан Құсетов, бұл жазаны «әділ» деп сипаттады.

- Қоғамдық орында жанындағыларды құрметтемегені үшін полиция қызметкері ол азаматты анықтап, әдейі жазалады деп есептеймін. Егер ертең сізге біреу ортаңғы саусағын көрсетсе, сіз қалай қабылдайсыз? - деді Құсетов жергілікті ақпарат құралдарының біріне берген жауабында.

Сұлтан Құсетов егер өздеріне «кез-келген азамат келіп, базбіреудің ортаңғы саусағын көрсеткені туралы арыз жазса, саусақ көрсетушіні жазаға тартатындарын» атап өтті.
XS
SM
MD
LG