Accessibility links

«Халық жауының» баласы репрессиядан зардап шеккенін «дәлелдей алмай жүр»


Петропавл қаласы тұрғыны Болат Мағазұлы әкесі Мағаз Сағындықовтың «Халық жауы» ретінде атылып кеткенін айтады. Павлодар, 20 маусым 2017 жыл.

1937-1938 жылдардағы СССР-де жүрген саяси репрессия – «Үлкен террорға» биыл 80 жыл толады. Осы ретте Азаттық репрессияға ұшыраған адамдардың ұрпақтарының бірімен тілдескен еді. Петропавл қаласы тұрғыны Болат Мағазұлының әкесі Мағаз Сағындықовтың «Халық жауы» ретінде атылып кеткен. «Бір жасында жетім қалған» ол репрессиядан зардап шеккенін дәелделдей алмай жүргенін айтады. Ал жергілікті прокуратура өкілдері мәселенің шешілмеуін заңға сілтейді.

«Халық жауы» деген жала жабылып, атылып кеткен Мағаз Сағындықовтың ұлы, қазір Петропавл қаласында тұратын Болат Мағазұлы әкесінен «бір жасында жетім қалғанын» айтады. Оның сөзіне қарағанда, жетімдік зардабы асыраушысынан айырылған шаңыраққа ауыр тиген, ал кейінгі ақтау туралы заңның «олқы тұстары кесірінен ол зардап шеккенін дәлелдей алмай жүр».

«ТОҒЫЗ ЖАСЫМНАН КОЛХОЗ ЖҰМЫСЫН ІСТЕДІМ»

Болат Мағазұлы Сағындықов репрессия зардабы туралы әңгімесін 1937 жылы отбасына түскен қуғын-сүргін нәубетін сипаттаумен бастады. Оның сөзіне қарағанда, әкесі Мағаз Сағындықовты «НКВД адамдары 1937 жылы қыркүйектің 20-сы ұстап әкеткен». Ол тұрмыс тауқыметін «9 жасынан бастап тартқанын», қандай моральдық күйзелістен өткенін:

- 1937 жылы, менің бір жасымда әкем «халық жауы» болып кетті. Содан өз қара басымның өмірі жарқын болған жоқ. 9 жасымда колхозға жұмысқа бардым. Өйткені шешем 37 жасында жесір қалды, мойнында 7 жетім қалдық, мал мүлкімізді тәркілеп әкетті. Әкемді ноябрь айында атып тастады. Бірақ оның атылғанын білгеніміз жоқ. Бізге 10 жылға сотталды деді. 10 жыл өткесін келеді ғой деп біз тостық, келмеді, – деп баяндады.

ВИДЕО: «Халық жауының» баласы Болат Сағындықовтың шағымы

Болат Сағындықов саяси қуғын-сүргін құрбандары ақталған соң, 1930-50 жылдары НКВД ғимараты тұрған орынға мемориалды ескерткіш орнату шарасына белсене араласқан.

- Осы жерде менің әкемнің де қаны тамды ғой. Сосын ойладым, менің жалғыз әкем емес, қанша адамдардың қаны төгілген жер ғой деп, топ құрдым дағы осы араға бір ескерткіш салайық деп жер сұрадық. Содан әуелі топпенен сұрадым іс шықпады. Сосын қоғамдық қор құрдым «Память» деген, ақыры 2012 жылы Петропавл қаласында жеті мың адамның есімі жазылған ескерткіш тақта орнатылды, - дейді ол.

Петропавлда 1930-50 жылдары НКВД ғимараты тұрған орынға қойылған саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалдық ескерткішті қарап жүрген адамдар. Петропавл, 20 маусым 2017 жыл.
Петропавлда 1930-50 жылдары НКВД ғимараты тұрған орынға қойылған саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалдық ескерткішті қарап жүрген адамдар. Петропавл, 20 маусым 2017 жыл.

Болат Сағындықовтың әкесінің репрессияға ұшырап, жетім қалған отбасының зардап шеккенін білетіндерін онымен араласатын адамдар да айтты. Мәселен жергілікті журналист Нұрсайын Шәріп:

- Мағаз Сағындықовтың колхозда қызмет атқарғанын, беделді адам болғанын қариялар айтып отыратын. Енді ол кезде саясаттың өзі сондай болды – сол кезде әрбір ауданға, әрбір ауылдарға, сонымен бірге облыстарға көршінің ақпаратымен осынша адамды әшкерелеу керек деген жоспар берген ғой. Яғни ол кісі - сондай жалған саясаттың құрбаны болған адамдардың бірі, - дейді.

«ЗАРДАП ШЕГУДІҢ» ДАУЫ

Ал Болат Сағындықовтың өзі саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы заң 1993 жылы сәуірде қабыланғанымен, оның әділетсіз тұстары бар» екенін айтады. Болат Сағындықов көрген қиыншылығы үшін қандай да бір өтемнің болғанын теріс көрмейді.

- Заң бойынша екі статус бөлінген. Біреуі құрбандар, олар - атылғандар, сотталғандар, «халық жауы» деп ат берілгендер. Екінші статус ол – зардап шеккендер. Зардап шеккендерге кімдер жатады? Ата-анасы репрессияға ұшыраған кезде 18 жасқа толмаған, сосын ата-анасының қарауынсыз қалғандар. Енді осы мәселе жөнінен кемшілік бар. Мысалы, мен бір жасымда қалдым әкемнен. Әкемді атып тастады. Менің «зардап шегушіге жатам ба?» деген сұрағыма прокуратура «жатпайсыз, өйткені әкеңді атты, шешең қалды» дейді. Значит сен шешеңнің қарауында қалдың дейді. Бұл – әділетсіздік, - дейді Болат Сағындықов.

Азаттық тілшісі Болат Сағындықовтың шағымына байланысты Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасына да хабарласқан еді. Облыс прокурорының көмекшісі Әмір Әбілмәжінов «әкесі сотталып, бірақ анасының қамқорлығында қалған баланың зардап шегушілер қатарына жатпайтынын» айтады.

Солтүстік Қазақстан облысы прокурорының көмекшісі Әмір Әбілмәжінов. Петропавл, 20 маусым 2017 жыл.
Солтүстік Қазақстан облысы прокурорының көмекшісі Әмір Әбілмәжінов. Петропавл, 20 маусым 2017 жыл.

- Бұл бір ерекшелік. Ол саяси репрессия құрбандарын ақтау жайындағы заңда қалай жазылса, біз қолданыстағы заңға солай жүгінеміз. Егер ата-анасының екеуі де немесе жалғыз асыраушысы сотталса ғана, ол зардап шеккен болып саналады. Бұл - өз алдына бөлек құқықтық мәселе. Егер ол ата-анасының біреуінің қамқорлығында қалса, ол зардап шегуші болып санала алмайды, - дейді.

«Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы» Қазақстанның 1993 жылы сәуірдің 14-і қабылдаған заңында зардап шегуші деп ата-анасынан қатар айырылған балалардың саналатыны жазылған. Заң сөйлемі былай құрылған: «саяси қуғын-сүргiндерден зардап шеккендер ретiнде ата-аналармен немесе олардың орнындағы адамдармен бiрге бас бостандығынан айыру орындарында, айдауда, жер аударуда немесе арнайы қоныс аударуда болған саяси қуғын-сүргiндер құрбандарының балалары, сондай-ақ қуғын-сүргiн кезiнде 18 жасқа толмаған және оның қолданылуы нәтижесiнде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған саяси қуғын-сүргiндер құрбандарының балалары танылады».

Республикалық ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандары қоғамдық ұйымы төрағасы Жұмабек Ашуұлы «репрессияға ұшыраған адамдардың ұрпақтарының барлығы да зардап шегуші болып танылуы керек, ал анасы тірі болды деп оны зардап шегуші ретінде мойындамау дұрыс емес» деп санайды.

- Заңда енді осындай бір қайшылық бар. Біз оны айтып жүрміз. Анасымен бірге қалды деу дұрыс емес. Оның көрмеген қорлығы жоқ болуы мүмкін. Заңға қосымша осыны кіргізген жөн, - дейді қоғамдық белсенді.

Жұмабек Ашуұлы.
Жұмабек Ашуұлы.

Репрессияға ұшыраған, кейіннен ақталған адамдар Қазақстанда тұрғын үйдi кезектен тыс алуға, селолық жерлерде тұратындары тұрғын үй салу үшiн процентсiз қарыз алуға және құрылыс материалдарымен кезектен тыс қамтамасыз етiлуге құқылы және олардың ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалары ретінде зардап шеккендер санатына жатқызылған азаматтарға белгілі бір көлемде ақшалай өтемақы беріледі. Мұндай адамдарға көрсетілетін әлеуметтік көмектің түрлері жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы заңда көрсетілген.

Тарихшылардың айтуынша, 1937-38 жылдардағы саяси қуғын-сүргінде Қазақстан аумағында 120 мыңнан астам адам репрессияға ұшыраған. Тек Солтүстік Қазақстан облысында жеті жарым мыңнан астам адам қуғындалған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG